31.05.2021
  172


Автор: Мархабат Байғұт

КҮДІРЕҢ

— Сен мені жақтырмай қалдың ғой? — деді Таңсұлу тілімен мұның иығын қытықтап жатқан күйі. — Ұнатпағаныңды бірден білдіреді екенсің өзің. Баяғы поселкенің ақ шиферлі мектебін есіңе алдың ба, немене? Ойламай-ақ қойғын енді ол жылдарды. Өткенді көп ойласаң, қартайғандықтың белгісі. Қатты таңырқап жатқан сияқтысың ғой өзің? Неге таңырқадың, а? Өзің қышқылтымсың...
Ол тілімен тағы да мұның иықтарын, омырауын қытықтай түрткілеп жөнелді.
Көксарай кентінің шетіндегі үлкен жолмен темір көліктер тынымсыз ағылып жатыр. Әрқайсысы гүр-гүр етіп өткен сайын мұның тұла бойы дір-дір ететіндей. Ал, мына Таңсұлу ше, бәлекетің, зыр қаққан мәшинелер заулай жанап, жақындаған сәттерде, қайта, керісінше өршелене, өшіге демігеді-ай. Оның сұп-сүйір тілі алғаш мұның тұла бойын тінткілей бастағанда, тіксініп, шошына ыршып кетпекті күйттеген бір сезік, сосын сол сезікке ілесе, тіпті жанұшыра бас көтерген, бәлкім, ғұмыр бойы аңсары болып бұғып жататын бір сезім тепе-тең түсіп, басы құрып кеткір тәп-тәтті айналып жүре бергентұғын. Оның күлімсірей, сынаңқырай қарағанын қыз кезіндегі ұп-ұзын кірпіктерінің арасынан ағараңдаған таңда аңғарып, сыр бермеске бекінді.
— Өзің... Алыстағы ауылдың еркектеріне ұқсамайсың ғой, тіпті, — деді Таңсұлу төсектен түрегеліп, шашып жинап отырып, бұл жаққа асқан ризашылықпен көздерін төңкере тастап қойып. — Ал, сен, білесің бе? Әрбір адамның атына ғана орайлас айрықшалықтары болатынын? Мәселенки, менің атым — Таңсұлу. Мұндай ат, біріншіден, мүлде сирек. Екіншіден, осылай қойылғаны бекер еместігін екінің бірі білмейді. Сезбейді де. Мені тек таң атып келе жатқанда ғана көрмекке керек. Осы, мына жалғанда үш күйеуге тидім. Солардың үшеуі де таң алдында өліп ұйықтап жататындардың сортынан еді. Сол үшін шығар, сірә, бәрін де иттің етінен бетер жек көретінмін. Әйтеуір, үшеуін де өмір бойы таң алдында бір де бір мәрте оята алмадым десем, сенесің бе? Сенбейсің ғой, сен... Ал, ойнастар... Олар оятар кезде жым-жылас, жоқ боп шығады. Есесіне, сен, өзің, алғаш рет таң алдында тап болдың ғой, ақыры. Кім ойлапты осыны? Жерден шықтың ба, көктен түстің бе өзің?! Отыз жыл көрмеген кластасым... Бүгінгіше айтқанда, сыныптасым...
Көксарай теректерінің үстіңгі тұсынан, сауыс-сауыс таулардың арғы жағынан таң атып келеді екен. Кластас қызының, сыныптас сұлуыныңжаңағысөздерінасқан ықыласпен, толқи тыңдап алып, былай, жөндеңкіреп барласа бар ғой, шынымен-ақ таң алдындағы Таңсұлу баяғы қыз кезіндегідей құлпыратын секілді. Ұлы шаһарға қарата жосылып жатқан жолдың, қарауыта жалтыраған асфальттың арғы ойпаңынан буалдырланған бу бұйралана көлбеңдеп, бұлаңыта сиқырланады. Құдды, осыдан отыз жыл бұрынғы, баяғы Таңсұлу айналадағы аязды шегіндіріп, еріте еркелеп келе жататын қаңтардағыдай. Түнде бұларға білдірмей жаңбыр сіркіреп өткен бе, әлде бұл өңірде шипалы батпақ курорты бартұғын, мына маңайдан да ыстық су қайнап шығып жатыр ма, оны кім біліпті. Қайдан сап ете қалғанын, табан астынан Талбикенің белін таянып, кирелеңдеп жүретіні көз алдына келіп тұра қалды. Екеуінің қосылғанына жиырма бес жыл толу тойын жасамақшытұғын. Сәл төменіректегі қалың қамыстың үлпілдек, ұлпа қарқараларын көргенде, шашының арасы терлеп кетті.
Әдеттегі әуестігіне салып, айнала-төңіректі түгел шолып шықты. Түнеп, күнәға батып шыққан жайының ауласынан әжептәуір үлкен үйдің құрылысы аяқталуға таяпты. Жалғызбасты қатын үшін осал тірлік емес. Еркекпіз деп жүріп жатқан мына мұның ойы түгілім түсіне де кіре бермейтін дүние-дүр. Деп түйіп, біраз тұрды. Таңсұлу, сірә, бұған таңертеңгі шай әзірлеп жүрген шығар-ау. Сайлы ойпаңдағы ирелең қаққан арықтың салқын суына жуынып отырып, оның бетіне қайтіп қарайтынына ақылы жетіңкіремей, діңкеледі. Шандырланған екі бетте жан жоқтай. Өзін-өзі, салқын сумен жуынғанды желеу етіп, аямай шапалақтады.
Тамғабай тастақтау қиямен көтеріліп, тегістікке ілінген соң бұл өңірге неге тап болғаны есіне енді түскендей-ақ, айналасына алақ-жұлақ қарағыштады.
Тү-у арса-арса таулардың ара-арасындағы Бүлдірген ауылынан бұрнағы күні жолға шығып, біржарым тәулікті артқа тастап, қас қараярда Көксарай кентінен таяқ тастам тұстағы мемлекеттік кеденге келіп жеткен еді. Бүлдіргендегі және сол төңіректегі өндірістік кооперативтердің біраз-біраз адамдары секілді Тамғабай да жекешелендіріп жер алмақ болып жүрген. Таулы ауданның өзге шаруашылықтары секілді бұлардың Лейлін пұты һәм бұтарланып, бөлшектеніп кетті. Қағаз жүзінде қүжаттамаса-дағы, ежелден бермен қарата маңдайының терін төгіп, Талбикеге қосылғалы бейнет сіңіріп келе жатқан жиырма шақты гектар егістікті егеленіңкіреп, егемендіктің ендігі беталысы қалай бағытталарын бағамдаңқырап жүретін Тамғабайыңыз — осы.
Сөйтіп жүргенде, Бүлдіргенге бір қора қонақ барды ғой, баяғы. Білетіндердің айтуына қараса, үш жылдай бұрын жаңадан ашылып, қазіргі күндері қадамын қатайтып үлгерген кеден саласының кердеңдері екен. Кеден дегеніңіз шекараларда тұрып алып, жорғалай жортқан тышқаныңызды тексеріп өткізетін, ызыңдай ұшқан шыбыныңыздың арқалағанын һәм шып-шырғасын шығармай тізімге тіркейтін, қысқаша айтқанда, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс мекеме, оған қызметке тұрмақтың өзі кәдуілгі МАИ мен полициялардан бес-бетер. Деседі жәмиғатыңыз.
Кеденнен келгендерге әуес нәрсе ғой деп, самаурынмен шай қайнатудың жауапкершілігі Тамғабайға тапсырылды емес пе, баяғы. Сәтін салып, бақ қонамын десе, сөз боп па, сонда өзімен құрдас, негізінен алғанда ұқсас, негізгі қонақтардан қалған-құтқан арақты сарқып ішкенді жарататынына дейін айнымастан дәл келетін Келдібекпен танысты ғой. Тамғабайды да өлсін деп жаратпаған шығар-ау, көктен іздегені, сөйтіп, жерден табылды. Сұраса келе құрдас боп шықты. Кеденнен келген, мұнымен терезесі тең, жылы шырайлы жағдайда шүйіркелесіп отырған қадірменді қонақтың қарапайымдылығын айтсаңызшы сондағы. Тамғабай даусы дірілдей толқып, өзінің жекжат-жұрат, дос-туыс жағынан оншалықты оңып тұрмағанын жасырған жоқ. Ауданда, облыста, одан да жоғарғы жақтарда біреуі, тіреуі барлардың ғана қадамдары ілгері басып, тастары ылдидан өрге домалап, ағымға ілеспек түгілім, алдына түсіп тайраңдайтынын мақұлдата мағлұмдады. Туды-бітті, осы Лейлін пұттан (Бүлдіргеннің кеңшар кезіндегі аты ғой) аттап шықпаған секілді. Кезінде екі жыл аудан орталығы аталатын поселкедегі интернатта оқығанын, одан соң екі жыл әскер қатарында құрылыс салғанын есептемесе, ештеңе көрмегені де рас. Ең ақыры, қатынды да, қосылғанына жиырма бес жыл толып, той жасайын деп отырған, анау жүрген Талбикені де осы Лейлін пұттың ішіндегі төрт үй тутамғалыдан алғанын сыр қылып шертті.
Тамғабайдың табан астынан тапқан танысы, табысқан досы, құдай қосқан құрдасы Келдібек-кеден қызыл будан бол-е-е-еп қана, негізгі қонақтардан орталанған, іші-сырты мұнарланған «Беркут» дейтін сорайған шөлмекті тоңқайта сарқып іш-ше-е-е-еп отыра береді екен. Тамғабайдың таңдайына тым тазаңыздың өзі онша тати қоймайды-дағы. «Арақ біздікі, арақ шығаратын шаһар біздікі, боса-бомаса бүркіт баяғыдан біздікі, сонда қалайынша «Беркут» атала салады?!» — деп ойлаумен басын қатырады. Келдібек-кеден ыңылда-а-а-ап, қызыл будан күйінде жамбастап жата берді.
Тамғабай алған бағытынан қайтпақ емес-ті. Тосын таныстықты біржола шегелеп, мықтап құрамаса, болмас. Сондықтан тамағын кенеп қойьш, әңгіменің әуенін өзгертті:
— Мен енді сенге көшіп, Келдібек-кеден десем, жараса ма, құрдасым-досым? — деді.
— Жарасқанда қандай! — деді Келдібек-кеден.
— Мына мәртебелі меймандарсыз-ақ, жекешеленіп, оңашаланып келіп қайта аласың ба? Анау, Аршалы табанында тапаншамен тас атып жатқан бастықтарыңсыз келуге болады ғой?
— Болғанда қандай! — деді Келдібек-кеден.
— Келгін. Шын айтам, — деп, көзі таза арақтың шөлмегіндей мұнарланып, жасаурап, орнынан тұрды Тамғабай. — Келші, бауыр-е-е-ем, құшақ айқастырайықшы бі-і-і-ір, құдай мені қашанғы қыс-с-сы-ы-ы-ын, менің де бір жоғарыда, к-к-кеденде сүйеуім болсын-шы-ы-ы-ы... Тіреуім тұрсын-шы-ы-ы-ы...
Бұл кезде Аршалы сайдың табанында мергендіктерін жарыстырып болған меймандар қайтпаққа беттеген-тін. Жаңбырға жібіген сасыр қурай секілденген танауын құрғатып, Тамғабай Келдібек-кеденге өзімсіне қарап, асқан бауырмалдықпен, сәл-пәл ғана мұрнынан сөйлеп, бүйдеді:
— Екі аптадан соң күтем сені. Өзіңе атаған атым бар, соны алып кетесің.
Шынымен-ақ екі апта өткенде жетіп-ақ келді Келдібек-кеден. Бүлдірген ауылында, Тамғабайдың шарбағында шапан жауып, ат мінгізу ресімі жаман өте қойған жоқ. Арнайы келіп, қорабының артқы жағын жарлауыттың қабағына тіреген жүк мәшинесіне қара қасқаны тиеп болған соң, екі дос, жан қиыспас құрдас сәл-пәл былайырақ барып, оңашалау шығып шүйіркелесті. Қоштасар сәт те таянды. Өз кезегінде Келдібек-кеден Тамғабай тамырын Көксарай кеденіне шын ықыласпен шақырды.
— Шақырғаныңа рахмет! — деді Тамғабай толқып кетіп, бақыттан басы айналып. — Біз барармыз-бармаспыз, мәселе онда емес, бауыр-е-е-ем... «Кеден жағында Келдібек деген досы бар, құдай қосқан құрдасы бар». Осы сөздің өзі де жетеді бізге! Аман барып, сау жүргін енді. Бұдан былай қарата бала-шағаммен қоса сенің тілеуіңді тілейтінім аян...
Меймандар көбірек келетін мамыр айы аяқталып, маусым жетті.
Шатақ күтпеген тұстан шықты.
Жоғарыда айтқанымыздай, жекешелендіріп жер алмаққа бекініңкіреп, өзіне икемдеңкіреп, айнала-теңірегін қаусырмалай қорғаңқырап, пішен-шөбін шауып алыңқырап жүрген жиырма гектарға жетеғабыл алқаптың жартысына жуығына былтырғы күздік жөнді шықпаған-ды. Седірең тартып, селтиіп тұрған егінсымаққа орақ салудың шығыны өтелмейтіндіктен, жәмиғат жабылып мал жайып жіберген-тін. Биылғы кектемде сол жерде күдірең бидай қаулап кеп берсін-ай. Өз алдына бөлектеніп үлгерген орталықтағы өндірістік кооперативтің төрағасы иесіз жердің күдіреңін иемденіп шыға келді ғой, баяғы. Бұ бәленің облыс жағында бір дөкей нағашысы бартұғын. Емін-еркін тайраңдауының түпкі себебі сонда жататын-ды. Бүлдіргенге бағзы замандардан тиесілі, татымды тоғайлардың талайын тартып алғаны тағы бар. Өзі де бір тіміскіленген тазы тұрпатты, нағашысының қандай екендігін ит біліп пе, дегендейін хиқаяларды жәмиғатыңыз айтатын. Сол тіміскі-төрағаңыз көпе-көрнеу күдіреңге килікті.
— Мен еккізгенмін! — депті орталықтағы өндірістік кооперативтің төрағасы сүмсеңдеген тұмсығымен Бүлдіргеннің аспанын тесердей.
— Оу, шырағым, біріншіден, бұл — Бүлдірген ауылының жері, екіншіден, мынауыңыз— күдірең емес пе? — деседі ғой, баяғы Тамғабайлар. — Мұнсыз да талай-талай жерді қағазбен құжаттатып, тапа-тал түсте қаратып алдың ғой, қарағым?
— Бүлдіргендікі екеніне таласым жоқ, — дейді сәл ғана бәсең түсіңкіреген төраға-тазы тықақтауынан танбай. — Бірақ былтыр өзім еккізгемін, мына қолыммен! Биылғы өнімін мен аламын! Қайда барсаңдар, онда барыңдар!
Тамғабайлардың шақшадай басы шарадай болды. Лажсыз, ләм-мимсіз, ауыздарын аңқайтты. Нөмірі бірінші көршісі көңіл айтты:
— Күдірең бидай қайбір астық боп жарытар дейсің? — деді. Нөмірі екінші көршісі қайта қоздыра түсті:
— Күдіреңге келмес, жиырма бестен кем өнім бермес көрініс қой мынау! — деді. — Бүгін күдіреңді алар, ертең етегіңе қолын салар. Бүрсүгіні жағаңа жармасар әлі.
Тамғабай әлденені ұмытқандай, аса маңызды бірдеңені ойына түсіре алмағандай, есінен шығарып алғандай мазасызданып, екі күндей жүрді. Кенет, үшінші күні Талбикеге таңдана қарап-қарап алып, орнынан ұшып тұрды: «Ойбай-ай, ойбай-ай! Келдібегім-кеденім, неге есіме келмеген?! Қалай ойға түспеген?! Бар бізде де! Анау-мынау емес, кеденде! — деді тістеніп. — Барайын мен-дағы. Салайын әкеп, кеденді күдіреңге, майқана-майданға!»
Тамғабай біржарым тәулік шығындап, Көксарай кеденіне келіп жеткен. Шұбар киімді кезекшінің кекірейгені ұнамады. Қазіргі маусым айының күнбағысындай емес, күзгі үскірік ұрған пістедейін түксиеді. Мамырда мұның ауылына барғандардың ішінде мұндайы мүлде жоқұғын. «Жер-жаһанның жартысын жайпағысы келіп, күдіреңге күндес боп жүрген пәле-пиғылдың бір нағашысы осы емес пе екен өзі?»— деген ойға бір тіреліп, тымырсық ымырттан тағы қауіптенген Тамғабай кішік тартып:
— Інім, Келдекеңе келіп ек, — деді сәлемін алмағанын кек тұтпай-ақ. — Досы, құрдасы боламыз. Келдекеңнің...
— О кім еді? — деген шұбар киімді кезекші жүрегі құрығырды солқ еткізді.
— К-К-Келдекең...
— Фамилиясы кім?
Құдай төбеден ұрғанда, жан құрдасының ата-тегін тергемепті, фамилиясын сұрамапты.
— Фамилиясынбілмейтін ем, шырағым. «Көксарай кеденіндегінің бәрі біледі»,— деп еді.
— Пуһ! — деп жарылды әлгі шұбар-кебін долданып, — Онда аулақ жүр, көке! Штаттағысы бар, штаттан тыс, құйысқанға қыстырылып жүргендері бар, қайдан білем?! Өзімнің келгеніме бір ғана апта. Барыңыз-барыңыз, көке! Аулақ!
— Түр-келбеті келісті, мейірбан, қарапайым. Қазақ еді, жігіт ағасы, — деп, тағы үміттеніңкіреді Тамғабай.
— Немене, кедендегілердің бәрі баскесер деп кім айтты сізге?! Ертеңкеліңіз, жарық барда жақсылап тұрып іздерсіз мейірбаныңызды.
— Ішбомаса, қонып шығатын жерлерің жоқ па? Келдекең Көксарай кентінде тұрмаймын, ауылдан қатынаймын деп еді. Ойпырай, қайда түнеймін енді, а?
— Пуһ! — деп, тағы жарылды кеденші жігіт. — Арғы бетке өтсеңіз, бәрі тұр ғой! Барыңыз-барыңыз, аулақ-аулақ, көке!
Арғы бетке өтіп, біраз жүрді. Алғашқыда жатырқай қарап, бөгеліңкіреген. Іле-шала қолды бір сермеп жіберіп, қызғын әлемге енді де кетті. Араны ашылып-ақ қалған екен. Қазақтарыңыз һәм шашлық пісіруді керемет үйреніпті. Ағай-ағайлап, айғайлап шақырады. Алақан ысқылап, әйнек сөренің арғы жағында тізілген «Беркуттарды» нысаналап, көз қиықтайды, қулар-ай. «Беркут» арағын ертең, Келдібек-кеденмен бірге ішер, бір өзіне ұзындық қылар. Сол себепті, сыртының өзі қызғылтым тартып, қыздай сызылатын, шағын ғана астаналық арақты қалады.
Бір-екі сағат уақыт артта қалған шақта тып-тымық түнде, түп-тұнық аспан астында Тамғабай өзін күллі тегіс дүниенің иесіндей сезініп, жол жағасын жекешелендіріп алғандай-ақ тайраңдап, әйнек жаққа тағы қатынап қайтты. Таулы аймақтардай емес, бұл жағыңызда бәрі алақандағыдай, айналаңыз теп-тегіс, түп-түгел. Жұлдыздар сәл ұсақтау ма, қалай? Бірақ, тым көп екен. Аспаны да шетсіз-шексіз секілденді. Қайда қонамын, нендей тұсқа түнеймін деп уайымдаудың қажеті шамалы. Таң атқанша осында тамашалап отыра береді. Жол көліктер де, жолаушылар да тынбас, мыналардың орындықтары мен үстелдері Тамғабайдың салмағына сынбас. Қайдағы бір тау-тастың арасында тынысы тарылып, қор боп жүр екен де. Келдібек-кеденмен ақылдасып, осы тарапқа қоныс аударуы да бек мүмкін. Қазіргі заман — ұлы көштің заманы. Тамғабайдың таудан кеткенінде не тұрыпты? Тепе-теңдік заңы бұзыла қоймас бұған бола.
Тепе-теңдігінен сәл-пәл ғана жаңылыңқырап, аз ғана кідірістеп, қадамын түзеп алған Тамғабай біраз серуендеген. Кенет қарсы алдынан «Таңсұлу» кафесі пайда бола кетті. «Таңсұлу... Таң-Таңсұлу», — деп күбірледі бұл. Кафе ішінде бірер адам отырыпты. Сәл әрегіректе үстел үстін сүртіп тұрған әйел бері бұрылған. Бұрылып қана қоймастан, сыртқа қарата беттегенін қараңызшы. Ие-ие, іштегі әйел қаракөлеңкелеу тартып тұрған тысқа шыққанда бар ғой, қызға айналып жүре берді.
Бүл Таңсұлу еді.
Екеуі бір-бірінен көз ала алмаған күйлерінде, табандарын жерге желімдеп тастағандай, қатқан да қалған.
— Тамғабай емеспісің, осы?! — деді әлгі әйел. Жо-жо-о-оқ қыз ғой, қыз.
— Таңсұлу, бұл сенбісің?! — деді Тамғабай. Тамағынан тоғызыншы кластың үні шыққан құмыға.
— Тамғабаймысың, шынымен?! — деді Таңсұлу қыз. — Шынымен-ақ сен сол боп шығайын деп тұрсың-ау? Мына сұмдықты қарашы енді! Сенімен де кездестік-ау, сұмдық-ай...
— Та-та-аң-сұлу! — деді Тамғабай торлама топылиы тастақ алаңқайдың шетіне шегеленіп қалғандай, тапжылмаған күйі, тек белінен жоғарғы жағы теңсетіліп.
Таңсұлу баяу ғана, аяңдап қана адымдағандай. Бұған қарата бір аттап, екі аттап, бірте-бірте асыға-аптыға жақындағандай. Тамғабайдың танауы Келдібек-кеденмен бауырласып-табысқандай жіпсіп, тіпті ашып жөнелгендей. Осыдан отыз жыл бұрынғы тоғызыншы кластың қызы Таңсұлу жақындап-ақ қалғанда, егін пісер алдындағы маусымның маңпал түнінде, табан астынан бір перделер пайда бола кетті емес пе? Таңсұлу қыз сол перделерден керінбей кетті ме, сәл ғана кідіріп, кафесінің, әлде үй-жайының айналасына алаңдады ма, Тамғабай одан айрылып қалардай аласұра алақтады ма? Кластас қызын, сыныптас сұлуын ғайыптан тайып, ұшып кетер құстай көрді ме, ілгері қарай асыға-аптыға ұмтылып, Таңсұлуды тезірек уыстай, ұстай алмаққа әрекеттенді ме? Таңсұлу қыз кластағы қара партаны айналып өткендей болды ма, тағы бір бұлғаң етті ме, тағы көрінбей кетті ме? Кафенің алды көгілдір түтін бе, әлде тұманытқан түннің жұмбақтары ма? Көгілдір перделерден кідірістеп, енді-енді жақындады ма, түтінді күйдіріп, тұманды жандырып жетіп, жанында тұр ма? Деміне орап, деміге тіл қатты ма? Қайтадан тұман түсті ме, қос анарының екі ұшы сол жұқа-жұмбақ тұман-түтінді түртіп-түрткілеп, ап-анық көрінді ме, осыдан отыз жыл бұрынғы интернаттың ауласындағы алқоңыр алша жемісіндей жауһарлана биледі ме? Қос түйме...
Екеуі қол алысып амандасты ма? Қол алысып, сәлемдескендей ме? Оны қанағат тұтпастан құшақтасты ма? Содан үйге кірді ме, бөлмеден бөлмеге өтті ме екеуі? Поселкенің мектеп-интернатындағы селкілдек кереует секілді бірдеңеге отырды ма екеуі? Бірер шөлмек бірдеңелерді орталарына қойып жатты ма екеуі? Кластас қыздар да ішеді екен-ау, деді ме бұл? Кластас қыз ұзақ-ұзақ хикаялар шертті ме, кластас ұл, яғни бұл, одан озыңкырап-озыңқырап кеткен жоқ па? Кім білсін-ай, кім білсін...
Түннің бір мезгілінде оянса, ай сүттей жарық екен. Таңсұлу жанында ұйықтап жатыпты. Бүл орнынан тұрып, далаға шығып, мұздай суға жуынып, есін жиып, ұйқысын ашып, кешқұрымғы көгерең кеденші жаққа қарап, масаттана есінеді. Шыныман-ақ сол. Таңсұлу. Шашы төмен төгіліпті. Әрине, көп-көп сұйылған шаш қой.
Отыз жылыңыз аз уақыт емес. Таудағы, алыс-алыс ауылдардағы қыс қатты еді тіпті. Тым ұзаққа созылатын. Алты ай қыста қалың қардан мезіленіп, титімдей ғана, тоқымдай ғана қарайған жерді көрсе, естері шыға қуанушы еді ғой бұлар. Кейінірек аудан орталығындағы интернатта оқыды. Сонда көрді ғой Тамғабайлар Таңсұлу қызды. Сонау қияндағы қыстаулардан жаурап-жасынап, тоңып-қалтырап, әлдеқалай бара қалған трактордың ауру-сырқау қойларды толтыра тиеп алған тіркеме-шанасына әзер ілігіп, дәрі мен қи сасып, асфальт жолға жеткенде бар ғой, жұмаққа кіргендей күй кешетін. Поселкенің асфальт жолын бойлап жүрген сайын жылына беретін-ді. Қар қаншама көп жауғанмен, ерсілі-қарсылы ағылып жататын темір көліктердің қызуынан ба, жол жиектері жібіп, орта тұстағы мұз ойыла аршылып, көктем кеп қалғандай әсер ететін еді. Тіпті олай болмаған күннің өзінде, қар қылаулап, аяз қысып тұрса-дағы, дірдектеп таудан түскен Тамғабайлардың алдынан, аудан орталығындағы акация ағаштарының арасынан қиял-ғажайып ертегілеріндегідей таңдандырып, Таңсұлу шыға келетін. Ұзын кірпікті, үлкен көздерін жайната қайран қалдырып, қып-қызыл алмадайын топ-томпақ екі беті дүние жүзін жаулаған бүкіл аяз атаулыны кері шегіндіріп, еркелей ерітіп келе жататын-ды. Қасындағы қыздардан өзгеше өрнектейін бөлекшеленіп, сәл қалыңдау, қыл-қызыл еріндеріне теп-тегіс тізіле салған әппақ тістері ақсәуле шашып, күлетіні ше?
Ауылынан қайтып жеткен күні Таңсұлудың тап солай шыға келгенін, келе жатқанын, кетіп бара жатқанын бір көрмесе, көңілі көншімейтін. Бойы жылынбай, сүлесоқ күйден арыла алмай, азаптанатын. Мектепке жақындай бергеннен-ақ, класқа кіріп келгенде де солайтұғын Таңсұлу. Айналасында ай ма, әлде күн бе, бірге ілесіп жүретіндейтұғын. Ал, сабақ айтқанда ше? Әсіресе, өлең оқып тұрғанда: «Ақ киімді денелі, ақ сақалды; Соқыр, мылқау танымас тірі жанды. Үсті-басы ақ қырау, түсі суық; Басқан ізі сықырлап келіп қалды...» Дегендегі даусынан ше, Тамғабайыңыз тоңып, қалтырай жөнелетін-ді. Таңырқай қараса бар ғой, Таңсұлу сәл ғана жымиғанның өзінде жылытып, сәлден соң-ақ ыссылата бастайтын. Тоғызыншы класс окушысы Таңсұлудың үнінде жұмбақ әуен аз емес-ті. Оқыдым, білдім, түсіндімнен де басқарақ бірдеңелер болатын. Кей-кейде, кенет тұнжырай қалып, Абай ақынның табиғат лирикасынан оқып тұрған өлеңін шашып-төгіп алатын. Сұлу жыр, өзгеше өлең, бәрібір Таңсұлудың тамағынан сыңғырлай төгіліп түсіп, тісі мен тілі арқылы мөлдірей өтіп, моншақтай шашырайтын.
Таңсұлу сәл сәтке мұңайса, Тамғабайдың күні бойы жылағысы келетін. Әдебиеттен беретін мұғалім-дағы Таңсұлуға өлең оқытқанды айрықша жаратады-ау, үн-түнсіз тыңдайтын еді. Бірде, Таңсұлу өлең оқып тұрып, табан астында түйіліп, жөтеліп қалды. Құлшынысын қайта таппаққа тырысты. Онысынан ештеңе шыға қоймаған. Қайта кідірді. Қабағындағы кірбің ұлғайды. Келесі шумақты бастап, тағы кідіріп тұрды. Кідіріске діріл араласты. Сол діріл күллі класс ішіне, одан соң бүкіл мектепке тарап бара жатты. Әдетте, әдебиетіңіз, ең соңғы сабақ қой. Ертеңіне Таңсұлу мектепке келмеді.
Содан кейін Тамғабайлар Таңсұлуды көрген жоқ. Ол қаншама таңғажайып Таңсұлу болғанымен, қоғамдық тамақтандыру мекемесіне қарайтын ресторанда ыдыс-аяқ жуатын жесір әйелдің жалғыз қызы еді. Білетіндердің айтуына қарағанда, шешесі күтпеген жерден, күнкөріс қамы үшін бір дөкейге беріп жіберіпті. «Жоқ ол қыздың өзі ғой, өзі кінәлі. Шоштаңдап жүріп, шоқ басып қалған екен». Дескендер де табылған.
Таң алдында оянып кеткен Таңсұлу Тамғабайдың ойы аяқталғанын білгендейтұғын. Таң қаларлықтай қылық танытып, мұның мойнынан құшақтады ма, өзі шешіндіре бастады ма? Тамғабай түк те, титімдей де қарсылық білдірместен, көздерін тарс жұмып, тоғызыншы кластағы Таңсұлуды елестетіп, ғарыш жаққа самғап ұшып кетіп қалды ма? Сезігі мен сезімі тең түсіп, итжығыстың арғы жақ бергі жақтарынан табылып, ғарыштан жерге қалай оралғанын білді ме, білмеді ме?
Көксарай кеденінен таяқ тастам тұста болар іс болып тынған, әйтеуір.
Жуынып-шайынып оралған Тамғабай қарсы алдында отырған, қартаңдау тартып үлгерген қатпа қара қатынды көргенде, «аһ» ұра жаздады. Өзін-өзі әзер ұстап, шырқыраған шыбын жанын кеуде-кеденінде қамалап, жүрегін жүгендеп үлгерді. Маусымның мұздай суынан мақпал тартыңқыраған бет-аузы бір жағына қарата тартып-жұлқып, жұлқып-тартып кетті ме, қисайып қалатындай сезінгенін білдіріп алмақтан үрегейленіп, үрейлене үрлеп, шай сораптады.
— Мен енді таң алдындағы Таңсұлу емеспін, Таня апай ғанамын, — деді ол. — Енді бірер сағаттан соң күнделікті күйбең тірлігіме кетсем керек. Осы мына үй-жайлардың иесі де мен, құл-құтаны, күлді-көмеш күңі де өзіммін. Бәрібір, баяғы сорлы шешем секілдімін, ыдыс-аяқ жуғаннан арыла алмадым... Бұйымтайың болса, айта отыр. Қайдан жүрсің, мұнда қалай тап болдың? Сол алыстағы ауылдасыңдар ма, әлде үдере көшкендер секілді шәрілі жерге аунадыңдар ма? Біз, мінеки, осындамыз. Жалғыз қызым бар. Алдырып тастай беріп, қалдырғаным біреу ғана. Он бес жаста... Екіқабат... Алдырма дедім. Некесіз өссе де, әкесіз өспесін бала деген... Аузым күйген. Күйеу баланың төрт қатыны бар, бесіншісі — біздің Жансұлу. Мына екі қабатты үйді өзіміздің күшімізбен салып жатыр дейсің бе? Қай-да-а-а-ан...
Таңсұлудан туған Жансұлу, сөйтіп, сенің кластасыңнан гөрі бақыттырақ болмақ...
Тамғабай үн-түнсіз тыңдады. Басын жерден көтере алмады. Ғарышқа ұшып барып қайтқаны қайда? Ендігі айтар әңгімесінің дәмі мен мәні бар ма? Осы бір сәттегі жан күйзелісін жеңілдетер түк те қалмағандай ма? Жер үсті, аспан асты бос, боп-боз бірдеңеге айналғандай ма?
Терең-терең күрсіністен соң бұл пәни жалғанда Бүлдірген атты ауылдың, онда кирелеңдеп жүрген Талбикенің, жиырма бес жылдық тойға ауданнан ансамбль әкелеміз деп жүрген бала-шағаның, күдіреңді айтпаған күннің өзінде, басқа да талай тірліктің бар екенін ойлай бастады. Нөмірі бірінші, нөмірі екінші көршілері тағы бар.
Басын сәл-пәл көтерсе, Таңсұлу үстел үстін жайнатып-ақ қойыпты. Өзі онша қайғырып отырмаған секілді. Сондықтан сәл-пәл серпіліңкіреп, осыдан отыз жыл бұрынғы кластас қызынан, сыныптас сұлуынан Келдібек-кеден хақында солғындау тартқан үнімен-ақ, сүлесоқ кана сұрай салды. Сөйтсе, Келдібек-кеденді Таңсұлу жүдә һәм жақсы біледі екен. Тіпті бар ғой, досы екен. Қандай дос екенін иті біліп пе? Тамғабайға ендігісі бәрібір, нәніпәтір емес пе? Иә, жап-жақсы танитын боп шықты. Келдібектің кеден-педенге пәлендей қатысы шамалы екен, осы маңайдағы бір ауылда, осындағы шоң-шүйделеу бір бастықтың малын бағып-қағады. «Таңсұлу» кафесіне негізінен ет дайындап жеткізетін де сол боп шықты. Енді бір жарты сағат өтер-өтпесте, жер жұтпаса, жетіп келеді.
— Қой, ішімізді отқа оратып, жалынға жалатып, жан-жүректі жылатқанша, мынадан алып қоялық, — деп Тамғабай алдындағы арақтан құйды. — Енді бұл жаққа жол түсе ме, түспей ме? Көреміз бе, көрмейміз бе? Өткен де кеткен қу өмір-ай! Кел, кластас қыз, сыныптас сұлу!
— Кеден жаққа келсең, кел. Өзіңе-өзің сенсең, кел, — деді Таңсұлу үнін құйқылжытып. — Мен күндіз татып алмаймын, кластас бала! Түнде ішіп, таң алдында оянам...
Тамғабайдың өзі алып жіберді. Елпілдеп, екіншісін құя бергенде, желпілдеп Келдібек-кеден жеткен. Ләм-мимсіз ұғысып, нарық экономикасының тез түсінісетін адамдарындай төс түйістірді екеуі. Қайта-қайта құшырлана құшақ айқастырды екеуі. Құдай қосқан құрдасы һәм жұмыс кезінде татып алмайды екен, Таңсұлумен салиқалы ғана қайыр-қош айтысып, сыр бермеген күйі, досын оңашалау алып шығып, бүй деді бұл:
— Жан досым, қадірменді құрдасым, сен мына мен үшін, таудағы біздің ел үшін мәңгі-бақи Келдібек-кеденсің. Біліп қой, сөзім — сөз, уәдем — уәде. Келер сенбіде той жасап жатырмын. Бармасаң, өкпелеймін. Барамын деп бер уәдеңді.
— Бердім уәдемді, ризамын, досым. Сен қиыспасаң, мен қиыспан! — деп, мұның әлем-тапырықтау тартып тұрған бетінен әдемілеп тұрып сүйді-ай Келдібек-кеден. — Барамын, ертерек барып, жәрдем беремін тойыңа. Тойда қызмет етейік, бауыр-е-е-ем!
Келдібек-кеден уәделі күні жетіп-ақ барған. Тамғабай толық, жан-жақты ақпарат ақтарып, рәһатқа бөленіп қалды. Тойға сойғаны жылқы; енді екеуі бар, жетеді. Жылқыға қоса төрт тоқты сойды; әлі бес-алтауы бар, жетеді. Елдің бәрі істеп жатыр ғой; неге той жасамайды Тамғабай? Қазақтың бәрі өткізіп жатыр; күн сайын, түн сайын. Бұрын тек сенбі күні ғана еді, бес-алты жыл бұрындары жексенбі қосылды. Екі-үш жылдан бермен қарата енді той дегеніңіз дүйсенбіден басталатынға кеткен. Айтты-айтпады, Келдібек-кеденнің келгені бүкіл Бүлдіргеннің алдында абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп әкетті. Соның өзі неге тұрады? Тамғабайға соның өзі-ақ жетіп-артылып тұрыпты. Тамада балаға қайта-қайта ескертіп, аталмыш тойға Келдекеңнің қатысып отырғанын әдемілеп, айрықшалап айтуды тапсырған.
Асаба бір рет салтанатты түрде мағлұмдағанда, жұртшылық жапа-тармағай орындарынан тік тұрып, ду-ду қол шапалақтады. Көксарай кедені жақтан келген Келдекең де орнынан тұрды. Екінші рет қайталағанда да оншалықты жаман әсер етпеген-ді. Үшінші мәртеде күңкіл-сүңкіл көбейді. «Әй, сол Келдібегінен өзге адам жоқ па осында?» — деушілер табылған. Қалыптасқан жағдайды жылдам бағамдайтын әдетімен Тамғабай қадірменді қонағын бұқарадан бөлегірек, ішке кіргізіп, ерекшелеу күтпекке ниеттенді. Бірақ, екі көршісі ере кірді. Іштегі дастархан жаман болған жоқ. Келдекең көңілді отырды. Тек қана нөмірі бірінші көршісі, мұның ымдағанын түсініңкіремей, күдірең кикілжіңін саяси оқиға секілдендіріп, әсірелей әңгімелеп,мазаны алыңқырады. Одан қалсын ба, нөмірі екінші көршісі кәдуілгі шешендігіне салып: «Елі — едірең, егіні — күдірең; Бүлдірген қалай күн көрер?!» — деп абызшылады. Енді қайтсін-ай, көршілері Тамғабайдың тамырынан, Келдібек-кеденнен үміт күтеді-дағы.
— Тойың керемет жақсы етті. Тамаша өтіп жатыр, айта-айта жүреміз, — деді Келдібек-кеден. — Ал, енді ерте келген қонақ ертерек қайтар болар. Тамғабай тамыр, мен жүрейін енді.
Тамғабай тойға арнайы келіп, алтын уақытын қиып, ықыласпен қатысқаны үшін досына мың да бір рахмет айтты. Өзіне және сыныптас сұлуы Тансұлуға арнап сыбағалар салындырады.
Қайтып оралса, той бұрынғыдан бетер қызып жатыпты. Кейінгі жылдары жұрт биге тоймайтынға кеткен-ді. Бұл төңіректегі елдің бесіктегі баласы жатқан жерінен домалаңдап түсе салып, сексендегі шал-кемпірі таяқтарын тастай салып, иықтарын жұлып жеп, билейді-ай келіп. Жастары мен орта жасарларын қоя беріңіз енді, көздері айрандана аларып, шеттерінен шыңғыра жер тепкілегенде бар ғой, тауыңыз теңселер. Опыр-топыр тобырдағы жұлынған жұрттан былайырақ шығып, бір уақ сын көзімен қарап, нөмірі бірінші және екінші көршілер секілді баға беретіндер жоқ емес-ті, әрине. Ондайлар: «Күдірең ұрпа-а-а-ақ!» — деседі. «Күдірең дүни-е-е-е...» Дейді, әйтпесе. Ондайлар не десе, о десінші, бұл бас мейманын ойдағысындай шығарып салғанына, сыныптас сұлуына сәлем айтып жібергеніне рәһаттанып, аласапыран бидің бір бүйірінен қосылып, жосылып жөнелді.
Тамғабайдың тойында болған алапат билерден ештеңе қирай қойған жоқ, әрине. Бірақ, білетіндердің айтуынша, жер шарының бергі бетіндегі Бүлдірген (кеңшар кезінде Лейлін пұт еді ғой) ауылының терезелері бүп-бүтін болғанымен, әлемнің арғы бетіндегі, осы елді мекенмен тұспа-тұс орналасқан Сан-Франциско шаһарының ең биік-биік үйлерінің терезелері түп-түгел қирап-қирап түсіпті деседі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу