Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
31.05.2021
144
Қолжазба өртеу
Бұл ақиқат —
Шаруам жоқ ертегіңде,
Мен бір повесть жазған ем ерте күнде:
Сақтап-сақтап келдім де.
Қолжазбасын
Ақырында жібердім өртедім де.
Енді қайтем?!
Сақал мен шаш ағарып,
Ақырғы күн мені де тосар әлі.
Архивімді ақтарып,
Хикаямды
Мұрасы деп әдеби басары анық.
Топтан озған үзіліп,
Дараланып,
Ақыныңа сонда бір қара, халық!
Ойнап жазған повесті он екімде
Оқығанның көңілі қалары анық.
Абыройым кетсе егер ерте менің,
Ақын болып несіне тер төгемін?!
Жазғанымның барлығын жинай бермей,
Жоқ, бауырым,
Жөн болды өртегенім!
Мен қате деп білмеймін жаңағымды.
(Жаңа жырмен қарсы алам жаңа күнді)
Көзім тірі кез түгіл,
Халқым менің
Өлген соң да көрмесін жаманымды!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter