Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  201


Автор: Қадыр Мырза Әли

Тындырмады демесең ісін дөйдің

Тындырмады демесең ісін дөйдің,
Мен де милы,
Ақылды кісіңдеймін.
Бірақ мына тірлікте,
Өзге түгіл,
Өзімді де кейде мен түсінбеймін.
Өтеді күн зымырап,
Өтеді күн.
Есептесең бойымда жетеді мін.
Кемшілігін көрсетіп үлкендердің,
Жіберемін баланың қателігін.
Қалайша дақ түсірген бетіне күн?
Білсең сөйле, бауырым, өтінемін!
Білгенімді айтуға асығамын,
Асығам да,
Артынан өкінемін!
Жасыратын түгі жоқ, інішегім,
Жаудай бұздық саулықтың ұлы шебін.
Жек көремін мен мына шарабыңды,
Жек көремін!
Бірақ та неге ішемін?!
Менсінбейміз біреуді баласынып.
Ұғу үшін баланы,
Даласын ұқ!
Жек көремін мылжыңды,
Сөйте тұра
Көп сөйлеймін неліктен данасынып?!
Болмайтынын білемін мінсіз қалам.
Болмайтынын білемін мұңсыз ғалам.
Мұңын айтар тұстарда мінін айтып,
Сөйлер тұста неліктен үнсіз қалам?!
Тәрбиеде ананың бөлек сүті,
Тірі адамды көрмедім мен өксітіп.
Босқа ойнауға болмайды,
Сөйте тұра
Қоям неге қыздарды емексітіп?!.
Тоңдым талай теңізде,
Телегейде.
Болдым талай көлеңке,
Көлегейде
Тұлпарымды ойланбай бере салып,
Мәстегімді қимаймын неге кейде?!
Тындырмадың демесең ісін дөйдің,
Мен де кемел,
Ақылды кісіңдеймін.
Бірақ мына тірлікте.
Өзге түгіл.
Өзімді де мен кейде түсінбеймін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу