Поэмалар ✍️
Балбөпе
поэма
I
Күңшаш, Күңшаш болғалы,
Күңшаштың атын алғалы
Күл-көмірмен бірге есті.
Жабағы шаш, ірің көз,
Мінезі жаман, бейпіл сөз
Жалба-жұлба түрде өсті.
Құс қолы — қарға тұяғы,
Сол қолмен жайпап дүниені
Бір қажуды білмеді.
Бейнетпенен алысып,
Бір жеңіп бір талықсып,
Не азапты көрмеді.
Біреудің сауып сауының
Біреудің қауып қабуын.
Біреудің құртын қайнатты.
Біреудің теріп тезегін,
Біреудің бағып кезегін,
Біреуге бала ойнатты.
Қолынан түспей шелегі,
Қарынан түспей көнегі,
Сауыс болды денесі.
Жамыраса бұзауы,
Қойда қалса лағы,
Ішкені болды көресі.
Сіркеге толып тұлымы,
Қырық тесіліп жұлығы.
Жылтырады аяғы.
Көйлек, жаулық құрымдай
Күңшаштың күнде кәсібі!
Таң сәріден есігі
Ашық болып тұрады.
Жіберіп бұзау, құрт жайып,
Азырақ, мызғып тыңайып
Қазанның түбін қырады.
Бәйбіше итке тастаған,
Шеті күйген тостаған
Күңшаштың алтын ыдысы,
Қолына алып аспабын,
Қазанның қырды қаспағын,
Жұртты оятты дыбысы.
Жабағы күпі ішінде,
Нарттай жанған пішінде
Жатыр еді Балбөпе.
Қырғыштың естіп дыбысын,
Көтеріп күпі бұрышын
(Апасына Балбөпе)
— Апа, қаспақ бер! — деді,
Даярлап еді бергелі,
Кіріп келді бәйбіше.
Балбөпені қатындап,
Күңшашқа ұрсып бапылдап,
Бүріп келді бәйбіше...
Бір бұл емес үнемі,
Ылғи сүйтіп жүреді,
Басқан ізі аңдулы.
Балбөпесі жылайды,
Таңертең, қаспақ сұрайды.
Бәйбіше ылғи аңдиды.
* * *
Күңшаш нені көрмеді,
Кімге еңбегін бермеді,
Мал да бақты, шөп шапты.
Кісінің тілеп тілегін,
Кезеген аяқ атанды,
Өсекшіл ауыз аталды,
Күлкі қылды көрінген.
Бала үшін түсіп тұзаққа,
Бала үшін кіріп азапқа,
Болмады күні ерінген.
Жаны да сол Балбөпе,
Малы да бол Балбөпе,
Арқасында таңуы.
Ұлы да сол Балбөпе,
Бұлы да сол Балбөпе,
Балбөпе жалғыз қаруы.
II
Күн мезгілі күз еді,
Күзем басар кез еді,
Күздікке ауыл орныққан.
Күземдерін басуға,
Даярлап құрт, май шашуға,
Алынды жүндер сандықтан.
Түндіктер үйден алынды,
Үйлердің іші тарылды,
Бұрқыраған жүндерден.
Алашаны қайырып,
Ортаға кілем жайылып,
Күл қалмады күлдерден.
Жібекпен орап тамағын,
Салбыратып бұғағын
Белін қыздар буынды.
Білегін түріп бозбала,
Оларға тілек қыз ғана,
Салды асыр дуылды.
Ақ сабаулар жарқылдап —
Тулақтың даусы сартылдап,
Күрс-күрс етті айнала.
Баса түсіп айғайға,
Тамшылап тер маңдайда,
Жайылды жүндер жаймаға.
Сары қымыз ішіп ап,
Қызба-қызба түсіп ап,
Қолдырады қолдары.
Бозбала, қыз көбелек,
Бір-бірін жүнге бөлемек,
Ойлаған бар арманы.
Жабағылар түтілді,
Жүн сабалып бітілді,
Басу керек киізді.
Ақ шиге салып жүндерді,
Үстіне жайды түрлерді,
Бәрі қошқар мүйізді.
* * *
Намаздыгер таянды,
Күн батыс қанға боялды,
Дөңнің үсті тобыр жан.
Саңқылдап дыбыс келеді,
Қыз бозбала күледі.
Ермегі киіз ораған.
Шулаған үнмен келіскен,
Малдар қайтты өрістен,
Ауылдың үсті ың да жың.
Қараша үйде қырық жамау,
Дер емес мұнда жан бар-ау,
Ыңырсыған шықты үн.
Естісе де дыбысты,
Желіккен жұрт күлісті.
Бұл кім?— Күңшаш ауырған.
Он күн болған жатқалы,
Шелдеді нәр татпады,
Шыдамай жатыр жалыннан.
— «Балбөпе!»—деді ақырын,
— Су-сын, бе-е-е...рсей-ші... Алтыным»
Одан соң тілі күрмелді
Онға бөліп сөздерін.
Жаудыратып көздерін.
«Арманым сенсін, бір» деді.
Күн де батып барады,
Қырылдады тамағы,
Жан кешер кез таянды.
(Апасына нәр бөпе) —
«Ап-па!!!»—деді Балбөпе,
Көзі жаспен боялды.
Далаға шықты зырылдап,
«Өлді» — деп апам шырылдап,
Зарын оның кім тыңдасын.
Жойған соң бастан ырысын,
Жетімнің күні құрысын...
* * *
Күн артынан күн туды,
Түн артынан түн туды,
Жыл артынан жыл өтті.
Көкірегін өрт шалып,
Жүрегін қайғы дерт шалып,
Күннен-күнге жүдетті.
Маңдайдан сипар адам жоқ,
Еркелейтін заман жоқ,
Кімге зарын артады.
Көлдің барып басына,
Шомылып көздің жасына,
Шері зорға тарқады.
«Әбілет!» деген ат беріп,
Арқасына қап беріп,
Даладан тезек тергізді.
Маңдайынан тер кетіп,
Күндіз бала тербетіп,
Таңертең қозы өргізді.
Не қылса да жақпады,
Сордан сор келіп қаптады
Ашылмады қабағы.
Босағаға түнеді,
Зарын кім оның біледі,
Жарымады тамағы.
Қарағым дейтін бала жоқ,
Құлыным дейтін апа жоқ,
Еститін сөзі «қу қаншық!»
Өлмегесін тірі жүр,
Өлмешінің күні жүр,
Өмірден 'оған не таңсық.
III
Май айы туып жаз болды,
Бар мақұлық мәз болды,
Ішкендер мас, жеген тоқ.
Арық-тұрақ оңалып,
Жолын жауып торалып,
Бәрі де мәз уайым жоқ.
Жер кілемдей жайнады,
Көлде құстар сайрады.
Жасыл пүліш өсімдік,
Төрт құбыласы сайларға,
Әсіресе байларға,
Кеммін деу онда кесірлік.
Апасын Ханбөпе,
Апасына Балбөпе,
Бақыт құсын ұшырған,
Жоқтатпаған баласын,
Жерлегелі апасын,
Ашылмады көзі қысымнан.
Ақ бетінен қан тамған,
Бұғағынан бал тамған,
Балбөпе биыл он бірде...
Жараған жүйріктей,
Саусақтары сүйріктей,
Қыз деме оны «өндір» де.
Қырға ауыл қонысқан,
Қымызға қарық болысқан,
Басы амандар көңілді,
Ішкендер мас, жеген тоқ,
Амандарға уайым жоқ,
Басуға аяқ, ерінді.
Түс еді, күбір көбейді,
Қыра сөйлеп көмейі,
Қотанда топыр кісі отыр.
Бәрінікі бір кеңес,
Кеңестері тек емес,
Бітірер «үлкен» іс отыр.
Ат-шапан байға беріпті,
Келін ала келіпті,
Ол келін кім? — Балбөпе.
Жылап отыр еңіреп,
Оның зарын кім білед,
Апасына Ханбөпе.
Көкпеңбек сақал иегі,
Дәл алпыста күйеуі,
Балбөпе соған берілмек.
Күнәсіз таза періште,
Жас балдырған нәресте,
Еріксізден көнілмек.
Пар-пар аттар жегілді,
Әкетпек күйеу келінді
Жалақтады қатындар.
Күйеуден алды кәдесін,
(Көрмегенді көресің)
Көбейді айтқан ақылдар.
Құп-қу болып кескіні,
Балбөпе жылап өксіді,
Жұлмалады «киін» деп.
— «Бай адамға барасың,
Ертең адам боласың.
Жастығын, жалғыз биыл» деп.
Ойыншыл жұрт күледі,
Еңгезердей біреуі-:
Балбөпеге «жүр!» деді.
Ат жегіліп болынған,
Киім-кешек салынған,
Тоқтамайық «мін» деді.
Жас нәресте не білед,
Қозғалмады еңіреп.
Қуыршақтай баланы.
Көтеріп алып жөнелді,
Жұрт күлкіге кенелді.
Бір-ақ көрді даланы.
Көрген күні бар болды,
Қой деушіге зар болды,
Апасына Ханбөпе,
Талықсыған дыбыспен
Ышқынған зарлы тыныспен
«Ап-п...а-а» деді Балбөпе!
Бар табиғат дірілдеп,
Іштерінен күбірлеп,
Сәбимен бірге жылады.
Нәлет айтып ғұрыпқа,
Көнбеді деп ырыққа
Өсімдік шашын жұлады.
IV
Іңірде күн желдетті
Тамшысын бұлт көлдетті
Жер-көк түгел сілкінді.
Қопарып жолдың батпағын,
Лақтырып беттен қатпарын,
Қос қоңыр салды бүлкілді.
Жылтылдап от көрінді,
Әкелді деп келінді,
Қатын-қалаш у да шу.
Бозбала жасап ойынды.
Құрмандық тоқты сойылды.
Қазаннан бұрқ-бұрқ, шықты бу,
Ойын тарқап жатты жұрт,
Көкшіл сақал, істік мұрт,
Жас сәбиге қадалды.
«Ап-п-а-а...» деді Балбөпе
Апасына Ханбөпе
Сілкіндіріп самалды.
Көрген күні бар болды,
Теңдікке енді зар болды
Күндесі көзге шұқыды.
Тым болмаса қатын деп,
Аяғымда жатыр деп
Болыспады тұқылы.
Сіркеге толы тұлымы,
Қырық тесіліп жұлығы
Жылтырады бақайы
Іздеп алар адам жоқ,
Қарсыласар заман жоқ.
Өмірдің уын татады.
V
Толып қотан кеңеске
Жайылды жұртқа обеске1
Нарсот келді деседі.
«Балбөпе арыз беріпті,
Обеске соған келіпті»
Көбейді жұрттың өсегі.
Жылқыбайдың ауылы,
Қарақұрт боп бауыры,
Жиылған жұртқа лық толы.
15 июльде
Жылқыбайдың үйінде,
Балбөпеге сот болды.
Қайырып кейін кекілін,
Жариялап жұртқа үкімін,
Түрегелді судья.
Тоқалшыл тұқыл сабаздың,
Арам қарын «буаздың»
Құны кетті құпия.
— Мынау кім?
— Менің қатыным.
Біреудің алып ақылын.
Осы шіркін бұзылды.
— Ол бұзған кім, Сәрсен ол.
— Коммунис өзі комсомол,
Татып еді тұзымды.
— Нешеде әйел?
— 15-те.
Қой, қай мынау нәресте!
— Иланыңыз ақиқат.
Он беске осы келмесе,
Өз еркімен көнбесе,
Біледі ғой жамағат».
Балбөпеге қарады,
Қараса жасы тамады.
— Нешедесің, шырағым?
(Көзін сығып Балбөпе)
Он үштемін, ағаке,
Жауыздан құтқар — мұрадым.
Бітіп жұрттың жауабы,
Судья істі қарады,
Билікке мәжіліс ашылды.
— Шалдың малы қазынаға,
3 жыл өзі жазаға...
Балбөпе көңілі басылды.
1927
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter