07.06.2021
  344


Автор: Жібек Ысқақова

АБАЙ ДАНА, АБАЙ-ДАРА ҚАЗАҚТА!

АБАЙ-ДАНА, АБАЙ-ДАРА ҚАЗАҚТА!

"Абай-дана, Абай-дара Қазақта,
Өлең-сөзін арнаған бар Қазаққа.
Біздің Абай, бізге мұра әр сөзі,
Жалын берер, қуат берер Қазаққа.

Жазбаларын аударып жатыр шет елдер,
Ақымақ жан мұның бәрін бекер дер.
Мақтанамыз Ұлы ақын Абаймен,
Қазағымды алға қарай жетелер"...

-деп, сөзімнің кіріспесін осы екі шумақ өлеңіммен бастағанды жөн көрдім, себебі, расыменде біз, Қазақ елі Ұлы ақын, Һәкім Абаймен мақтанамыз.Ұлы ақынымыздың өлеңдерінен ғана қазағымның әрбір жері, шырайлы да көз тартар табиғаты, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, қазағымның бүгіні мен ертеңі, өмір шындығы, ұлттық ерекшелік қасиеттері тайға таңба басқандай дараланып көрініп тұрады. Абайдың өзін көрмесекте, көргендей болып, сөзін оқу арқылы, өлеңдерін жүрекпен жатқа оқыған сайын, сана сезімдерді оятып, адамгершілік тұрғыда өз-өзімізді тәрбиелеп, өмірлік азық ала аламыз деп ауыз толтырып айта аламыз. Себебі Абай атамыздың 19-20 шы ғасырларда қазақ әдебиетіне еткен әсері өте мол. Қазақ әдебиетінің жаңғырып, қарыштап дамуы осы Абай атамыздың өлеңдері мен қара сөздерінен бастау алғандай. Абай өлеңінің арнасымен, ағартушылық турасында көп өлеңдер жазған ақындарымыз да жоқ емес. Әсіресе, осы тұрғыда, "Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен"- дейді Мұхтар Әуезов. Абай мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов мақалаларынан бастау алған. Оған Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы "Қазақ" газетінде басылған "Абай қазақтың бас ақыны" атты мақаласында: "Одан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ" -деп ақын Абайды аса жоғары бағалағаны дәлел.
Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінен ақ ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды.
"Абай философиясын" "діншілдігі басым әдеттегі біржуазиялық идиолистік философияның жалмап-жасқаған бір түрі"- деп дәлелдемек болушыларда табылды. Бірақ Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ільяс Жансүгіров, Құдайберген Жұбанов, Сұлтанбек Қожанов сынды қоғам қайраткерлері Абайдың ақындық мұрасын шабуылдардан қорғап, мақалалар жазды. Абай өлеңдерінен, жазбаларынан сусындаған көп ақындар, жазушылар Абай мұрасын өнеге етіп, ұрпақтан ұрпаққа өз жазбаларымен жеткізу арқылы, Ұлы Абай қазағымыздың мақтанышы екенін көрсете білген. Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романын әрбір қазақ баласы оқып, үлкен құрметпен шаңырағының төрінде сақтайтын болса, қазақтығымызға теріс пиғылды іс әрекеті бар, сананы жаулайтын кертатпа әрекеттер кедергісін тигізе алмасы анық.

Осы жерден сәл тоқталып, Абай атамыздың өмірібаяны жайлы аз кем айтар болсақ, Ұлы ақын, ағартушы, философ компазитор, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, реформатор Абай (шын есімі Ибраһим) 1845 жылы Шыңғыс тауды жайлаған орта жүз, тобықты арғын руында дүниеге келген. ("Ұлы ақын, ағартушы, философ, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ әдебиетінің негізін салушы, реформатор"- осыларды оқып отырып ақ, Абай атамыздың қандай адам болғанын, елге қандай еңбек сіңіргені жайлы көз алдымызға елестете аламыз.) Абай атамыз ел анасына айналған Зере әжесінің аңыз-әңгімелерімен сусындап, сөзге шебер Ұлжан анасының тәрбиесінде өсті. Жастайынан өлең-сөзге жақын болған Абай атамыз 10 жасынан бастап өлең жаза бастады. 13 жасынан бастап ел басқару ісімен айналыса бастаған. Тағы да қызықты деректерді айтатын болсам, Абай атамыздың ең алғашқы махаббаты Тоғжан болған, 1860 жылы Ділдәмен 15 жасында отау құрып, 16 жасында Әке атанады... Ал ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы-"Қансонарда" сонымен қатар ерекше көзге түсетін, көркемдік бітімі жағынан ерекшеленіп тұратын "Сегізаяқ", "Қансонарда шығады бүркітші аңға", "Қалың елім қазағым, қайран жұртым", "Желсіз түнде жарық ай" атты үздік туындыларын айтпай кету мүмкін емес... Сонымен қатар, Абайдың қара сөздерінің өзі қандай көркем десеңізші, әрбір сөзі дәлме дәл, нақпа нақ шындықты айқындайтын сөздерден құралған. бұл әрине, қысқартылып жазылып отырған дүние, Абай атамыз жайлы айта берсек күн күндемей, айда өтіп, жылдың өзі аз болары анық...
Ақын Абайды қалай дәріптесекте жарасады, оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы тек біздерге, қазақ еліне ғана емес жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың білім мен ғылым, адам мен қоғам, табиғат пен қоршаған орта, дін мен дәстүр, тіл мен қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпақ емес. Өйткені ақынның мұрасы-бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Абай қазақ елімен бірге мәңгілік жасай беретіні анық. Қазақ елі барда қанша жыл, қанша ғасыр өтсе де Абай есімі мәңгілік асқақтай бермек.
"Терең ойдың түбінде теңізі бар,
Тесіле көп қараса көңіл ұғар." -Деп жырлаған Абай ата өлеңінен,
Үміттеміз, сүбелі сөз бізге жұғар...

Енді Торқалы той жайына қарай ойыссақ. Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы 2020 жылы өтеді. Қазақстан Республикасының президенті Қасымжомарт Тоқаев 2019 жылдың мамырында Абай Құнанбайұлының "175 жылдығы" мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу жарлығына қол қойды. Мерейтойды жоғары деңгейде өткізу үшін арнайы комиссия құрылып, жалпы Республикалық жоспары бекітілді.
Биыл ақынның 175 жылдық мерейтойына орай халықаралық, республикалық және аймақтық 500 ден астам іс-шара ұйымдастырылып, тамыз айында Семей қаласында Юнеско-мен бірлесіп өткізілетін "Абай мұрасы және әлемдік руханият" атты халықаралық ғылыми, практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай ақ қазан айында Нұр-сұлтан қаласында "Абай және рухани жаңғыру мәселелері" деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Ең маңызды жобалардын бірі ақын атамыздың шығармаларын он тілге аударып басып шығару. Сонымен бірге Абай атамыздың мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильмдер мен теле сериалдар түсірілетін болады.
Әрине дәл қазіргі 2020 жылдың ең қасіретті індеті бүкіл дүние жүзі, әлем адамдарын үйге тығып, "карантин" етіп отырғаны сәл кедергі болғанымен Абай атамыздың "175 жылдығы" әр жерлерде, телеарналар мен газет, журнал жазбаларында барынша аталып, дәріптеліп жатқаны қуантарлық жағдай. Абай Құнанбаев жайлы сайыстар мен сұрақтар онлайн түрде іске асып, жастар арасында үлкен ізденістер орын алуда. Бұл індеттің өзі Абай атамызды дәріптеуді тоқтата алмайды деген сөз емес пе?! Тек осы жыл ғана емес, әр атқан таң, батар күнде Абай Құнанбаевтың қара өлеңі мен қара сөздерін жанға азық етіп жүрер болсақ Қазақ елінің болашағы жарқын болары анық.
Биыл, 2020 жылы, 10-шы тамызда Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Торқалы той құтты болсын Қазақ елі. Һакім Абай 1904 жылы, 6-шы шілдеде 58 жасында қайтыс болғанымен, Абай атамыз Қазақ елімен бірге мәңгі жасайды. Қазақ елінің мақтанышы, Ұлы Абайды әрбір күні дәріптей жүрсек, жастар жағына, болашақ ұрпақтарға жөн сілтейтіндей із қалдыра білсек біздің әдебиетіміз бен салт-дәстүр, мәдениетіміз жойылмақ емес.
Торқалы той құтты болсын Қазағым,
Таусылмасын базарың мен ажарың.
Ұлы Абай өлмейді, мәңгі жасайды,
Өзің барда кең пейілді Қазағым!

Қазақстан Республикасының президенті Қасымжомарт Тоқаевтың мына сөзімен қорытындыласам:
"Абай арманы-халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі 21 ші ғасырдағы Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді".

Түркістан қаласы. Ғажайып Қазақстан-2050 жұрналының меншікті тілшісі: Жібек Искакова



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу