07.06.2021
  308


Автор: Жібек Ысқақова

ҒАЖАЙЫП ӘДЕМІ -ТҮРКІСТАН ӘЛЕМІ

ҒАЖАЙЫП ӘДЕМІ, ТҮРКІСТАН ӘЛЕМІ
(Түркістан қаласының өткені мен бүгіні)

Бар әлемді тамсандырған-Түркістан.
Барша жанға ән салдырған-Түркістан.
Облыс болдың, жайнай берші тек қана,
Бір сен үшін жаным құрбан-Түркістан...
Жібек Искакова

Түркістан атауы тарихи деректер бойынша "түркілер елі, мекені" дегенді білдіреді. Қаланың іргетасы сонау 5-6 ғасырларда қаланып, қала атауы бірнеше рет өзгерген, Ясы, Шавғар(Шауғар). Шауғар сақ тілінде Қаратау деген мағынаны білдіреді екен. Тарихи деректерге сүйенсек Түркістан қазақ хандығының астанасы болған тарихи, мәдени қала. Сонымен қатар бұл қалада сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешімдер қабылданған. Атына заты сай көптеген ұлы тұлғалар дүниеге келген ғажайып қала.
Түркістан жайлы айтсақ әрине бірінші болып Қожа Ахмет Ясауи кесенесі көз алдымызға келері анық. 12 ші ғасырда сопылық ілімі бар Қожа Ахмет Ясауи осы қалада жерленді. Ясауи өмірден өткен соң қабірінің басына үлкен мазар салынады, кейіннен мазар көптеген мұлсылмандардың зиярат ететін орнына айналады. Бұл кесене 14 ші ғасырдың соңына қарай тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Ясауи кесенесінің тұрғызуға ұйтқы болған Әмір Темір болатын. Ясауи кесенесін тұрғызбай тұрып, Ясауидің ұстазы Арыстанбаб кесенесін бірінші тұрғызған деген деректер де жоқ емес. Яғни, Ясауи кесенесін тұрғызған кезде оның іргетесы, дуалы құлай берген көрінеді, сонда Әмір Темірдің түсіне аян берген екен, "бірінші ұстазым Арыстан баб кесенесін тұрғыз"- деп. Содан кейін ғана Ясауи кесенесі тұрғызылған көрінеді. Осыған орай халық арасында "Арыстанбабқа барып түне, Ясауиден тіле" деген сөз тарап кеткен екен...
Тағы да тарих парақшасына үңілер болсақ 16 ғасырдың соңына қарай Сырдария бойындағы Сығанақ өзінің бұрынғы маңызын жоғалта бастады, ал Түркістан Ясауидей зәулім кесенесінің арқасында орта Азияның рухани орталығына айналған болатын. 1598-1628 жылдары Есім хан Ясыны Түркістан деп атап, оны Қазақ хандығының орталығы етті. Қазақ хандары 18 ғасырдың соңына дейін билік құрды.
Тағы да бір қызық дерек, қаланы Тәуке хан басқарып тұрған кезде 1916 жылы Қазақ жеріне Ресейден елшілер келген екен, Тәуке хан елшілердің іс-әрекетін ұнатпай қалады, себебі елшілер ханның бас киімін шешуді талап еткен екен. Ресейде патшаның бұйрығын тек бас киімді шешіп отырып қана тыңдау керек деген тәртіп бар екен. Ал Тәуке хан болса, "қазақтар тіпті намаз оқығанда да бас киімін шешпеген"- деп талаптарын орындамаған екен. Қазағымыздың ерекшелігін осы жерден де айқын көре аламыз...
Тарихи-мәдени "Әзірет-Сұлтан" қорық мұражайында 164 атақты тұлғалар жерленген. Кесенеде қазақтың Қаз дауысты Қазыбек биі, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Шығай хан, Жәңгір хан, Қанжығалы Бөгенбай, тобықты Мамай, қоңырат Сырғақ жатыр.
1991 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің негізі қаланып, қазіргі таңда еліміздегі жетекші білім ордасына айналды. Ал 2000 жылы Юнеско шешімімен Түркістан қаласының 1500 жылдығы бүкіл әлемдік деңгейде аталып өтілді...
2018 жылы, 19 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев " Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы" заңына қол қойды, яғни, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіріліп, "Түркістан обылысы" деп аталды. Сол уақыттан бері, құрылыс қарқынды жүріп қалада түрлі нысандар көтеріліп, биік ғимаратты үйлер салына бастады. Қазіргі таңда Түркістан қаласы күн өткен сайын ажарлана түсуде. Болашақта Түркістан жері рухани, киелі, шет елдерден көптеген туристер келетін ғажайып мекенге айналары сөзсіз екені рас. Осы орайда ақын Мағжан Жұмабаевтың Түркістан туралы мына өлең шумағы есімізге түскендей:

Түркістан екі дүние есігі ғой,
Түркістан ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңір берген несібі ғой.

Болашағың жарқын болсын Түркістан, тек қана алға!

Түркістан қаласы. Ғажайып Қазақстан-2050 жұрналының меншікті тілшісі: Жібек Искакова



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу