31.05.2021
  210


Автор: Мархабат Байғұт

ТІЛШІ ҚОҢЫРАУЫ ЖӘНЕ БІЗ

Өзім он жыл, он ай қызмет істеген «Оңтүстік Қазақстаннан» қоңырау шалынды. «Аға, «Бүгінгі сөз» айдарымен жарияланған мақаланы оқыдыңыз ба?» – деді тілші келіншек. «Оқығанда қандай? – дедік біз. – А.Бекназарұлы жазыпты. Маңызды мәселе көтеріпті. Өкінішке қарай...»
Одан әрі әлгі қарындасымыз: «Неге өкінішке қарай дейсіз? – деп таңданды. – Зейнеткерлікке жасы жеткен, түрлі-түрлі салалар мен буындардағы ірілі-ұсақты басшылардың орындарын босатпай отырып алатынын қолдайсыз ба, немене?»
«Жо-жоқ! Қайта газеттегі мақаланың мәнісін қолдаймыз, – дедік біз. – Өкінішке қарай, бастама көтере алмайтын боп тұрыппыз дә».
«Түсінбедік, – деді қарындасымыз. – Қандай бастама еді ол?»
Оқырман да онша ұғыныңқырамай қалған шығар, төтелей тікесіне көшелік. Облыстық газетте «Қартайғанда зейнет бер». Осынау мақал елдің бәріне бірдей жаға бермейді...» деген тақырыппен кей кісілерге ұнамайтын мақала жарияланды. Өте ділгір жағдаятты қозғаған. «Басшылар сіздің тәжірибеңіз керек деп жатыр, зейнеткерлікке шығармай қойды» деп, тиісті жастан асып кеткенімен, жастарға креслосын қимайтындар аз емес. Қай тарапта, қандай салада болсын, толып жатыр. Есесіне, небір қабілетті, қарымды, қажыр-қайраты асып-төгіліп тұрған, талантты жас кадрлардың талабы қайтып, тауаны шағылып, уақтылы ашылмай қалып қояды.
Осыдан үш жыл бұрын Ақпарат министрлігінің жергілікті басқармасы қысқартып, жұмыссыз қалдық. Республика бойынша барлық облыстарда тіл басқармалары ашылатын боп, облыс басшысы: «Үйде өкпелеп жатырсыз ба? Тіл басқармасында сіз істемегенде кім істейді?» – деді. Келдік.
Құдай қаласа, келесі жылдың мамыр айында, өзімізше бір бастама көтеріп, әлгі белгілі жасыңызға дәл толған күні зейнеткерлікке шықсақ деп едік. Жоғарыдағы «бастаманың» мәні осытұғын.
Әрине, кімге де болсын, үлкенді-кішілі бастыққа немесе директорға, т.б. және т.т. орын босатып кете салу оңай емес. Біздің тілдерді дамыту басқармасы – ең кішкентай мекемелердің бірі. «Тілім-тілім деп, тілім-тілім боп» жүріп, биіктемін деп те, биліктемін деп те, шенеунікпін деп те сезінбеппіз. Сонда-дағы, шайлығы мен байлығы болмаса да айлығы бар, шағын да болса темір көлігі бар дегендей... Бір жылдары Анарбек Орманов қала әкімі боп тұрғанда ше, алдына кірдік. «Анеке, облыстағы әкімдерге үлгі көрсетіп, тегіңізден «-ов» дегенді алып тастаңыз, бастама болсын», – дедік. Анекең күліп: «Маха, өзгелер өзге нәрсе сұрап келуші еді, сіз...», – деді-дағы, екі апта өткенде төлқұжатын көрсетті. Шынымен-ақ «-овты» алып тастапты. Сөйтіп, құжат жүзінде жазушылардан біз, әкімдерден Анарбек Орман облыс бойынша бірінші боп тегімізден «-овты» алып тастағанбыз. Ал, үйдегі жеңгелеріңіз сонда: «Қала әкіміне кірген екенсіз, екі әріп сұрағанша, екі сотық жер сұрамадыңыз ба?» – деген. Ол кісі сіз деп сөйлейді бізді. «Облыс әкімдерінің маңайындасың ғой», – деп қызығатын қаламдастар да аз емес. Бірақ сол әкімдерге өздері шақырмаса, өздігімізден кіріп көрмегенімізге, жеке басымызға бірдеңе сұрап көрмегенімізге біреу сенер, төртеу сенбес.
Алайда, Алла жазып, алдағы көктемге аман шығып, мамыр соңына таман пайғамбар жасына жетсек, көкейдегі ойдан қайтпақшы емеспіз. Зейнеткерлікке шығарып саласыздар.
Әлгі қоңырау шалған тілші келіншекке осыны мағлұмдадық. «Кешіріңіз, аға, – деді қаламгер қарындас. – Мен сіздің жасыңыз... жақындап қалғанын білмеппін. Газетіміздің белсенді авторы ретінде әлгі мақалаға пікіріңізді ғана сұрап едім...»
Тілші қарындастарға жасырақ көрінетіндігімізге һәм ризамыз ғой.



Мархабат БАЙҒҰТ,
ОҚО тілдерді дамыту
басқармасының бастығы.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу