Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  237


Автор: Дулат Бабатайұлы

Асқар таудың сәні жоқ

Асқар таудың сәні жоқ,
Төрт түліктің қонысы,
Басылмайтын сонысы,
Көк майса белі болмаса;
Өзен, судың сәні жоқ,
Өрлеп құнай қонатын,
Жағасы малға толатын,
Аймақты елі болмаса,
Қопалы жердің сәні жоқ,
Тұңғиық мөлдір үйірім,
Көз болжамас қиырын,
Айдын көлі болмаса.
Ақ ауылдың сәні жоқ,
Топталып жылқы үйездеп,
Ноқталы құлын күйездеп,
Тартқан желі болмаса,
Шешендіктің сәні жоқ,
Сөзіне сүттей ел ұйып,
Қолтығына ел сыйып,
Басына бақыт қонбаса.
Қайырсыз байдан пайда жоқ.
Нашарға жәрдем бермесе.
Кем - кетікті көрмесе,
Көн болып қатса сіреуі,
Екіге сатса біреуі,
Несиенің өсімі,
Мөлшерлі жоқ кесімі,
Үзбей құйса, толмаса.
Сұлулықтың сәні жоқ,
Көрсе қызар күлкі ғой,
Шаруа істемей, сылап бой,
Жол саудаға жолдаса,
Би мен бектің сәні жоқ,
Елін қорғай алмаса,
Тура жолға салмаса.
Ыстығына күймесе,
Суығына тоңбаса;
Батырлықтың сәні жоқ,
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Елерген тұлпар ерттеліп,
Толғаулы найза қолға алып,
Тұйғын құстай толғанып,
Сары садақ асынып,
Егескен жауды қашырып,
Ұлын қорып жауынан,
Ереулеген егер дауынан,
Тұтамдақ оқ жонбаса;
Бәрін айт та, бірін айт,
Ұғынар мұны ел қайда,
Елді бастар ер қайда?
Аға сұлтан, абыздар,
Еліңді қамап, көрге айда,
Барса келмес жерге айда.
Күш кеткен соң қолыңнан,
Зарлаудан, сарнау не пайда?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу