Әңгімелер ✍️
ТҰРАРТҰҒЫР
Сексенінші жылдардың орта тұсына таманырақ Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова Түлкібас ауданына келген. Жұртшылықтың жанарлары жасаурап, жақсыдан қалған жәдігер ғой дегенді жүрекжарды ықы¬лас-пейілдерімен білдіріп жатты. Шы¬нымызды айтайық, сонда Сәуле әпкеміз бізге біртүрлі салқындау, сел¬қостау сияқты сезілді. Сезімге берілме¬гендей, тым тебірене қоймағандай, толғанысқа түспегендей көрінген. Біз ғана емес, бір¬талай кісілер, ішінде Тұрар Рысқұловтың туыстары да баршылық, Сәуленің сәл-пәл суықтау қарайтын¬дығына, анау-мынауға мізбақпастай мінез танытатын бірбеткейлігіне әжептәуір-ақ әбіржіген¬дей болғантұғын. Бірте-бірте: “Титім¬дейі¬нен тағдырдың талқысын көріп, теперішін тартты ғой, оңай ма?”, “Қан¬шама жылдар бойы “халық жауының қызы” атанды, қайтсін-ай”, “Бастан кешпеген азабы жоқ қой, басқашалау көрінетіні содан да” десті. Сөйтіп, үнсіз ұғынысқан, іштей түсініскен.
Сәуле Тұрарқызының аудандағы үлкен орта мектепте болғанын байқаған¬быз сонда. Кең залдың ішінде жүздеген жас өскін қатар түзеп тұрыпты. Салтанатты сап. Бәрі бірден, бір деммен сәлем берді. Мектептің басшысы сөз бастады. Рысқұлованы таныстырды. Оқушылар сол сапта тұрған күйінде алдын-ала дайындаған “монтаждарын” мазмұндады. Жаттауларын мағлұмдады. Музыка ойнады. Ән шырқалды. Сонсоң Сәуле Тұрарқызына сөз берілді.
Сәуле әпкеміз сол суықтау көрінетін күйінде, салқынқанды кейпінде, әйнегінің қалыңдығы бір елідей келетін ерекшелеу көзілдірігінің орта тұсын ортаңғы саусағымен түртіп қойып, бүй деді: “Балалар, мен сендерді жақсы түсінемін. Сендерге оңай емес. Қиналып тұрсыңдар. Мен қарапайым жағдайда, емін-еркін түрде әңгімелескенді дұры¬сырақ көруші едім. Ал қазір сендерді салтанатты сапқа тұрғызып, сірестірің¬кіреп қойыпты. Әрине, сендер Тұрар Рыс¬құловты білмейсіңдер. Мүлде біл¬мей¬сіңдер ғой, солай емес пе? Тек жаттағандарыңды айтып жатырсыңдар. Онша түсінбей айтып тұрсыңдар. Бірақ бұған сендер кінәлі емессіңдер, балалар.
Менің ағам, әпкелерім бар еді. Әжем түрмеде өлді. Шешем он жыл қамауда болды.
Шешем жиі-жиі айтып отыратын еді. Әкем балаларды жанындай жақсы көрген екен. 1938 жылғы ақпанда атылған. Ескендір ағамды да әкеммен бір мезгілде тұтқындаған. Ол он жеті жаста ғана еді. Иркутскіде азаптап, Мәскеуде өлтірілген.
Біз төрт қыз едік. София, Мая, Сәу¬ле, Рита... Әкемді 1937 жылғы көктемде тұтқындаған. Қамауға алынғанда ол Қазақстан тарихы жөніндегі үлкен, көлемді кітабын тәмамдауға таяу екен...”
Міне, Сәуле Рысқұлова сонда осылай деген.
Одан бері ширек ғасыр уақыт өтті. Жы묬дар жылжыды. Айлар аунап, апта¬лар алмасты, күндер сусыды. Тұрар¬лар аң¬¬сап, армандаған Тәуелсіздікке қол жетті.
Осы жиырма бес жылдан астам уақыттың ішінде Тұрар Рысқұлов туралы бірқатар туындылар жазылды.
Одан бұрынырақта да бір-екі кісі жазып, “Социалистік Қазақстан” газе¬тінде жариялап, таяқ жеген ғой. 1984 жылы Алматыдағы “Қазақстан” баспа¬сынан белгілі тарихшы ғалым, тұрарта¬нушы, өзі мәскеулік Виктор Михайло¬вич Устиновтың “Служение народу” деп аталатын кітабы жарық көрді. Сол 1984 жылы, сол “Қазақстан” баспасынан Тұрар Рысқұловтың “Избранные труды” атты кітабы шықты. Әрине, ол жыл¬дардың, сол кезеңнің нені таңдап, нені іріктейтіні белгілі ғой. Дегенмен, осы дүниесінің өзінен Тұрар¬дың тұлғасы мен тұрпаты, ұшан-теңіз атқарған тір¬ліктерінің таң қаларлықтай ауқымы, қайраткерлік қарымы, азамат¬тық алымы, білім-білік тереңдігі, түркі халықтары¬ның тағдыршешті талайына толайым берілген адалдығы, елі мен жерін, ұлтын жанындай жақсы көретін¬дігі, эконо¬миканы, өнеркәсіптің күллі қырлары мен сырларын, тіпті тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық, экс¬порт сынды салалардың өзгешеліктерін жілікше шағатыны аңғарылып тұрыпты. Ғұлама ғалымдығы, текті тарихшылығы, парасатты публицистігі өз алдына.
Таңдамалы еңбектері делінген дү¬ниесінен кейін он үш жылдай уақыт өткенде, Тұрар Рысқұлов туындылары¬ның үш томдығы шығарылған. “Құрас¬тырушылардан” деген кіріспе бөлімде Тұрар Рысқұловтың шығармашылық мұрасы кезінде жарық көрген жиырма¬ша¬қ¬ты кітаптан тұратыны айтылған. Жа¬рық көрмегені қаншама. Мына шыға¬рылып отырған үш томдығының бірінші және екінші томына 1923-1929 жылдары жазылған негізгі туындылары кіргізіл¬генін келтіреді құрастырушыларыңыз. Еңбектердің маңыздылығы сонда, дейді олар, бұл дүниелер сол кезде салтанат құрған маркстік-лениндік тұжырымда¬ма¬дан және тар өрісті таптық методоло¬гиядан азат көзқараспен жазылған. Бірінші том “Төңкеріс және Түркістан¬ның жергілікті халықтары”, ал екінші том “Қазақстандағы 1916 жылғы қазақ-қырғыз көтерілісі”, “Жетісу мәселелері” сияқты еңбектермен ерекшеленеді. Сондай-ақ екінші томдағы “Қазақстан” монографиясы 1927 жылы қазақ және орыс тілдерінде жарық көргені ескерті¬леді. Үшінші томның айрықшалығы, Түркістан-Сібір темір жолының тыныс-тіршілігін, тарихы мен тағдырын, келешек көкжиектерін кеңінен қозғайтындығында. Сонымен қатар бұл томға республиканың мемлекеттік мұрағаттарындағы мақала¬лары, сөйлеген сөздері, хаттары енгені ескертіледі. “Т.Рысқұловтың еңбектерін баспаға әзірлеуде о бастағы нұсқаларына нұқсан келтірмеуге тырыстық. Мәтіндер¬дің барша стилистикалық және басқа ерекшеліктері толық сақталды”, дейді құрастырушылар.
1994 жылы жүз жылдығы, 2004 жылы 110 жылдығы тойланды. Әрине, ғылыми еңбектердің бәрінде, ресми құжаттардың көпшілігінде Тұрардың туған жылы “1894” деп жазылған. Себебі, Сәуле әпкеміз айтатындай, оны Рысқұловтың өзі өзгерткен. 1994 жылғы 19 қыркүйекте жұртшылық жаппай жақсы көріп оқитын “Өркениет” және “Горизонт” газеттерінде Сәуле Тұрарқызының сұхбаты жариялан¬ған. Басылымның бас редакторы Дархан Мыңбай: “Әкеңіздің биыл аталып өтіп жатқан мүшелтойы¬ның бұрынғы тойлар¬дан қандай ерек¬шеліктері бар деп ойлай¬сыз?” деп сауалды төтесі¬нен тастайды. Ә дегеннен-ақ. Бұл сұраққа биология ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академия¬сының акаде¬мигі Сәуле Тұрарқызы Рыс¬құлова былай жауап беріпті: “Азаматын сыйлаған қалың елім – қазағым үшін мен осы жолы баспасөз арқылы бір құпияның бетін ашпақпын. Жас кезінде әкем... екі жасын асырып жазған екен. Ол туралы кезінде шешеме және жақын ағайын-туыстары¬мызға өзі де айтқан көрінеді. Оның үстіне, менің өз қолымда да әкемнің 1896 жылы өмірге келгендігін дәлелдейтін құжаттың (Бішкектегі ауыл шаруашылығы мектебін тәмамдағаны жөніндегі аттестат) көшірмесі бар... Мүшелтойдың ерекшелігі бүгінгі замана келбетінен де аңғарылса керек. Бұрынғы тойлары елім деп еңіре¬ген талай дарынды тұлғалардың, ақжүрек асыл азаматтардың өмірін қыршынынан қиған ленинизм туының астында өтті. Енді, міне, бәрін ой елегінен өткізетін уақыт туды. Әртүрлі көзқарас¬тардың, бағыт-бағдарлардың астарына үңілетін сәт жетті. Әйтсе де бұл мәселе қиын-қыстау жолдармен, баяу жылжуда... Бұл мәселе¬нің күрмеулі түйінін шешу үшін әрбір тарихи тұлғаның өмірі мен қызметіне жете үңіліп, жеке-жеке зерттеп, терең тал¬дау жасау қажет. Біздің публицистеріміз, тарихшыларымыз, саясатшыларымыз бұл мәселеге келгенде өте сақ, тым жайбасар, әлдеқалай заман туып қала ма дегендей үргедек...”
“Өркениет” пен “Горизонттың” бас редакторы бұдан әрі: “Т.Рысқұлов саяси қайраткер ретінде ғана емес, халық ша¬руа¬шылығына өзгерістер енгізген рефор¬матор ретінде де танымал. Бұл орайда сіз не айтар едіңіз?” деген сұрақ қояды. Бұл сауалға Сәуле Тұрарқызы әкесінің шаруа¬шылық негіздерін құрып, жүргізудегі, түрлі зауыт-фабрикалар, алып құрылыс¬тар, оның ішінде Түркісіб, тағысын-тағылары, коммуналдық шаруашылық, азық-түлік кооперациясы, басқа да салаларды ұйымдастырудағы, басқаруда¬ғы, жетекшілік жасаудағы ерен еңбегіне таңырқайтынын айтады. “Мысалы, сол жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ қалаларда тұрмысқа қолайлы, заманауи шағын аудандар салу жөнінде ұсыныс енгізген екен”, дейді. “Реті келгенде айтатын, әлі күнге дейін оның өмірі мен қызметін зерттеушілер халық шаруашы¬лығы саласындағы орасан зор еңбегін толық қамтып көрсете алмай келеді. Ме¬ніңше, оның осы саладағы ой-мақсат¬тарын, араға қаншама уақыт өткеніне қарамастан, бүгінгі күннің тірлігіне де арнап, әрі қарай дамытып әкетуге болатын сияқты”, дейді Сәуле Рысқұлова.
ТҰрардыҢ елі мен жеріне, ұлты мен халқына, қала берді күллі түркі дүниесіне, адамзатқа жасаған жақсылығы жұртшы¬лыққа аян. Рысқұлов феномені жө¬нін¬де біршама айтылып та, жазылып та келеді. Тұрарды өткен ғасырдың 20-30 жы¬л¬дарында дүние жүзінің әлем дең¬гейінен көрінген алып қайраткерлері түгел танып-білген, ерекше қадірлеп-құрмет¬теген. Шығыс халықтарының, оның ішінде түркі ұлттарының аса ірі өкілі, қайталанбас, қажырлы перзенті, адал ниетті адамзаттың парасат шыңындағы шынайы қайраткері ретінде бағалай білген. Түлкібас төрінде, Ақсу-Жабағылы баурайында өткен жүз жылдық тойында сол кездегі Қазақстан Ұлттық академия¬сының президенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Сағадиев: “Тұрар Рысқұлов туралы жақсы айтып жатырмыз, алайда, әлі жеткізе алмай жүрміз. Үндістан үшін Джавахарлал Неру, Түркия үшін Ататүрік, Қытай үшін Сунятсен қандай алып тұлғалар болса, біз үшін Тұрар – тап сондай тұлға. Оның халық үшін, адамзат үшін сіңірген еңбегі де, қалдырған мұрасы да, ой-сана деңгейі де, келешекті кемел болжауы да жаңағы аталған алыптардан титтей де кем емес”, деді. Өкінішке қарай, қазекем мұндай-мұндайыңызды мойындамаққа мұқым-мүлде жоқ қой, жоқ. Бір адамды, ерекше еренді түгел-тұтас мойындап көріп пе? “Е, ол неге ұлы болады? Ол қайтіп Неруге теңеседі? Қалайынша Ататүрікпен салыстырамыз? Ол өйтпеп пе еді, бүйтпеп пе еді?” деп шыға келеміз.
Обалы нешік, қазақ тарихшылары мен публицистері кейінгі жиырмашақты жылдың көлемінде Тұрар Рысқұлов хақында біршама ізденістерімен көрінді. Әлі де жеткіліксіз дегенімізбен, ілгері¬леу¬шілік жоқ емес. Осы орайда өзі де елеулі еңбек сіңіре білген көрнекті тарихшы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Нұрпейісов тұрартанушы Виктор Устиновтың, Мәмбет Қойгелдінің, Талас Омарбековтің, Ордалы Қоңыратбаевтың, Мұхтар Қазыбектің, Ғаппар Маймақов¬тың ізгі ізденістерін атап көрсетеді. Талантты тарихшы Мәмбет Қойгелдінің тынымсыздығы нәтижесінде Тұрар турасын¬дағы талай деректер айқын¬далып, жұмбақ жатқан құ¬пия¬лар ашылып, маңызды материалдар табылды. Ол кісінің жан-жақты талдап жазғанындай-ақ, Тұрар Рыс¬құловтың өмірбаянында оның тікелей ұйымдасты¬руымен және төрағалығымен 1926 жылы Мәскеуде өткен ұлт мәселелеріне арналған кеңестің жөні бөлек, жосығы ерек. Оған РСФСР құрамын¬дағы автономиялық құры¬лым¬дардың басшы қайрат¬керлері, БОАК және КСРО ОАК мүшелері қатысқан. “Қатысқан кісілердің құ¬рамы, сондай-ақ онда талқы¬ланған мәселелердің маңызы жағынан бұл кеңес, уақыт көрсеткендей, шын мәнінде ұлт мәселесіне арналған бүкілодақтық бесінші кеңес¬тің міндетін атқарған еді. Одан бұрынғы ұлттар мә¬селесіне арналған төртінші кеңес 1923 жылғы 9-12 мау¬сым аралығында болған. “Өте құпия” деп мөр басылған төртінші кеңестің материалдарын жетпіс жыл өткен соң, 1992 жылы жеке кітап етіп мәскеулік “Инсан” баспасы шығарды. Ал “Националдар кеңесі” немесе “Рысқұлов кеңесі” атанған 1926 жылғы кеңестің материалдары да “құпия” деген белгімен Мәскеу архивтерінде сақтаулы”, деп жазған болатын М.Қойгелді 1994 жылы. Ғалым бұдан әрі жаңа империялық прин¬циптердің үстемдік алуына жанұшыра, батыл қарсы шыққан З.Валидов, М.Сұлтанғалиевтердің қызметтен аласта¬лып, абақтыға жабылғанын, алайда алашшыл арыстардың бірегейі Тұрар Рысқұловтың орталықтың озбырлығына наразылық рухын титтей де бәсеңдетпей, қайта өзгеше өрістете түскенін дәйектейді. “Ал тезірек шешімін табуды күткен мәселелер күн өткен сайын көбейе түскен. Сөйтіп, большевиктердің ұлттық езгіде келген халықтарға теңдік жұмағын беру жөніндегі уәдесі қол жетпес мұнарға айнала бастайды. Бұл жағдай РСФСР құрамындағы автономиялық құрылым басшылары арасында орталықтың саясатына деген наразылықтың өсе түсуіне негіз болды. Т.Рысқұлов өткізген кеңес сол наразылықтың жиынтық көрі¬нісі болатын. Кеңес қабылдаған ұсыныс¬тарда орталық биліктің ұлт аймақтарымен қатынасын қатал сынға алған жолдар жеткілікті еді”, деп жазады Мәмбет мырза “Адасқан кім? Т.Рысқұлов па, жоқ әлде тоталитарлық жүйе ме?” деген мақала¬сында. Ал енді сол кеңестегі Тұрар Рысқұ¬ловтың қорытынды сөзіне қараңызшы: “Орталық мемлекеттік аппарат өздеріңізге мәлім мүдделерді қорғап әбден қалып¬тасып қалған. Енді оны сол қалыптасып қалған бағыттан басқа жаққа бұру жеңілге түспес. Аппарат ұлттық аймақтардағы ерекшеліктерді есепке алуға бейімдел¬меген. Керек десеңіз, оның жетекшілері қандай ұлттардың қайда тұратынын да білмейді. Онда жұмыс істейтін шенеу¬ніктер ұлтшылдық пиғылмен уланған, ұлыдержавалық шовинизм тура осы орталық мекемелерден тарап отыр. Қазіргі экономикалық саясатта елді индустрия¬ландыру мәселесі – ең негізгі мәселе. Міне, осы мәселеде де ұлттық аймақ¬тардың түпкілікті мүдделері мүлде есепке алынып отырған жоқ”.
Тарихшы түйіндегендей-ақ, Иосиф Сталин өзінің басты бағытын өткір сынға алған мұндай кеңеспен келісе алмас. Сондықтан көсем көпке бармай-ақ кәззаптық күрес ашты да жіберді. РСФСР-дың барлық автономиялық құрылымдарында “Рысқұлов кеңесінің” бағытын айыптаған жиналыстар өте бастады. Әрине, Қазақстанның астанасы Қызылордада қызу қарқынмен қамдасты¬рылды. 1926 жылғы 18 желтоқсанда өткен осындай жиында негізгі баяндаманы Ф.Голощекин жасайды. Қорытындысы да, қаулысы да белгілі. Кейін, он екі жылдан соң, репрессиялау кезінде “Рысқұлов кеңесіне” қатысқан қайраткерлердің бәрі қамалды. Айуандықпен азапталды. Атылды.
“Тоталитарлық жүйе Т.Рысқұлов пен оның пікірлес серіктерін кешірген жоқ... Тұрар мен оның серіктері тура жол таңдаған еді. Бұл – уақыт дәлелдеген ақиқат”, дейді Мәмбет Қойгелді.
1999 жылы Алматыдағы “Санат” баспасынан Мұхтар Қазыбек пен Ғаппар Маймақовтың “Құпия кеңестер” атты кітабы шықты. Бұл жинақтың да елді елең еткізгені мәлім. Авторлар онда Ресей Федерациясы мұрағатынан Мәмбет Қойгелді алғаш тауып оқыған “Т.Рыс¬құловтың Жеке кеңесінің” материалдарын жан-жақты талдап, саралайды. Құпия кеңестердің әрқайсысының өзгешеліктері, төртінші кеңестің неліктен құпия өткі¬зілгені, Тұрарға төнген қауіптің себептері, ұлттық теңсіздік пен шовинизмнің кесапатты көріністері, Тұрар Рысқұловтың тікелей өзі ұйымдастырған төтенше кеңес және онда көтерілген күретамырлы мәселелер, Тұрар өткізген Жеке кеңесті жоққа шығаруға тырысқан Голощекиннің қорқау-қарау әрекеттері, қазақтарды, әсі¬ресе, ұлттық басшы кадрларды бір-біріне айдап салып, өз қолдарымен өздерін құртқызуды басты бағыт етіп ұстанғаны, Рысқұловқа қарсы қанқұйлы күресі – бәр-бәрі нақтылы фактілер, хаттамалар мен өзге де құжаттар арқылы дәлелденеді. Аталмыш кітаптың жартысынан сәл ғана астамы пайымды, байыпты талдауларға арналса, қалған бөлігінде “Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті Төралқасы жанындағы Ұлттар бөлімі және РСФСР Халық комиссарлары кеңесі Төрағасының орынбасары Рысқұлов жолдастың инициативасы бойынша шақырылған ұлт өкілдерінің БОАК пен КСР Одағы Орталық атқару комитеті мүшелері және ұлттық шет аймақтардың басқа да өкілдерінің Жеке кеңесінің стенограм¬масы” толық түрде берілген.
Парасатты жандардың, адал ниетті, пейілі түзу адамдардың Рысқұлов феноменін түсініп, түйсінуіне арналған, оның ілімдерін, мұраттары мен мұраларын игеруіне көмектесетін кітаптар онша көп болмаса-дағы, біраз-біраз баршылық екенін айтып-ақ, келтіріп-ақ жатырмыз ғой. Солардың ішінде ізденімпаз ғалым, талантты тарихшы, тұрартанушы Ордалы Қоңыратбаевтың “Тұрар Рысқұлов. Қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Түркістан кезеңі” атты кітабы ғылыми мәні, зерттеушілік зері, тарихи маңызы, танымдық мазмұны, құжаттық құндылықтары жағынан айрықшаланады. Ордалының орны бөлек осы еңбегінде талданғандай, тек 1920 жылғы мамыр айында ғана Тұрар тындырған тірліктерге назар аударыңызшы. 1920 жылғы 4 мамырда Өлкелік партия комитетінің кеңейтілген мәжілісінде Т.Рысқұлов “Түркістанның қазіргі кезеңдегі жағдайы туралы” өзі даярлаған тезистерді жария¬лап, баяндама жасады. Ұзаққа созылған пікірталастан соң, мәжіліс Ш.Элиаваның “бұл тезистердің ашық баспасөз бетінде жария болмауын қамтамасыз ету үшін оған “өте құпия” деген белгі қойып қабылдау керек” деген ұсынысы мақұл¬данды. Барлық даулы мәселелерді Мәскеуде, тікелей Лениннің алдында шешіп келу мақсатымен Түркістан республикасының өкілетті делегациясы тағайындалды. Түрікаткомның 5 мамыр¬дағы мәжілісінде Мәскеуде жүрген Түркістан республикасының өкілдері осы делегацияға есеп беріп, тіркеуден өтетіні туралы бұйрық шығарылды. Т.Рысқұлов бастаған делегация келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге аттанып кеткеннен кейін, оның бар мақсатын қаралауға арналған арыздар, хаттар астанаға қарай ағылды. П.Н.Лепешинский дегеннің хатында жағдайдың мейлінше шиеленіскені, Рысқұловтың әрекеттері, Түріккомиссия жұмысының қиындағаны айтыла келе: “Алдымен мұсылмандардың бағытының сипаты туралы екі ауыз сөз. Олардың ішіндегі саяси көсемдердің арасынан ең ақылдысы, болашағынан мол үміт күттіретіні және өте өсіп келе жатқаны – Рысқұлов”, деп жазылған. Лепешинский Тұрарды жергілікті буржуазия мен ұлтшылдардың ықпалындағы адам ретінде сипаттайды. 1920 жылғы 17 мамырда Мәскеуге Түркістан республикасының өкілетті делегациясын басқарып барған Т.Рысқұлов РК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Н.Н.Крестинскийге өздерінің келгенін хабарлайды. Түріккомиссия мүшелерін қатыстыра отырып, делегация¬ның баяндамасын тыңдау және ұсынылған мәселелерді шешу үшін РК(б)П Орталық комитетінің мәжілісін шұғыл түрде шақыруды талап етеді.
1920 жылғы 25 мамырда Т.Рысқұлов РК(б)П Орталық комитеті мен В.И.Ле¬нинге “Түркістан республикасы жағдайы¬ның жоспары туралы” баяндамасын тапсырады. “Баяндамамен В.И.Ленин тікелей танысып шыққан, түпнұсқада қарындашпен салған белгілері бар”, дейді О.Қоңыратбаев. Тарихшы тоғыз беттен тұратын Тұрар баяндамасының барлық он тармағының таңғажайып мазмұнына талдау жасай отырып, мәтіндерін де толық келтірген. Рысқұловтың бүкіл болмыс-бітімі, мақсат-мұраты, түркі¬шілдігі, ұлтжандылығы, көрегендігі, батырлығы – бар-баршасы осынау батыл баяндамасынан білініп тұр.
“Т.Рысқұлов Түркістан республи¬касының шынайы саяси-мемлекеттік егемендігі жолындағы саяси күрескер болды. Республиканы түркі тілдес халық¬тардың “ұлттық мемлекеттігіне” айнал¬дыру мақсатын қойып, осы бағытта социалистік революция жариялаған “ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын” өмірге демократиялық жолмен енгізу үшін қажырлы күрес жүргізді. Республика егемендігі – саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарын қамтитын”, дейді Ордалы мырза.
“Тұрар Рысқұловтың Түрік республи¬касын құру идеясының дұрыстығын кеңестік Қазақстанның және кеңестік түркілердің кейінгі тағдыр-тарихы дәлелдеп берді. “Түркі тілдес түгел бол!” Бұл – аяулы арысымыз, бүкіл түркі тектес халқымыздың ұлы перзенті Тұрар Рысқұловтың ұраны, ұстанған бағыты. Мұраты, мияты. Сонымен бірге кейінгі ұрпаққа мұраға қалдырған ұлы өсиеті”, деп жазады танымал тарихшы Талас Омарбеков. “Тұрар Рысқұлов ғұмыр бойы империялық идеологиямен, империялық әлімжеттілікпен, империялық қулық-сұмдықпен алысып өтті. Арыстанша арпалысты. Аз ғұмырының айқасқа шықпаған күні, тартысқа түспеген сәті жоқ десек те болғандай”, дейді әдебиет сыншысы, мәдениеттанушы, публицист Әмірхан Меңдеке. Сол Әмірхан бір мақаласында өзінің Ташкент мұрағат¬шысы Миразиз Мирсабировпен сөйлес¬кенін жазады. “Білгенде қандай! – деген-ді Мирсабиров. – Әсіресе, мұндай қиянаттарды сіздердің Рысқұловтарыңыз жақсы білген. Тур ЦИК-ті басқарып тұрған кезінде Ресейдің отаршылдығын әшкере қылатын еңбектерді жариялаумен ден қоя айналысқан. Сол тұста біраз кітаптар да жарық көрген. Бұлардың ішіндегі ең құндысы, ең зоры – Григорий Сафаровтың Ташкенде 1922 жылы жарияланған “Түркістанның отарлануы” атты деректі кітабы. Отаршылдықтың жай-жапсарын ашып берген бұл еңбекті Г.Сафаровқа Рысқұлов жаздыртқан. Отаршылдық туралы өзімізден гөрі орыс зерттеушісінің сөйлегенін жөн көрген. Орыстың сөзі өтімді боларын білген. Кітап¬қа енген деректердің басым көпші¬лігін авторға Тұрар Рысқұлов берген”.
Тарихшы ғалым М.Қойгелдінің жазбаларына қайта оралсақ, ол кісі: “Кеңестік биліктің негізсіз ұстанымын алдымен Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш қозғалысы¬ның жетекші тобы сынға алды. Бұл топтың сыны мазмұны жағынан кеңестік биліктегі Тұрар Рысқұлов пен Смағұл Садуақасов бастаған ұлттық элитаның, Еуропада эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқайдың пікірімен бір жерден шығып жатты”, дейді. Мұстафа Шоқай мен Тұрар Рысқұловтың мәңгілік мұраттары бір арнадан табылғанын, екеуінің екі түрлі жағдайда жүріп, ұлт қамы, түркі тағдыры жолындағы мақсаттары бір болғанын талай жыл Түркияда білім алған тарихшы, Мұстафадан мәністі докторлық диссер¬тация қорғаған ғалым, жуырда ғана “Дарын” мемлекеттік сыйлығына ие болған Дархан Қыдырәли да өз еңбектерінде жан-жақты негіздеп, нақтылы дәлелдеп көрсетті. Қазақтың біртуар перзенті Нәзір Төреқұловты зерттеп жүрген зерделі ақын Сәрсенбек Сахабат та Тұрар мен Нәзір ой-пікірлерінің құнарлары қалайша қабысып, тілектерінің табысып жататынын жазып жүр. Тұрартанушы Молдияр Серікбаев сынды азаматқа баяғы Виктор Устинов¬тың өзі алғыс айтқан. Жүздеген журна¬листердің ұстазы, талапшыл тәлімгері Темірбек Қожакеев, тағы басқалар қалам тербеген.
“Сарыбала деген атты таңдауымның да себебі бар. 1925 жылы Қызылордаға барғанымда Тұрар Рысқұловтың жақ¬сылығын көп көрдім. Алғашқы жазған хабарларымды, болмашы өлең, фельето¬нымды осы кісі қарап, Бейімбетке жолдап отыратын. Тұрар мені Сарыбала деуші еді. Прототипіме ат іздегенде осы есім ойға түсті”, дейді тазалығынан танбаған сырбаз суреткеріңіз Ғабиден Мұстафин.
Тұрарды тарихи-деректілік тұрғыдан да, кәусар әлем – көркем әдебиетке тән келбеті жағынан да таныта білген, осы жолда ерлікпен еңбектенген, әрине, қазақ¬тың қайраткер қаламгері, халқы¬мыздың сүйікті жазушысы Шерхан Мұртаза екендігі аян. Шерағаңның “Қызыл жебе” роман-эпопеясының бірінші кітабы “Рысқұл” 1978 жылы, екінші кітабы “Тұрар” 1980 жылы, үшінші кітабы “Жұлдыз көпір” 1984 жылы, төртінші кітабы “Қыл көпір” 1991 жылы, бесінші кітабы “Тамұқ” 1994 жылы жарық көрді. Сыншы Сайлаубек Жұмабек өзінің “Жұлдызы нұрлы суреткер” атты монографиясында: “Қызыл жебе”, сөз жоқ, роман-эпопея! Суреткердің лирика¬лық-философиялық прозасы осы роман-эпопеяда барлық бітім-болмысымен мейлінше жарқырап көрінген демеске шараңыз жоқ. Қазақ халқының ұлы перзенті Тұрар Рысқұловтың теңдессіз трагедияға толы өмір жолы әрқашан халық трагедиясымен бірлікте қарасты¬рылады. Қырық жылға жуық уақыт ішінде қазақ халқының басынан кешкен зобалаңдары, аштық қырғыны, репрессия зардаптары талай-талай романдарға, роман-эпопеяларға жетіп-артылатыны белгілі... Сонымен, қырық жылға жуық шығармашылық бейнетінің нәтижесінде дүниеге “Қызыл жебе” роман-эпопеясы келді”, дейді.
КемеҢгер суреткеріміз Мұхтар Әуезовтің “Қараш-Қараш оқи¬ғасындағы” әуез-әуенді қай¬таламай, Рысқұлдың әуелгі қасі¬ретін өзінше өрнектеген шебер прозашы Шерхан Мұртаза алғашқы екі кітапта әкелі-балалы қос мұңлықтың тағдырына оқырманды ортақтастыра тартып, баурап әкете барады. Үшінші кітап “Жұлдыз көпірде” автор тереңдігі мен Тұрар тереңдігі үйлесе, ұнаса, жараса кіріккен. Түрік республикасын құру идеясы да көрінісін тапқан. “Қыл көпірде” ұлттар мәселесіне байланысты мұраттары жан-жақты ашыла түседі. “Дегенмен, “Қыл көпір” романында ең басты назар Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған екі хатының әлеуметтік тарихына аудары¬лады”, дейді сыншы С.Жұмабек.
Бесінші кітап “Тамұқтың” тараула¬рына ой көзін жіберіп көріңізші. “Соңғы сәуле”, “Тұтқын”, “Тергеу”, “Ескендір”, “Өмірзая”, “Әзиза”, “Тұрар”, тағы да “Өмірзая”, тағы да “Тұрар”... “1937 жылдың мамыры мен 1938 жылдың ақпаны аралығында озбырлықтың, өктемдіктің қанды шеңгеліне түскен қазақ халқының ұлы перзенті, біртуар тарихи тұлғасы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың, яғни тоталитарлық режимнің ноқтасына сыймаған ғажайып қайсар, ғажайып өр, ғажайып адал, ғажайып көреген күрескердің ғаламат тұлғасына шексіз сүйсінеміз! Шексіз тағзым етеміз! Шексіз аяймыз!” депті сыншы Сайлаубегіңіз.
Алайда, сүйсінбейтіндер де, түйсін¬бейтіндер де бар көрінеді. Бұрындары да, кейіндері де. Әлі де табылады екен. Ұлтсыздық, ұятсыздық, бақастық, көре¬алмаушылық, іштарлық, қараулық қал¬майды екен. Ешқашан да. Тіпті Тұрар¬ларды былай қойғанда, қатардағы абзал азаматтар хақында: “Пәленше жақсы ғой, лайсаңы кем жайсаң ғой”, дегеніңіздің өзін көтере алмай, тектіңіздің түбін тіміскілей бастайтын жымысқылар азаймайтын көрінеді.
Бәрібір, жоғарыдағы біз атаған, айт¬қан-жазғандарын аз-аздап қана келтірген, там-тұмдап қана тоқталған тарихшылар¬дың, публицистердің, сұңғыла суреткер¬леріміздің дүниелерін, Тұрар Рысқұ¬ловтың өз туындыларын байыптап байқап шыққанның өзінде Тұрартұғыр дейтұғын текті түсінік, ұлағатты ұғым пайда болады. Тұрартұғыр!
Тұрартұғыр. Ол – Рысқұлов феноменінің тау тұлғалы тұрпаты. Өткен ғасырдың жиырмасыншы және оты¬зыншы жылдарында Тәңіртаудың шоғыр-шоғыр шыңдарындай асқақтап шыққан Алаштың ардақтылары аз емес-ті. Солардың бірі һәм бірегейі – Тұрартұғыр дейтұғын дара ұғым тудыратын Тұрар Рысқұлов. Тұрартұғыр – түркі ұлттарының түгел тағдырын тым-тым тереңнен ойластыра алған, қазағының қамын қайраткерлікпен қарастыра білген, ұлтын аштықтың алапатынан алып қалған, тоталитарлық тәртіп билігінің биіктерінде жүріп-ақ, қаскөй қызметтестерінің аңдуында отырып-ақ Алаш арнасындағы азаматтық парызын адал атқарған ардақтымыздың бейнесі. Тұтас таудың қымбат құзары. Тұрартұғыр – басшы бола білмектің, басқара білмектің, ел мен жерге, халыққа қызмет етпектің, зиялылық пен зияттылықтың үлгі-өнегесі. Тұрартұғыр – Тәуелсіздікті баянды етпек бағыттағы таланттар мен дарындардың бағдар етер биік мұнарасы.
Тұрартұғырыңызды ешкіміңіз де еңкейте алмақ емес. Тұрартұғыр төмен¬демейді. Тарих өз бағасын әлдеқашан беріп қойған.
Әрине, түрлі-түрлі тосқауылдар шыға берер. Пікірталастар бола берер. Бірқатар себептерін жаңа айттық қой. Тау тұрпатты тұлғаларымыздың ешқайсы¬сына да оңай болмағаны белгілі. Солардың ішінде Рысқұловқа өте-мөте ауыр болды. Оның қайшылықтары мен қателіктері кездеспеуі беймүмкінтұғын. Тоталитарлық билікте жүрген соң кейде айтқысы келмегенін айтуға, жазғысы келмегенін жазуға мәжбүрленді. Бірен-саран реттерде сөйтіп, сайып келгенде, бәрібір, Алаш арнасынан табылды. Әнебір алмағайыпта қателескенін айтып, кешірім сұрауға тиісті еді. Аждаһа-апаттың аузына түсіп кетпеу үшін. Орағытып өтіп, қазақтайын ұлтына, түркідейін жұртына, айналып келгенде, адал ниетті адамзатқа қызмет қылмақ үшін. Ондай кешірімді Ахмет Байтұр¬сынұлынан бастап, Мұхтар Әуезовке дейінгі талай тарландарымыз, Алаштың айтулы ардақтылары сұраған.
Түпкі мақсат үшін.
Түбегейлі тірлік үшін.
Түптің-түбінде келетін
Тәуелсіздік үшін.
Әңгімемізді әу баста асылдың тұяғындай, алтынның сынығындай Сәуле Тұрарқызынан бастағанымызда гәп бар. Жақында республикалық басылымда сол кісінің “Проспект Рыскулова” деген мақаласы шыққан. Алматыдағы Рыс¬құлов даңғылынан сыр шертіп бастаған Сәуле әпкеміздің негізгі айтпағын, көңіл-күйіндегі күйзелісін түсінесіз. Сәуле Тұрарқызы өкпе-ренішін жасыр¬майды. Алайда, қаншама қанқұйлы, қанқасап заманның зарарын тартып, азабын арқаласа да ақ адал пейілінен айнымаған, парасаттылығынан танбаған. Зиялы-зияттылар қанынан жаратыл¬ғандықтан ғой, ішкі мәдениеті, этика-эстетикасы таңғажайып биік, қазақтың діліне берік бекзат қызы бірқатар елеулі ескертпелер жасапты. Рысқұловтың өмірі мен қызметіне, Тұрардың өз тұлғасына және отбасы мүшелеріне байланысты баспасөзде орын алып жүрген ағаттықтар мен көпе-көрнеу бұрмалаушылықтарды атап-атап көрсетіпті. Интернеттегі бірер бұра тартушылықтарға тоқтала келіп, онда әлі күнге дейін Т.Рысқұлов 1943 жылғы 19 сәуірде “жүрек талмасынан” қайтыс болды делініп тұрғанына таңырқайды. Шын мәнінде ондай мәлімет әдейі, тау тұрпатты тұлғаны төмендетпек үшін, қитұрқылықпен құрастырылғаны белгілі. Тұрардың 1938 жылғы 10 ақпанда атылғаны әлдеқашан дәлелденген. “Интернеттегі мәліметтерді түзету керек!” дейді Сәуле Рысқұлова. Әпкеміз, сондай-ақ “Мой город другим не заменить” атты кітаптың авторы да Т.Рысқұловтың өмірбаяны мен тағдырына байланысты бұрмалауға жол бергеніне, “Аргументы и факты-Казахстан” басылымындағы С.Оспанова айтты деген ағаттықтарға, тағы басқа да дәлсіздіктер мен дәйексіздіктерге реніш білдіріп, шынтуайтында қалай екенін, анасының, ағасының, әпкелерінің қалай тұтқындалғанын, тағдырлары қалай болғанын, әкесі мен шешесінің қайтіп, қандай жағдайда қосылғанын, қалай ғұмыр кешкенін, Тұрар Рысқұловтың халық шаруашылығы салаларын дамы¬тудағы зор еңбегін, қайраткерлік қасиеттерін нақ-нақ баян етеді. Ештеңені де бұрмаламауды, ол үшін тарихи ең¬бектерді, қазір жол ашылған құжаттарды қарап, оқып-тоқуды, қателіктерді тездете түзетуді ұсынады.
Сәуле Тұрарқызына мың да бір алғыс! Тебіреніспен оқисыз мақаласын. Көңіл күйзелісін ұғынасыз. Баспасөзде де, басқа сөзде де, интернетте де бұр¬маланбасқа тиіс талай-талай нәрселердің мәдениетсіздікпен өзгертіліп, сауатсыз, қате жазылатындығына етіңіз үйрене бастағанына үрейленіп, селк ете қаласыз. Сәуле әпкеңізге сол үшін көп-көп рахмет дейсіз. Мінекиіңіз, мақаласының соңында тағы да: “Бозбала Тұрар жетімдіктің зардабын сезініп, өзгеше өткірлік, батылдық қасиеттерін ертерек шыңдады. Сондай шақтарында ол өзінің жасын екі жылға үлкейткен”, деп жазыпты. Ренжімеңіз, Сәуле Тұрарқызы, сіз қайта-қайта жазды екен деп, әлсін-әлсін айтты екен деп, тездете түзей қоймас түземекке тиістілер. Дегенмен, есіл ердің Түркістан республикасын 28 жасында емес, 26 жасында басқарғанын, 44 жасында емес, 42 жасында жазықсыз атылғанын жүрегіне жазып қойғандар баршылық.
...1938 жылғы 8 ақпанда құрамында – төрағалық етуші армиялық әскери заңгер Ульрих, мүшелері – бригадалық әскери заңгер Зарянов, бірінші дәрежелі әскери заңгер Кандыбин және хаттама жүргізуші Костюшко бар – КСРО Жоғарғы сотының алқасы Рысқұловты ату жазасына кеседі. “Құпия” деген белгі соғылған анықтамада: “Рысқұлов Тұрар Рысқұлұлын ату туралы үкім Мәскеуде 1938 жылғы 10 ақпанда орындалды. Үкімнің орындалғаны туралы акті КСРО НКВД-сі Айрықша архивінің бірінші арнаулы бөлімінде сақтаулы. Томның нөмірі-3. Беттің нөмірі-61”, деп жазылған. Құжаттың соңына НКВД бірінші арнаулы бөлімі 12-бөлімінің бастығы, мемқауіпсіздік лейтенанты Шевелев шиырып тұрып қол қойған.
Тұрартұғыр боп қалған Рысқұлов отыз сегіздің оныншы ақпанында атылған.
Осыдан дәл жетпіс жыл бұрын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter