Өлеңдер ✍️

  01.06.2021
  134


Автор: Кенен Әзірбаев

Үмбеталы дүние салғанда

1969 жылы халық ақыны Үмбеталы Кәрібаев қайтыс болып, бұл хабарды Кененге ақын Әсімхан Қосбасаров келеді

Ә с і м х а н
Мен келдім Қордай аудан Кировіне,
Ақынның ішіндегі жүйрігіне.
Үмбеталы екеуің тең, өсіп ең,
Көп тұрмын Үмбет жайын білдіруге.
Ән қосқан бозторғайға Кенен едің,
Өлең мен домбыраның кемелі едің.
Айтпай-ақ ендігісін түсінерсің,
Қолайсыз бір жұмыспен келген едім.
Кенен мен Үмбеталы қарттарымыз,
Жамбыл мен Сүйімбайға тартқаныңыз.
Кешегі бала күнгің ойыңда ма,
Айқасып бір төсекте жатқаныңыз.
Домбыра сіздер алған мен де ұстадым,
Ақынсыз болмасын деп арт жағыңыз.
Сол Үмбет қайтыс болды өткен кеште,
Түс ауа демі бітіп сағат бесте.
Көзінің тірісінде тапсырып ед
Кенендей сәлем айт деп тетелеске.
Аттанды бұл дүниеден Үмбеталың,
Кеп тұрмын сол хабарды салғалы еске.

С о н д а К е н е н:
«Қайран Үмбеталы-ай!.. Қазақстанда өлеңнің бір бұлағы кеміп қалды-ау!» деп, қамығып қолына домбырасын алады.

Сайраған Алатаудың бұлбұлы едің,
Арыны басылмаған дүлдүл едің.
Сүрінген қапылыста, асыл Үмбет,
Ақынға әрбір сөзі үлгілі едің.
Жасыңнан даңқың шыққан Үмбет едің,
Жеріңе жүрген - тұрған міндет едің.
Түлкі қуған қияда қырандай-ақ
Апарып өз ініне індететін.
Жорғаңды салдырушы ең талай топқа,
Түсуші ең айтыс десе жанған отқа.
Топырақ саған барып сала алмадым,
Кездестің сырқау болып халім жоқта.
Кәрілік біздерге де келіп қалды,
Басылып су сепкендей желік қалды.
Тең өскен Жетісуда Үмбеталы ең,
Өлеңнің бір бастауы кеміп қалды.
Доқтырдан бес күн болды келгеніме,
Қайтарды дәрі беріп емдеді де.
«Қара жорға» деуші еді Жамбыл марқұм
Жорғаны сұм ажалдың жеңгені ме?
Шіркін-ай, қуат барда талай рет
Жарап ек көпшіліктің ермегіне.
Несіне оның бәрін тәптештейін,
Ақыннан саған қайда тең келуге.
Сене алмай дал-дал болып мен отырмын,
Сенді не, амал қанша, сенбеді не...
Шырағым Әсілханжан, ризамын,
Қастектен ат терлетіп келгеніңе.
Мен - дағы ауру шалдың бірі болдым,
Білмеймін кәріліктің жеңгені ме.
Қазіргі Кененіңнің халі осындай,
Сұраған дұғай сәлем елдеріңе.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу