Өлеңдер ✍️
АҚ ОРАМАЛ
Бүгін – 1 ақпан – халықаралық орамал күні екен. Бұл күні күллі әлемнің қыз-келіншектері мұсылман қыздарды қолдау мақсатында бастарына орамал тағып шығып, құрмет көрсетеді.
Сөздің реті келген соң айта кетейік, ертеректе жазылған «Орамал» деген өлеңімді оқырман қауым жақсы біледі, жастар жатқа оқиды. Осы тақырыпта 2015 жылы жазылған, жаңадан шыққан «Жекебатыр» атты кітабымда жарық көрген екінші өлеңім – «Ақ орамалды» жариялаудың сәті түсіп тұрғандай. Ару қыздарға, ардақты аналарымызға, әркімге еліктемей, қазақы салт-дәстүрді берік ұстанған иманды, ұятты әйелдерге арналған өлеңімді қабыл алыңыздар! Құтты болсын! Мерекелеріңізбен!
АҚ ОРАМАЛ
Ақ орамал, әдемі ақ орамал,
Пәле менен жаладан пана болар.
Отбасыңа бақ тілеп, анам тақсын,
Құтты болсын, ырымдап ал, орап ал!
Әдеп-ғұрпын қазақтың саралап ал,
Сәлем етсең, ол дағы бағаланар.
Анам саған тапсырған аманат қып,
Отбасыңның байрағы ол – ақ орамал.
Қыздар деген – құдды бір ақ орамал,
Жігіттер де жақсысын қарап алар.
Орауы бар сыртында сыйлық сынды,
Орамалды қыз қымбат бағаланар.
Бес жүз түрлі базарда бар орамал,
Құны қымбат, бағалы қалы орамал.
Қалың, жылы, шашақсыз салы орамал,
Ақ түбіттен тоқылған шәлі орамал.
Қыз жігітке сыйлайтын шәйі орамал,
Алтын түстес парша мен пайы орамал.
Шаршы орамал, шыт, шұға, дабы орамал,
Көңіліңе жағады қай орамал?!
Ақ орамал, киелі бақ – орамал,
Ар-ұятты әйелге ғана қонар.
Анаңдай бол, сен дағы әжеңдей бол,
Мәңгі-бақи жарына адал олар.
Қап-қара ғып бұл күні бәрі оранар,
Ұлтымызға бір күні бәле болар.
Араб емес, қазақтың қызысың ғой,
Қара емес, біздікі – ақ орамал!
Жан болмасын өсектеп, жала жабар,
Түспесінші басыңнан ақ орамал.
Тартқызбасын қан жұтып, қайғы-уайым,
Таққызбасын Құдайым қара орамал!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter