Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.05.2021
161
Бегемоттың терісі
Бар досым да,
Әрине, бар қасым да.
Талай-талай түнедім жар басында,
Шыдамасқа шыдадым,
Соның бәрі
Мынау қалың терінің арқасында.
Қол жеткізбей өзімнің төрімдегім,
Көрінетін кезімде көрінбедім.
Алау кешкен,
Қып-қызыл жалын кешкен
Ұлтаннан да қалыңдау терім менің.
Кетсе-дағы жырылып еріндегім,
Төзіп бақтым.
Қиынға берілмедім.
Соқыр сынның қамшысы тілген талай
Бегемоттың терісі — терім менің.
Шынын айтам.
Сенбесең қарғанбаймын.
Талай мені талаған арлан қайғың.
Терім қалың бірақ та,
Терім қалың.
Терім қалың болғанға арланбаймын.
Желе-жортып еңбектің торысымен,
Жыр іздеген Даланың серісі мен...
Терім қалың...
Тегі асыл алмасыңды
Бегемоттың қырлайды терісімен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter