06.06.2021
  197


Автор: Асқар Тоқмағамбетов

Ағаш атқа жіп құйысқан

Серікбайдың сергелдеңге түсуі оп-оңай болды. Біресе отырды, біресе тұрды, тамақ та сіңбеді, ұйқы да жоқ, ойланып жүр. Ол күбірлеп:


— Парта парта ғой, стол - стол ғой, телефон телефон ғой... — дейді өзіне өзі мақұлдатып. Түгелдей жұмбақ.


Серікбаев осыларды қайталап айтып, енді олардың бас басына тоқтайды. Сонда ғана аздаған түсінік пайда болады да, шытырманда кетеді.


— Мысалы партаны алайық. Партаның аты парта - ақ болсын. Ал оның фамилиясын кім деп қоямыз? Егер осы партаның шыққан тегін алсақ, ағаш емес пе? Онда оның фамилиясы "Ағашбаев" болмай ма? Бірақ, ағаш болғанда қай ағаш? Қара ағаш па, қарағай ма, қайың әлде терек пе? — деп Серікбаев осыған да қиналды. — Олай болғанда столдың да фамилиясы "Ағашбаев" емес пе? Онда партамен екеуі шатасып кетпей ме? Мейлі бұлар солай-ақ болсын. Сонда телефонның фамилиясы кім болғаны?


Серікбаев осыған келгенде қатты қысылды. Ет жемей-ақ, сорпа ішпей-ақ терлеп тұр. Күннің суығы да кәр қылатын емес. Бұйрықтың күштілігі қыстан да қатты болғаны да...


Мектеп болған соң онда бәрі бар. Балта, кетпен, орақ, балға тағы басқа толып жатыр. Жомарттың бұйрығы бойынша осының бәрінің атын тауып, фамилиясын қойып, өткен жылдың инвентарлық есебін беру керек. Срок тығыз, бас-аяғы ертеңгі сағат 10.


Серікбайға орақ, балға, кетпен, балталардың фамилиясын табу оңай болып тұр. Өйткені олардың бәрінің шыққан тегі бір, темір. Сондықтан да олардың бәрінің аттарын бөлек-бөлек жазып келіп, "Темірбаев" деп қоя салғысы бар. Бірақ, әлгі айтқандардан телефонның фамилиясын табу қиын. Олар бір заттан емес, әр заттан құралған, онда ағаш та, темір де, топырақ та бар. Будандасып кеткен заттар — ата тегін табу жұмбақ.


Серікбаевты сергелдеңге салған осылардың ата тегі. Ол толып жатқан фамилияларды атап көрді. Әсіресе телефонға іздеген фамилиясы қызық болды. Телефонның тікелей тегін таппаған соң "Почтабаев" деп те байқады, бірақ ол оған ұнаған жоқ. Қазақ "сыммен сөйлесті" дейтін еді деп, "Сымбаев" деп те көрді, бұ да қолайлы болмады. Ақырында телефон деген қатынастың бір түрі ғой деп "Қатынасбаев" дегісі де келді, онан да түк шықпады. Ақырында Серікбаев шалқасынан жатып алып, өздерінің ауылдағы істеген инвентарлық актілерін көз алдына келтірді.


Бұлардың актілері жаман жазылған жоқ еді. Онда мектепте қанша парта, қанша стол, қанша балта, неше балға, орындық, шкаф бар. Барлық инвентарь аталып жазылған, оны растап 5 адам комиссия қол қойған, мөр де басылған.


Әңгіме тек бас бухгалтер ойлап шығарған формамен жазылмаған актілерден шықты. Жомарттың жұмырығын түйіп, столды сабалап ақырғанда формасына сәйкес жазылмағаны болды. Серікбаев оған көне қоймап еді: әріп кемірген бюрократ Жомарт жұмырығын көтерді де столды қойып-қойып қалды. Сыйлар шырылдап көтеріліп, лоқсып құйылып төгіліп жатыр, қаламдар пырылдап ұшып аспандап жүр. Ол бұйырып тұр: — Қалай жазсаң олай жаз, онда менің жұмысым жоқ. Ертеңгі сағат 10-да осында боласың. Акты менің алдымда жататын болсын. Форма мынадай: (сөзбе сөз көшірілді).


— Міне осы сұрақтарға бұлжытпай, тапжылтпай тұрып жауап бер.


— Адам емес, ең арғысы ат емес, атан емес, қалай болады онда?


— Онда менің жұмысым жоқ.


— Ауыл алыс, 40—50 километр. Қалай мен ертеңгі сағат 10 да...


— Онда менің жұмысым жоқ.


— Қол қоятын комиссиялар да ауылда қалды. Қалай ертеңгі сағат 10 да...


— Онда менің жұмысым жоқ.


Аудандық оқу бөліміндегі бас бухгалтер Жомарт осылай бұйырды да, мектептің бухгалтері Серікбаев осылай жауап қайтарды. Әңгіме осымен бітті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу