Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  257


Автор: Қадыр Мырза Әли

Шараптың шөпілдеткен шелегін

Шараптың шөпілдеткен шелегін
Жақсылыққа о бастан-ақ бөлемін.
Сүрінгенді қолтығынан сәл демеп,
Құлағанды тұрғызып-ақ келемін.
Таласпадым журналдағы бағаңа.
Жалынбадым оқа тақ деп жағама.
Баспалдақпын көтерілген ініге,
Үзеңгімін атқа мінген ағама.
Мектебінде оқымадым қастықтың.
Жақсылықтың жолына тек бас тіктім.
Тәй-тәй басқан сәбилерге кілеммін,
Жантайғанда кәрілерге жастықпын.
Қай кезде мен достарыма кейіппін?!
Керек болса үндемейтін бейітпін.
Өзге түгіл,
Өзіңнен де жасырып
Сақтайтұғын сырың болса — сейфпін.
Өшпесе екен,
Сөнбесе екен жалау-күн.
Жүректерді күйдірмесін алау-мұң.
Жауынгердің жарасына дәкемін,
Көңілдердің жыртығына жамаумын.
Жақсылыққа салып кетсең жол асыл,
Сонда ғана елдің ұлы боласың...
Өлген соң да
Менің күмбез-зиратым
Бір сорлының сүйеп тұрар моласын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу