Өлеңдер ✍️
Сайтан
Қуаныш та,
Болады реніш те,
Сенбегенің дұрыс-ау, сірә, күшке.
Өзегіне алманың түскен құрттап —
Кім болсаң да —
Бір сайтан жүреді іште.
Аман шығып кей кезде иірімнен,
Адаспайын дейсің-ау үйіріңнен.
Той-думанда
Iш! Iш! — деп,
Алып қой!— деп,
Түрткілейді сол сайтан бүйіріңнен.
Түстік талай бидайдай біз диірменге.
Жүрдік жолсыз жермен де,
Іздермен де,
Қабағыңа қонып ап әлгі сайтан,
Қылмыңдатып қояды қыз көргенде.
Келер сайтан тереңге батырғысы,
Бар ғой талай ер кісі,
Батыр кiсі.
Өзің болып
Сол сайтан
Жайлы орынға
Келеді де тұрады отырғысы.
Құл болады оған тез осал кісі,
Ол тұрғандай айтылмас дос алғысы.
Татулықты байқаса.
Екі араға
Келеді де тұрады от салғысы.
Жыланменен «жылытып» төсегіңді,
Бұзбас жерде бұзады есебіңді.
Құлақ болып қалқиған,
Антенна боп,
Жер түбінен ұстайды өсегіңді.
Көре алмайды өскенді,
Көркейгенді.
Көлегейлеп күн көзін бүркей келді.
Алтын көрсең біреуден
Осы сайтан
Қызғаныш боп ішіңде өртейді енді.
Ілінердей өлімнің орағына,
Келіп тұрған жеріңе қара мына...
Көне берсең,
Ішіңе кіріп алған
Айналасың сен оның қорабына.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter