Өлеңдер ✍️

  01.06.2021
  172


Автор: Кенен Әзірбаев

Бұлбұл мен көкек

(мысал)

Саяда бұлбұл тұрса сайрап әнге,
Ұйытып жан-жануар күллі әлемге,
«Көк - көк» деп таста отырған тау көкегі,
Мақтанды ұялмастан жалғыз әнге.
К ө к е к:
Ау, бұлбұл, көрінсеңші, үнің өшкір,
Дүниеден жасырынып күнің өткір!
Күн-түні көз ілмейсің қақсап босқа,
Гүл құсап үш күн жайнап мүрдем кеткір!
Б ұ л б ұ л:
Мақтаншақ, тәкаппарсың, көкек есер,
Қарғысың маған айтқан тасты тесер,
Әуелеп аспанға айтқан жалғыз әнді,
Шақырып өз атыңды жүрсің бекер.
К ө к е к:
Ай, бұлбұл, не табасың қақсағанмен,
Гүлді аңдып күні-түні аңсағанмен.
Салқын тау, қарағай мен қайың менде,
Мәртебең биік емес таста менен.
Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, өзіңді өзің атап жүрсің,
Қарлы тау, ескі қорған қонып жүрсің.
Мақтаған өзін - өзі өлгенмен тең,
Әнің мен өнеріңді әлем білсін.
К ө к е к:
Тау-тасты жаңғыртады менің үнім,
Келеді, бұлбұл, саған қатты жыным.
Аспанда ұшып жүріп ән салмайсың,
Дала мен қалада өтті-ау қайран күнің.
Б ұ л б ұ л:
Ай, көкек, сен - ақ алшы таудың басын,
Қайырсыз сараң байдай қар мен тасын.
Құр айғай құлақ құршын қандыра ма,
Сүйкімсіз «көк - көк» — деген жалғыз даусың.
К ө к е к:
Не залал көрдің, бұлбұл, тау басын,
Аққан су пайдаландың жар тасынан.
Қарағай, қайыңдардан үй салды адам,
Асылдың бәрі тауда, білші, антұрған.
Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, жалғыз әнмен оңалмайсың
Дала менен қаладай бола алмайсың.
Тасың табан астымда, суың сусып
Бау-бақшадай баспана таба алмайсың.
Жан-жануар әнімді әлем сүйген
Менімен айтысуға ұялмайсың.
К ө к е к:
Тау, таста арқар, құлжа, барысым бар,
Ақиық, қасқыр, қаблан танысым бар.
Қарағай, қайың, арша, қалың шырша,
Әнімді сүйіп тыңдар дауысым бар.
Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, есің болса ерегіспе,
Әншімін деп мақтанба, бөсіп - іспе.
Қар жауып, мұз қатқанда тау басына,
Көрермін салғаныңды көкек әнге!
К ө к е к:
Ай, бұлбұл, мен кеткенде сен қайдасың,
Өлмейтұғын тапқанда жан айласын.
Қыс тұрмақ, жазғы шілде түскен кезде,
Гүл тұрмақ «күң - күң» етіп тіл байлайсың,
Өзіңе келер сөзді маған айтып,
Айрылып көп өп күйден тың тыңдайсың.
Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, сен де өлесің,
мен де өлемін,
Армансыз араладым жер көлемін.
Бұлбұл деп атым қалды күллі әлемге,
Ұрпақтар үлгі етсе неге өлемін?
«Көкек» деп өз атыңды қақсағанмен,
Әніңді ел айтқанын мен көрмедім.
Тәкаппар, мақтаншақтың аты қалмас,
Халық өзі бағалар тартып алмас.
Еңбек жерде қалмайды ерінбесең,
Жаман ат, жақсы атты сатып алмас.
Сайрадым жаз айында маужыратып,
Күллі әлем, жан-жануар таңырқатып.
Ұшқан құс, жүгірген аң, аққан сулар,
Адамды әнімменен балбыратып.
К ө к е к:
Ау, бұлбұл, сен де әнші,
мен де әнші
Әйтеуір мен де жыршы, сен де жыршы.
Бозторғай екеумізден үлгі алып,
Әуелеп ұшып, парлап әнге салшы.
Көрініп көзге түссең сұқ бола ма,
Сұр шымшық, өз мініңді қарасаңшы!
Б ұ л б ұ л:
Ау, көкек, мойның қисық, мұрның кейкі,
Өзіңнен көрінбейді әнші кейпі,
Бозторғай меніменен тектес әнші,
Сүйкімді әніменен елге көркі.
Көкекті әнші екен деп кім айтады?
Шындық пен кім жеңеді әділетті,
Қараторғай, қарлығаш, сандуғаштар,
Маған жолдас шәкіртім аузы епті.
...Мақтаншақтың «әкесі» көкек екен,
Өз атын өзі атап ұшып кетті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу