Өлеңдер ✍️
Ақын
Ойға туыс,
Сезімге жақындарда
Кегің бар ма, тіршілік,
Ақың бар ма?!
О заман да бұ заман,
Қарап тұрсаң,
Бір тыныштық болмаған ақындарда!
Берілмейсің кей кезде қайдан мұңға!
Ауыр кезде тимесе пайдан мыңға?!
Күрес болса,
Қан кешкен соғыс болса,
Ортасында жүреді ол майданның да.
Отан сүйсең — ең мықты серт осында —
Халық үшін тынымсыз жортасың да.
Ақыр заман туғанда ел басына
От пен судың жүреді ол ортасында.
Жаның ашып әр қымбат,
Әр асылға,
Көре тұра ілімге барасың да.
Ақын жеген
Алғашқы таяқты да
Өтірік пен шындықтың арасында!
Ібіліске,
Сайтанға,
Әр мыстанға
Жолбарыс боп атылып жыр қысқанда,
Ақын алғаш болған да жарақатты,
Әділет пен қиянат қырқысқанда.
Құса-мұңды іштегі беріш деме.
Бәріне де төзеді құрыш дене.
Жүреді ылғи дуэльде атысып ол,
Секундант боп жүреді періштеге.
Түйін салып жүректе жыр пәлегі,
Жалындайды ақынның шырпы әлемі.
Тыныш тірлік басталса,
Іздеп жүріп
Өзі тауып алады бір пәлені!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter