Өлеңдер ✍️

  31.05.2021
  159


Автор: Қадыр Мырза Әли

Коллекция

Кейбіреулер театр,
Көрме құмар,
Шарапқұмар,
Сонымен көрге құлар.
Алаңдайтын,
Уақытын өткізетін
Әйтеуір, бір әркімнің ермегі бар.
Тасын жинап біреулер бір өлкенің,
Өзін қинап біреулер жүр еркенің.
Біреу кітап жинаса,
Ал біреулер
Жинайды екен қорабын сіріңкенің.
Сен өзің ше?
Жә, оны сұрамайын.
Бұл ермекке кетпейді бір-ақ айың.
Автоқалам жинаса бір танысым,
Ескі шәугім жинайды бір ағайын.
Бар бүгінде жарың да,
Балаң да ермек.
Антиквар ұнайды қаламгерге.
Оқыдым мен
Батыста
Өлгендердің
Бас сүйегін жинайтын адам бар деп.
Енді біреу
Тәрк етіп тапшы күнін,
Армандайды жұлдыздың ақ сынығын.
Жыр ғып өзім жинаймын
Біреулердің
Біреулерге істеген жақсылығын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу