Адам қасиеттері туралы мақал-мәтелдер
Білген адам тауып айтады,
Білмеген адам қауып айтады.
Базарда мың кісі бар,
Әркім сүйгеніне сәлем берер.
Кісі болар баланың
Кісімен ісі бар,
Кісі болмас баланың,
Кісіменен несі бар.
Дүниеде тас қатты,
Тастан да бас қатты.
Адам құлақтан азады,
Көңілден семіреді.
Жігіттің құны жүз жылқы,
Ары мың жылқы.
Адал адамның аты арып,
Тоны тозбас.
Адам деген ардақты ат.
Әдептілік ар-ұят –
Адамдықтың белгісі,
Тұрпайы мінез, тағы жат –
Надандықтың белгісі.
Адаспаймын деген адам
Талтүсте адасады.
Төсектің тарлығы тарлық,
Көңілдің тарлығы қорлық.
Әрі жат, бері жат –
Төсек тарлығы.
Секіні-менікі –
Көңіл тарлығы.
Дүниеқор – дүниенің құлы.
Ақылың болса арыңды сақта,
Ар-ұят керек әр уақытта.
Сайлау жердің ағашы,
Сабырсыз ердің сазасы.
Кісі аты тершең,
Кісі киімі кіршең.
Тау тауға қосылмас,
Адам адамға қосылады.
Кісідегінің кілті аспанда
Мұртқа өкпелеп жүргенде
Сақал шықты.
Адам қатасыз болмас,
Көл бақасыз болмас.
Аштан өлген кісінің
Моласы жоқ.
Болған кісі болдым демес,
Болдым десе болғаны емес.
Ай толғанын білмес,
Жігіт болғанын білмес.
Атаңның баласы болма,
Адамның баласы бол.
Жақсы адам – елдің ырысы.
Жақсы жер – жанның тынысы.
Бір кісі мың кісіге олжа салар.
Адам аласы ішінде,
Мал аласы сыртында.
Ақ жүрген адам азбас.
Қошқар болар қозының
Маңдай жағы дөң келер,
Адам болар баланың
Етек-жеңі кең келер.
Адам болатын бала
Алысқа қарайды.
Әркім сүйгенінің құлы.
Ақылды адам айтқызбай біледі,
Ақ сұңқар қаққызбай іледі.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын.
Аш адам ұрысқақ,
Ақсақ қой тырысқақ.
Алаған қолым береген.
Біреуге мал қайғы,
Біреуге жан қайғы.
Табы бірдің – тәңірісі бір.
Сыртың сайлы болғанша
Ішің майлы болсын.
Көре-көре көсем болады,
Сөйлей-сөйлей шешен болады.
Адамның жүрген жері гүлстан.
Ақылсыз адам айқайлай келеді,
Жан-жағын жайпай келеді.
Ақылды адам жай, жай келеді,
Жан-жағын байқай келеді.
Жолдасты жол айырады.
Адамның күні адаммен.
Қарау адам күншіл,
Мекер адам міншіл.
Сырты жалтырауықтың
Іші қалтырауық.
Арық айтып, семіз шық.
Жерік талғамайды,
Ашық алдамайды.
Жаным десе жан семірер.
Көз – нұрдың ұясы,
Көңіл – сырдың ұясы.
Адамның жүрген жері – абат.
Қатты жауған күн,
Тез ашылады;
Қатты ашуланған кісі,
Тез басылады.
Адам жүрген жермен адам жүреді,
Біреу білмегенді, біреу біледі.
Аты-тоны бар кісіде,
Әзіретәлінің күші бар.
Ат аяғынан семірер.
Адам құлағынан семірер.
Өзі отырған адам,
Келгенге орын берер.
Екі кісі қағысса,
Бір кісілік орын бар.
Құнды жоқ кісі,
Көсеуменен қамшылар.
Адам сөйлескенше
Жылқы кісінескенше.
Бұрынғының кісісі –
Бүгінгінің кішісі.
Біз де кісі болармыз,
Атқа кісен салармыз.
Кісі болар баланың
Кісесінен белгілі,
Ат болатын құлынның
Мүшесінен белгілі.
Адам көркі шүберек,
Ағаш көркі жапырақ.
Кісінің көзіне көзің түссе,
Көңлі жібіп, мейірі түсер.
Саналы адам
Сағыңды сындырмас,
Санасыз адам
Жағыңды тындырмас.
Екі аяқты адам түгіл
Төрт аяқты мал да ақсайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter