Әңгімелер ✍️
ШИБӨРІНІҢ БҮРГЕСІ
Маусымдағы мал санағы бойынша, Мәнжу Малайсаринді қосқанда, ауылдағы кедейлер тізіміне төрт-ақ үй тіркелді. Аудан әкімшілігінен келген кісі капиталистік жарыста көш бастаған Аршалы ауылына ауыспалы көгілдір ту мен арнайы ақшалай-заттай сыйлықты салтанатты түрде тапсырды. Кедейшіліктің жойылып келе жатқаны, кедейлер мен кембағалдардың азая түскені айрықша атап көрсетілді.
Аудан басынан келгендердің аздап-аздап асыра сілтеушілігі социализмнің сарқыншағы шығар, алайда, ауылдың адуындысы саналатын Айткүл шешейіңіз шешенсініп:
— Ей, елім! Мұндай заман қашан болып еді?! Кешегі өткен кеңестің кемелденген тұсында ше, Аршалы ауылынан Ақкиіктің биігіне қарата екі жүз сиыр әрең өретін болса, бүгінде алты жүзден асады. Қалқоздың бес отар қойы бартұғын, қазір жекенікі төрт отарға жетіп қалды. Ол кезде, жаз бен күзде Майтөбе ауданы бойынша апта сайын жиырмашақты ғана той өтетін болса, енді елуден асады екен. Кім кедей? Көп ұйықтайтындар — кедей. Кім кембағал? Қимылдағысы келмейтіндер — кембағал? — деп-деп, кеп-кеп бергенде бар ғой, мына Мәнжу Малайсариніңіздің өзі де ләм-мимсіз мүдірді.
Ойлап отырса, Айткүл шешейдікі де дұрыс секілді. Баяғыда балабақша басқарған бәле. Біледі бұл. Сонда да капиталистік жарысты, буржуазиялық бәсекені оның соншама, қызылкеңірдектене қолдағаны онша ұнамады. Мәнжуіңіздің жақтырмайтын жағдаяттары мен жаратпайтын ауылдастары күн өткен сайын көбейіңкіреп барады.
Бірақ бар ғой, сонау сәбет заманындағы социалистік жарыста да осы Малайсариніңіздің оза шапқаны шамалытұғын. Мажар арбамен пішен тасу науқанында бір мәрте ғана, онда да әрең дегенде, радиоқабылдағышпен марапатталып, оның өзін үлкен арықтың терең тұсына түсіріп алып, сөйлеуік қорап сол күйі бір ауыз сөз айтпастан, арманда кеткен. Мата-шатасы көгеріп, жез талшықтары мен темір-терсегін тот басып, бертінге дейін қартайған қара өріктің түбіндегі ескі тақтайдың бір басына тиянақ болып, орындық қызметін атқаруға ғана септескен.
Мәнжуіңізге жарытып жан, майланып мал бітпеді. Екі мың бесінші жылдың маусымында, бұл үйден, жоғарыда айтқанымыздай, жан басынан: Мәнжу Малайсарин сынды отағасы мен пәнер тақтай секілді семіп-қатқан қатыны Седеп және тірідей салмағы тайыншадан кем тартпас, сонда-дағы көз жанары кәрі өгіздікіндей өлегізген, сүрбойдақ семіз ұлы; малдан: мойындары сырықтай, мүйіздері құрықтай екі ешкісі мен арқа жүні ақшулан тартқан, ақсақ, кәрі қойы тіркелді.
Өткен жылы осы Мәнжудің кедейшіліктен шығып, кембағалдықтан құтылып-ақ кетпекке әжептеуір мүмкіндігі бар секілді еді. Қара сиыры сомадай бір бұқаны соңынан сүмеңдетіп, екі күндей ертіп келген. Падашы Қасқырбек Бөрин:
— Мәнжу мырза! Седеп ханым! Сиырларың тамылжыған тамыз айында тоқтады. Бұқаның иесі мына мені екі күн, екі түн бойы боқтады. Бұйыртса, сәуір өте бұзаулайды! — деп, бұл екеуіне жуғызып, үшеуі бірер шөлмекті босатып тастаған.
Қасқырбек Бөрин — Аршалыдағы төрт үй кедей-кембағалдың біріне бас ие. Мәнжу мен Седеп падашының сөзін жерге тастамайды, жүзін жерге қаратпайды. Қасқырбектің қатыны Сәтенкүл түрмедегі ұлдарына тамақ әкеткен, әйтпесе төрт көздері түгел отыратын еді ғой сонда. Сөйтіп, сиырдың ұрықтануы ұлы оқиға ретінде атап өтіліп, падашының батасы алынған.
— Ризамын сендерге! — деді Қасқырбек теңсетіліп тұрып, ащы пияз бен сопақ қызанақтың иістерін қоса кекіріп. — Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Әр күн сайын кешқұрым бір-біріміздің шын ризашылығымызды алып қойғанымыздың да артықшылығы болмас...
Өкінішке қарай, қара сиыр қаңтар айының қақ ортасында іш тастады. Қасқырбек құрдас қатты қайғырып көңіл айтты. Падашының пайымдауынша, бұзау шіркін бұйырмады. Алланың ісі шығар, алайда, айналып келгенде, көп нәрсе адамдарға да байланысты. Мәселенки, Мәнжуді алсақ. Малсақ емес. Аршалы ауылы тұрғындарында түгел дерлік пішен жинайтын бастырма бар. Ал, мына Мәнжекең шөкімдей шөп жинайды, онысының өзі аспан астында ашық-шашық жатады. Бұл өңірде күз жылаңқы, жұрт жаңбырдан мезі. Сонда да пішендері құп-құрғақ сақталады. Мәнжуіңіздің пішені былтыр да, қысқа қарата қарашіріктене іріп, биылғы қаңтардың басында қаязып қатты да қалды. Ақырында қара сиырдың жатырындағы жылбысқыны жалмап тынды. Егер Малайсариндер үшеулеп қимылдаса, көп ұйықтамаса, бұлақ бойындағы ырғала жайқалатын қарқаралы қамыстан-ақ шөп жиятын, бір мая пішен сиятын бастырма жасап тастауға әбден болар еді.
Падашы Бөрин Қасқырбек өз миының мұндай-мұндай мән-мәністі компьютерлік қорытындыларын сыртқа шығара бермес. Ішінен ғана қайтарар. Бұлақтың бойынан, арық-атыздардың асты-үстінен күнде болмаса-дағы, күнара үшеулеп, үш баудан-ақ әкелгеннің өзінде үлпіл жаздың үш айында дүниенің пішені қыздың жиған жүгіндей қатталып қалар еді. Қайда-а-а-ан!
Шөп арқалағанша, аштан қатпаққа бейіл бетпақтар ғой бұлар. Малайсариндер.
Қамыс орғанша, намыстан жарылар.
Айтсаң, алқына қылғынар.
Әлі ешкім иелене қоймаған Еркінтоғайдың тепсеңін теңге төлеп, техникамен орғызғанша, одан он шиша арақ арқылы (тең-ортақ ішіседі ғой) трактор тележкасына арқалатып түсірткенше, шөптің құнарын күн кеміріп, қауқарын жел жеп бітіреді. Мәнжудің маусым аяғында бастаған мал азығын дайындау науқаны қыркүйектің мизам ұшар шағында әзер-әзер тәмәмдалар.
Қасқырбектің өз жағдайы да оңып тұрған жоқ. Бірақ себебі басқада. Үш ұлы да түрмеде. Сәтенкүл сорлы соларға жанұшыра жем тасумен әлек. Қасқырбектің өзі жыл сайын аптапқа қақталып, жел-құзға жем болып, ауылдың сиырын бағады. Тапқан-таянғаны түп-түгел Тоғыс қаласындағы түрмеге қарай жол тартады.
Айтып та айтпай не керек-ай, Мәнжуіңіздің қара сиыры биылғы қаңтарда іш тастағаннан ілмиіп, омыртқа жотасының ортаңғы тұсы шодырая шоршып, бүйірлері жарлауыттанып, қабырғалары қырлауыттанып, оңалмақтың ауылынан алыстап кетті.
Ақпандатқан боранда жағы қарысып, аузын ашпай тұрып қалған. Малы иесіне тартпайтын қазақ жоқ, мөлие мелшигені Мәнжуіңізден бес-бетер еді.
Бедірейген күйінде бауыздалған сорлы қара сиырдың қатпаршағынан қатындардың шашына қыстыратын ілмек-имек темірінен төрт дана, Седептің сынық сырғасының сыңары, өлегізген өгіз көзді семіз баланың сақал қырғышынан қосалқы бөлшек шықты. Күллі сүйек-саяғы мен сіңірлерін және көгістене кеберсіген арық етін түгелдей терісіне салып бүктегенде, тамылжыған тамызда бұқаға көзін сүзген сиырдыкі емес, шағындау қойдың қалжасындай ғана қара танытқан. Ішек-қарынды эксперттік сараптамадан өткізген Қасқырбек Бөрин ішкі ағзаларды түгелдей жарамсыз деп тауып, жеуге болмайды деген қорытынды жасады. Етінің өзін тек қуырдаққа ғана пайдаланып, артынан ба, алдынан ба, ауылдың арзан арағын сіміріп жібермек ләзім.
Қара сиырдың еті Аршалы ауылындағы төрт үй кембағалға ғана таратылған. Ал, ішек-қарын жағы қамысты тоғайдың шетіне апарып тасталды да, ит екеш ит те жеместен, кейінгі жылдары әлдеқайдан ауып кеп, табан астынан көбейіп кеткен бұралқы шибөрілер бір жырғап қалды.
Осылайша, Малайсариндер әулеті жуық жылдары кедейліктен шыға алмайтын, кембағалдықтан құтыла алмайтын күйге түскен.
Маусым айындағы мал санағынан өтіп, шілденің ортасына аман-есен жеткен екі ешкінің бірі іштегі ыстықты баспаққа дұрыс делініп, емдікке сойылды. Сол аптаның соңында Тоғыс түрмесіндегі ұлдарына тамақ-самақ апарып қайтқан Сәтенкүл қарақошқыл қуырдаққа молығып отырған үшеудің үстінен түсті. Сүрбойдақ семіз ұлдары нешеме жылғы манаураған марғаулығынан оянғандай-ақ, аудан орталығына қыдырып кеткендіктен, Мәнжу мен Седеп мұның күйеуін мәпелеп отырыпты. Ортаға алып. Ауылдың шетіндегі аса тұрмысты үйден үнемі үзілмейтін алуан түрлі арақ-шараптың ішіндегі ең арзанының біраз бөтелкесі босапты. Босаға жақта домалап жатыпты. Сәтенкүл сәтті отырыстың тәтті кәйпіне әндете келіп қосылды:
«Боз матаны кимедім, бөз болар деп,
Жиын-тойға бармадым, сөз болар деп.
Таза сақтап бойымды, жүрдім жеке,
Бір перизат өзімдей кез болар деп...»
Екі қатын қазан-ошақ жақты бір шолып шықпаққа кетті.
Қасқырбек Бөрин арық қабырғаның имектеу кесіндісін кеміріп отырған. Азу тістеріне тереңдете апарып, қарш-қарш шайнап:
— Айнала — анталаған антагонизм, адамдардың бастары — қым-қиғаш қайшылық, Мәнжу дос! — деді. Сүйектен бе, әлде өзге себептен бе, даусы ырыл араласа ысылдап шыққан.
— Мәнжу бас дедің бе? — деп, Малайсарин төтенше сұрақ тастаған. Жаңа шөлмектің ақ қалпағын айырып, алара қараған.
— Е, жоқ-ә! Жын ұрып па?! Мәнжу дос дедім, — деді Бөрин. — Сәтенкүл салған әннің сөзі қайдағы-жайдағыны қозғап жіберді дә.
— Арман-әнін айтады дә бұ байқұстар, — деді Мәнжу. — Ал, Сәтенкүлдің әні мен сөзі үшін тартып жіберелік.
— Арманының атасына нәлет! — деді Бөрин. Сонсоң құрдасының құлағына сыбырлаңқырады. — Соңғы кездері қасыма жоламайтын, жаныма жатпайтын өнер шығарып жүр. Падашыны менсінбей, перизат аңсай қалғанын қарашы. Көтіне қарамай...
— Апырай-ә?! — деп таңырқаған кейіп танытты Малайсарин.
Сәтенкүл мен Седеп қайта оралды.
Малайсарин мен Бөрин әндетті енді:
«Сәтенкүл, Седе-е-е-еп,
Сөйлейін не де-е-е-еп?!
Жоламай жүрсіңдер ғой,
Нендей себе-е-е-еп,
А-а-а-ай?!»
Түн ортасы ауа алдымен Седеп сұлаған, іле-шала Қасқырбек құлаған...
Мәнжу мен Сәтенкүл тоғай тепсеңіне түсті. Жаңа-жаңа толықсып, әлі де қарқарасы қауыз жара қоймаған қамыстың түбіндегі мамық шалғынға асықты. Қос ғашықша ұмтылысып, киноларға еліктесіп, қадалыса сүйісіп қойысады. Шілдедегі ешкі етінің сірнелі қуырдағына және арзанқол араққа мелдектеген Мәнжу:
— Сатя, перизатым менің! – деді.
— Қойшы-и, – деді Сәтенкүл.
— Үйдегілер оянып кетпей ме?
— «Оян, қазақ!» десең де, оянбайды. Екеуіне де ұйықтататын дәрі бердім емес пе?
— Ой, пері затым-ей?! Перизат дейді тағы да!
Біршама мезгіл өткен. Жер жүзіндегі барлық сағатты тоқтатып тастасаң-дағы, уақытты тоқтата алмайсың деген данышпанның сөзі рас қой.
Кенет үй жақтан мәшине есіктерінің сарт та сұрт ашылып-жабылған дыбыстары ап-анық, қап-қатты естіліп, жарқ-жұрқ найзағай тоғайды түрткілеп ойнағандай болған. Дабырласа сөйлеген адамдардың дауыстары да шыға бастаған.
Сәтенкүл жылдам жиналды.
Мәнжу сасқалақ қақты.
Сөйтсе, Малайсариндер әулетіне келін кеп қалған екен. Осыдан он жыл бұрын да осы күнгі семіз сүрбойдағы (онда әлі жасырақ қой) бір бәлекетті алып қашып әкеп, онысы көнбестен, басына орамал салдырмастан, соңынан қуғыншылар жеткенде жылап-еңіреп, жалғыз ұлы сотталып кете жаздап, қорасындағы бар қойы мен сиырын соларға арттырып жіберіп, зорғадан құтылған. Ендігісі қалай боларын кім біледі?!
Мәшинемен жеткендер төртеу боп шықты. Мәнжудің сүрбойдақ семізі (не жеп семіретініне жұрт таң қалады), қалыңдық және оның ескі түстілеу дос қызы мен екі қолын қалтасынан шығармайтын шілтіреңбай біреу.
Мәнжуұлы масаңдау. Ояныңқыраған, сергектеніңкіреген сәтінде:
— Келін әкелдік қой, басына ақ орамал салсаңдаршы, − деді. Бүкіл саналы ғұмыры бойында басалқалы сөз айтқан шағы осы шығар-ау.
Бұл кезде Сәтенкүл мен Мәнжу Седепті сілкілеп, Қасқырбекті жұлқылап оята алмай жатты. Седеп орнынан түрегеліп отырғанымен, көзін ашар емес. Не болып, не қойып жатқанынан бейхабар. Қасқырбек падашы қалай аунатсаң-дағы, қорылынан жаңылмайды.
Қалыңдыққа ере келген екеу лез-демде үй төңірегін тінткілей тексеріп, қора-қопсыны түгел адақтап шыққан. Арық-тұрақ ешкі мен ақшулан жүнді ақсақ қойдан қатты түңіліп, түтігіп оралған олар, үй ішінің жүдеулігінен жиіркеніп, шиқылдақ орындықта орамал салмақты күтіп отырған қалыңдықтың құлағына кезек-кезек сыбырлады. Бірі: «Пусто!» деген. Екіншісі: «Ноль!» деді.
Сәтенкүл күйе жеген ескі текемет пен екі көрпенің астындағы саудыраған сырсыз абдыраны ақтарып та, түк таппаған. Әлдебір буыншақ-түйіншектердің ішінен умаждалған бозғылт орамал шықты ғой, әйтеуір. Әлгі орамалды жазар-жазбас ортаға ұмтылып, қос құлағы сыбыр қабылдаған қалыңдыққа қарата қадам басқаны сол еді, жалпасынан түсті.
Келін болғалы келген қыз оң алақанның қырымен қырғын ұрады екен.
Мәнжу Малайсарин далада жүрген. Түс көргендей күйде, масаңдығы баласынан бетерлеу. Үй іші жаққа құлақ түрген болады.
Қалыңдық қарғып барып, қара сандықтың үстіне жайғасқан. Екі жолдасы күйеу жігітті іркілдете желкелеп әкеліп, жазда да сыз тартатын еденге еңкейтіп, тізерлете шөктірген. Иегінен көтеріп, қалыңдыққа қаратқан.
Өлегізген көз мұз құрсанған қызға қарап та жарытпаған.
— Шынымен-ақ тірліктерің осы ма? — деді мұздай қыз шын таңырқап.
— Қой мен ешкіні алыңдар, басқа түк жоқ, — деді күйеу жігіт.
— Қой-ешкіңді басыңа шайнап жақ, — деді шілтіреңбай шаққар шамданып. — Шайнауға да жарамайды. Тіске ілінбес тырықтар.
— Ойпырай, осындай да тіршілік болады екен, ә?! — деп таңырқады ескі түстілеу жолдас қыз.
— Түгі жоқ қой бұ байқұстардың, кедейлердің тізімінде тұр ғой, — деді соққыдан есеңгіреп, есін енді-енді жия бастаған Сәтенкүл.
— Бүкіл дүние жүзі бойынша ең кедей үйді көрсеткенің үшін риясыз ризамыз, саған! — деді хан қызындай қаһарлы күйінен жұмсара жымиған қалыңдық күйеу жігітке күлімсірей көз тастап. — «Майкрософт» фирмасынан хабар-ошарың бар ма өзі, сенің?
Малайсариннің кішісі «Майкрософт» фирмасын қайдан білер, түкке түсінбей, басын шайқаған.
— Ей, мал баға алмасаң, газет пен журнал оқымайсың ба?! Жаңа жол-жөнекей көрдік қой, кітапхана бар екен ауылыңда! — деді қалыңдық қайта қаһарланып.
— Биыл ешкіні сатып, газет-журналға жазылайын, — деді кіші Малайсарин.
— Менің мына миымда, мына компьютерімде «Майкрософт» туралы мәлімет бар, — деп, орнынан көтерілді Қасқырбек Бөрин. — Мал бағып жүріп, транзистордан тыңдағам. Компьютердің көкесі ғой олар.
— Мына біреуі тірілді-ей! – деді шілтіреңбай жігіт Қасқырбекке әжептеуір-ақ назар аударып. — Интеллектісі биік көрінеді өзінің. Айтшы, көке, мына күйеу бала не жеп семіреді, а-а-а?
— Айтайын, – деді Бөрин біржолата оянып, тұтас тіріліп. – Бұл жақта күнара дерлік құдайы тамақ беріледі, апта сайын алты той. Аршалыда болмаса, Алшалы бар, Алмалы бар. Дастарқанның бір шетінде осы бала отырар, тықпалай соғып тамақты, алып та тастап арақты...
— Әй, сен бар ғой, ақыры газет-журналға ойың кетсе, «Форбс» журналына жазыл, — деді қалыңдық күйеу жігітке. — Сол журналда әлемдегі ең бай адамдардың тізімі шығып тұрады. Білдің бе?
— Білейін, ― деді кіші Малайсарин міңгірлеп.
— Әлем жүзіндегі ең бай адам ― сол «Майкрософт» фирмасының президенті, компьютерлік бағдарламалардың көкесі емес, әкесі Билл Гейтс. Білдің бе?
— Білдім.
— Ал, дүние жүзіндегі ең кедей адам — мына сенсің. Білдің бе?
— Бі-бі...
— Билл Гейтс әлемдегі ең бай адам бола тұра әлі күнге үйленбеген. Ал, сен тап-тақыр кедейлігіңе қарамай, тап қазір қатынды бола салмақсың. Ең бай Биллдің қанша ақшасы бар, білесің бе?
— Бі-бі-білейін...
— Біле алмайсың! Қырық жеті миллиард доллары бар. Біліп қой!
— Бі-бі-бі...
— Ал сен, малғұн Малайсарин, аудан орталығындағы кафеде неге шіренесің?! Мың қойы бар адам құсап, а?!
— Мы-мы... Мың қой... Болады ғой...
— Мә, болады! — деп, қалыңдық қара сандықтан көтеріле бере бір аттап, күйеу жігіттің кеңірдегінен түрте салған. Кіші Малайсарин қазақы қаптан аумайтындай түрімен төңкеріле аунады.
— Бұл — біздің бизнес, бірақ бұндай бүлінген тірліктен бүлдіргі де алмаймыз, білдің бе? — деді қалыңдық.
— Бі-бі-бі...
— Оңай құтылғандарыңа құдайы атап, қойларыңды қуырдақ жасаңдар, ешкі ес жидырмаққа керек болар, — деді шілтіреңбай жігіт қос қолын қалтадан шығармастан.
— О, кэй! Шынымен-ақ оңай құтылды бұлар, — деді ескі түстілеу жолдас қыз.
* * *
Падашы Қасқырбек, қатыны Сәтенкүлдің қатты қышынып, қайта-қайта қасыланып жүргенін байқаса-дағы, титтей тіс жармады. Күндердің бір күнінде қатынының киімдерінен шибөрінің бір үйір бүргесін көрді. Бүргенің бірнешеуін бүре шымшыған Бөрин микроскоппен қарағандай-ақ, асықпай үңілгісі келген еді, саусақтарын жаза бере айырылып тынған. Мәнжудейін құрдасының да табан астынан тыпыршып, шыдай алмастан, ышқырына қол жүгіртетінін бірге ішіп отырып, байқамадым дей алмас. Бәрібір, іштен тынуға мәжбүр. Қалай дәлелдейді? Немен дәлелдейді? Шибөрінің бүргесімен бе? О бәлекеттердің де куәлікке жүрмекке тілдері жоқ қой. Тіпті шатақ шығарып, дау көтеріп, екеуін бірдей емес, біреуін жазым еткен күннің өзінде, үш баласының үстіне төртінші боп, Тоғыстағы түрмеге жабылғаннан басқа не табар?!
«Не табамын?!» — деп, тістерін шықырлатады Қасқырбек. Сондай-сондайда Бөрин байқұсыңыз өзін шибөріге айналып, азғындап кеткен қасқырдан бетер сорлы сезініп, қатты қорланып, ұлып жылайтыны да бар.
Кезекті мал санағы мен жан есебі бойынша Аршалы ауылдық округінің әкімшілігі аудан басына жаңа есеп жолдаған. Аздап-аздап қосыңқырап жазу – социализмнің сарқыншағы шығар. Дегенмен, кедейлер саны тағы да екі үйге кеміді. Бұрынғы төрт үйдің екеуінде қой мен ешкі екі есе, мүйізді ірі қара (есепте осылай көрсетіледі) басы біржарым есе өскен. Бұл көрсеткіштер кедейлік сызығынан әлдеқайда жоғары тұрыпты. Сонымен, айтып та айтпай не керек-ай, Аршалы ауылында Малайсарин мен Бөриннің отбасылары ғана кембағалдар тізімінде қалып отырыпты.
Адуынды атанған Айткүл апайыңыз:
— Шибөрінің бүргесіндей бүріскен бәлелерге біреу бірдеме әкеп бере ме? Қимылдамай ма өздері! — деп, ұрсуынан танар емес.
Малайсарин қашанғысынша қасынып қойып, ойға салса, Айткүл шешейдің өзін нақұрыс, сөзін надұрыс дей алмас. Алайда, Мәнжуіңіздің, бәрібір, буржуазиялық бәсекені, капиталистік жарысты қабылдағысы жоқ.
Арша байрақты Ақкиіктің биігіне қарата Қасқырбек падашы алты жүзден аса сиырды айдап кетіп барады. «Майкрософт» фирмасының аты мен затына, мән-мәнісіне дейін дендей еніп кеткен ми-компьютерімен бірталай мәселені ойлап кетіп барады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter