31.05.2021
  292


Автор: Мархабат Байғұт

КІТАПТЫҢ ДА, КІТАПХАНАШЫНЫҢ ДА ҚАБАҒЫНДА КІРБІҢ КӨП

Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған “Кітап және оқу” атты аймақтық фестивальге қатыстық. Осынау өзгешелеу фестивальді бастан-аяқ байқағымыз келді. Кітапханашылардың айлықтары аз.

Бейнеттене білсе, жұмыстары тым-тым қиын. Иықтарындағы жүк, тү¬сіне білсе, аса ауыр. Жауапкершілік өте-мөте жоғары. Бүгінгі кітапханашыңыз ағартушы, санаткер болмаққа парыздар. Күрескерлік танытуға тиіс.
Биылғы ерте көктемде, жасыл көкке жапалақтап қар жауып, арасынан бәйшешек жыпырлап тұрған кезде Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрында 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өткен. Сонда қалам ұстаған қауым атынан қыз-келіншектерді құттықтау бақытына ие болған едік. Әйелдерге әдейілеп әзіл тастадық. “Мадам Бовариді” айттық. Мопассанды айттық. Пушкин мен Есенинді еске алдық. Абайды айтпай бола ма?! Мұхтар Әуезовке үш жүз хат жазған ташкенттік таңғажайып сұлуды сипаттадық. Ғабит Мүсіреповтің әйел¬дерге көзқарасына аз-кем тоқталдық.

Бұл жағдаятты неге соншама тәптіштеді дерсіз, айналайын оқырман. Сондай үлкен жиында, облысқа сегізінші әкім екі күн бұрын ғана тағайындалып, сегізінші нау¬рыздың салтанатына қатысып отырғанда, неге сондай әңгіме қозғады сіздің тілшіңіз? Себебі сол, ұлы мәртебелі кітапқа қыз-келіншектердің көңілін бөлгіміз келді. Сегізінші наурызбен құттықтап: “Бүгін, үйлеріңізге барып, ең болмаса кітап сөресіне көз қиығын тастап өтіңіздерші! Оқта-текте кітапханаларға барып тұрыңыздаршы”, – деп өтіндік. Сонда опера және балет театрында 400-ден аса әйел қатысып отырған. Солардың екеуі ғана телефон соқты. “Сәлем! Кітап дейтін әлем!” деп, көптен бері алғаш рет кітап ашқандарын мағлұмдады. Тағы екеуі жолығып, кітап оқи бастағанын айтты. Төрт жүз әйелден төрт келіншек кітапқа жақындаса да жаман емес-ау деп жұбандық.

“Аргументы и факты” апталығы (№37, 9-15 қазан, 2009 жыл) атақты академик Сергей Капицаның дабыл қаққан жанайқайын жариялады. Ол кісі: “Ресейліктердің 35 пайызы кітап ашпайды”, дейді. “Егер осылай кете берсе, бұл елдің болашағы күң¬гірт”, дейді. “Мәдениетті коммерцияға басыбайлы құл етудің соңы сорға айналып барады”, дейді. “Мәдениет және оның даму деңгейі – ұлттық қауіпсіздіктің басты өлшемі осы!” дейді. Қарағандылық дарынды ақын ініміз Серік Ақсұңқарұлы “Қазақ әдебиеті” газетінде Капицаның жанайқайын арқау етіп, өткір-өткір түйін түйеді. “Орыстар ой үстінде. Ал біз қашан ойланамыз осы?!” дейді шырқыраған шайыр бауырымыз.

Сіздің тілшіңіз Капицаның күні кешегі кейбір ойларын осыдан бірер жыл бұрын “Егемен Қазақстанда” жарияланған “Кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт” деген дүниесінде (“ЕҚ”, №6, 2007 жыл) жазыңқыраған. Бұл жолы ондағы пікірлерімізді қайталамақ емеспіз. Алайда, айтыңқырайтын жағдаяттар жетерлік. Кітапхана, кітапханашы, кітап және оқырман хақындағы ойларды қалғытуға хақымыз жоқ. Ресейліктеріңіздің 35 пайызы кітап ашпаса, қазақтардың 17 пайызы ғана көркем әдебиет кітаптарын оқыңқырайды екен. Әнеки¬іңіз, көрдіңіз бе?! Біз орыстарға қарағанда үш есе қаттырақ толғануға тиіспіз.

Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облыстық А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған “Кітап және оқу” атты аймақтық фестивальге қатыстық. Осынау өзгешелеу фестивальді бастан-аяқ байқағымыз келді. Кітапханашылардың айлықтары аз. Бейнеттене білсе, жұмыстары тым-тым қиын. Иықтарындағы жүк, тү¬сіне білсе, аса ауыр. Жауапкершілік өте-мөте жоғары. Бүгінгі кітапханашыңыз ағартушы, санаткер болмаққа парыздар. Күрескерлік танытуға тиіс.

Аталмыш аймақтық фестивальге Алматыдан, өзге де өңірлерден кітапханашы қыз-келіншектер келді. Облыс көлемінен жүзге жуық қарындастар қатысты. Баяндамалар мен хабарламалар жасалды. Пікірталастар өрістеді. Талқылаулар, кітап көрмелері ұйымдастырылды. Кітапханалық ресурстар мен даму перспектива¬лары, кітаптың оқылуы, заманауи білім берудегі кітапхана рөлі, кітапханашы интеллекті, кітапхана қызметіндегі инновациялар, тағысын-тағы тақырыптар тереңнен қозғалды. “Ең үздік ауыл кітапханашысы – 2009” атты облыстық байқау аса қызықты, тартысты өтті.

Міне, осы фестивальде кітапханашылардың бәрі болмаса-дағы, көпшілігі күрескер, санаткер, шын мәніндегі ағартушы екендігіне көзіміз жеткендей еді. Айналайын¬дардың арасында өздерінің ел алдындағы ерекше парыздарын патриоттықпен түйсінетіндері аз емес екен. Соған сүйсіндік. Таңертеңнен кешке дейін жүзден астам жайдарман кітапханашылармен бірге тыныстағанымызға өкінбедік. Шынтуайтына келсек, бүгінгі адамды бүгінгі адам дәрежесіне жеткізген әуелі Алла тағаламыз, сонсоң кітап қой! Әттең-ай, осыны ұмытып, кітапханаға, кітапханашыға, кітапқа үстірт қарайтынымыз, көп ретте менсінбейтініміз қиын-ақ. Кітап пен кітапханашы дегендеріңіз, адамның айуанға айналып кетпеуі үшін, мына қым-қуыттанған, қаты¬гездігі басым, Ақша-Құдайдың құдіреті белең алып, апшып-шапшып тұрған күрделі, күрмеуі көп заманда пенде шіркіндердің жан-жүрегінде мейірімнің мұқым-мүлде жойылып-жоғалмауы жолында еңбек етеді. Ғылыми негізді нығайтпаққа, білімділік пен біліктілікті биіктете түспекке күш жұмсап, тер төгеді. Ауыл кітапханашыларының байқауында да осынау жауапты міндеттерді жете ұғынушылық, жоғары мақсаттарға құлшына ұмтылушылық аңғарылып-ақ тұрды. Қалайша қуанбайсыз?

Алайда, айналаңызға абайлап қарасаңыз, бәрібір, кітапханашылардың қабақтарынан кірбің көрмей қала алмайсыз. Білдірмеген, байқатпаған болады. Бірақ, анығы солай. Айлықтарының аздығын айттық. Одан гөрі оларға кітапханаға деген көзқарастың күдік-күмәннан арылмай келе жатқаны қаттырақ бататын сыңайлы. Осы облыстағы А.С.Пушкин атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың дүниеге келгеніне 110 жыл толды. Тағдыры мен тарихы талайлы қара шаңырақ үнемі үйден-үйге, жайдан-жайға көшумен келеді. Әсіресе, анау ажал сепкен саяси қуғын-сүргін кезеңінде, 1937-38 жылдары бұл кітапхана аяусыз жазаға ұшыраған. Небір құнды, тарихи маңызы зор кітаптар жойылды. Өртелді. Одан бергі кездерде де талай “тазарған”. Бүгінде жарты миллионға жуық кітап қоры бар, 30 мыңдай оқырманы бар кітапханада “Оқырман отауы”, “Руханият”, “Хит сезона”, “Литературный вечер”, “Ағылшын тілі” клубтары мен салондары жұмыс істейді. Көпшіліктің сүйікті орны. Өкінішке қарай, кітапхана түрлі-түрлі, әр жердегі ыңғайсыз, қолайсыз жайларда шашырай орналасқан. Облыстағы бірқатар басқа да қалалық және аудандық кітапханалардың жағдайлары нашар. Шымкент қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапхананың ахуалы да мәз емес. Ал, көптеген ауылдық кітапханалар жағдайы олардан да мүшкіл. Қыста мүлде жылытылмайтындары жетіп-артылады.

– Пушкин кітапханасы сонау 1899 жылы ашылған. Әрине, қазіргі отырған ғимараттарымыз заманауи талапқа мүлде сай келмейді. Кітаптар мен өзге де қымбат құжаттарды сақтау, оқырманның пайдалануына неғұрлым қолайлы жағдай туғызу, кітапхана жүйесін дамыту стратегиясын жүзеге асыру, жұмысымыздағы маркетингтік әдістемелерді, ақпараттық менеджментті жетілдіру, автоматтандыру мен техникалық жағынан жан-жақты жарақтандыру, инновациялық орталыққа айналдыру мақсаттарын ойдағыдай орындау үшін қазіргі орналасқан үй-жайларымыздың икемге келмей жатқаны айтпаса да түсінікті, – дейді облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Нәсия Алтаева.

– Облыста небір зәулім ғимараттар салынып-ақ жатыр ғой, ең бірінші кезекте кітапхана тұруы керек еді. Асқаровтан басқа бір де бір басшы осыны ойланбады. Ол кісі енді-енді саламыз дегенде, анандай жағдайға ұшырады, – дейді Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ ақпараттық білім орталығының директоры, педагогика ғы-лым¬дарының кандидаты, бейнетқор, ізденімпаз ұстаздардың бірі Мира Көкеева.

Мира ханымның қынжылысы орынды. Кезінде Асанбай Асқаров межелеп, бірқатар мәдени-рухани мекемелер, облыстық орталық кітапхана саламыз деп, қазан-шұң¬қырына дейін қаздырып қойған қайран қаланың орталығын бүгінде олигархтыққа ұмтылған бай-бағландардың жеке меншік жайнаған офистері мен тұрғын үйлері жай¬лаған. Олардың тұсынан өткенде абыз ақсақалдарыңыз терең күрсініп: “Ай, айналайын Асқаров-ай...” дейтіні рас. Тіпті кітапханаға, басқа да мәдени ошақтарға айналатындай алып ғимараттар, бір кездердегі әйдік-әйдік мекемелердің кеңселері де орынды-орынсыз жекешеленіп, пысықай иелерінің қалталарына нәпақаны науадай құйып-ақ жатыр. Әттең, солардың ешқайсысы меценаттық танытып: “Талай жыл пайдаландым ғой, табыс тауып қалтамды қалыңдаттым ғой. Енді, ең болмаса бірлі-жарымын балабақшалыққа немесе кітапханалыққа қайтарайыншы”, демейді-ау. Демейді...

– Ойбай-ау, оны айтасыз, мынау біздің университеттің Бауыржан Момышұлы көшесі жағындағы субұрқақ бар емес пе? Соның маңайында ғана еркін тыныстайтын алаң қалды. Әйтпесе, Шымкентіңіздің орталығында бес қадам бос жер жоқ. Сол субұрқақ¬тың жанындағы алаңның өзін алып қойғысы келетін, жеке меншік бірдеңе салып қойғысы келетін күштілеріңізбен, байшыкештеріңізбен айқасып-ақ шаршадық, – дейді ОҚМУ-дың проректоры, профессор Тұрлыбек Ысқақов.

Біз сөз етіп отырған кітапханашылардың аймақтық фестивалінде Алматыдан келген қос қарындасымыз қадау-қадау пікірлер білдірді. ҚР Ұлттық кітапханасы сирек кез¬десетін кітаптар мен қолжазбалар орталығы жетекшісінің орынбасары Толқын Аман¬келдіқызының айтуына қарасақ, тиіп тұрған Ташкентіңізде, алысырақтағы Мәскеуіңіз бен Санкт-Петербургіңізде республикалық, облыстық, қалалық кітапханаларға өте-мөте қажетті, аса зәру, келешекке керекті небір-небір теңдессіз, баға жетпес, бірегей дүниелер қат-қат, қабат-қабат боп жатыпты. Оларды көп кешіктірместен, ақша шіркінді аямастан (көп қаржы да кетпейді екен) тездетіп алдыру керек. Әрине, кө¬шірмелерін. Ондай құжаттар, кітаптар, өзге де жәдігерліктер тым көп көрінеді. Бірте-бірте олардың көшірмелерін алудың өзі мүлде қиындап бара жатқан секілді. Толқын осыларды әңгімелегенде қандай қатты қиналды десеңізші... Кей қалалардағы кейбір дүниеліктердің әдейі жойылып жіберілуі де мүмкін сияқты. “Толқынның мұнысы – үлкен мәселе, әлгі шаһарларда, кітапханалар мен мұрағаттарда мен де болдым, – дейді Мира Көкеева. – Аздап-аздап ақша бөліп, біраз уақыт сол қалаларда тұрып жұмыс істеуге мүмкіндік туғызса, мына мен-ақ барып, талай нәрсе тындырып қайтар едім”. Мінекиіңіз, кітапхана саласы қызметкерлерінің арасында осындай патриоттар да аз емес.

Республикалық Ұлттық кітапхананың Кітапханаларды дамыту орталығының директоры Күләй Қасымжанова былай дейді: “Оңтүстік Қазақстан облысы – тарихы терең, өзгеше өңір. Басқасын былай қойғанда, 2007 жылы “Кітап және Ұлы Жібек жолы” атты халықаралық конференция осында өткен. Кітапхана ісіне арналған республикалық форум да ұйымдастырылған. Мына фестивальдің орны бөлек. Өкінішке қарай, облыстық кітапхана үйі салынбай келеді. Облыс әр тұрғынға шақ¬қандағы көпшілік кітапханасы көрсеткіші жөнінен он екінші орында тұр. Қазір модельді ауыл кітапханалары қалыпты, қажетті мәдени-рухани мекемелерге айнал¬ды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың бір де бірінде осы күнге дейін модельді кітапхана жоқ. Соңғы жылдары облыстағы көпшілік кітапханалардың қорына түскен жаңа басылымдар саны біршама төмендеп кеткен. Қазақ тіліндегі жаңа басылымдар мөлшері белгіленген меженің 67,7 пайызын ғана құрады. Электрондық басылымдар жөнінен де, сондай-ақ, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу бойынша да облыс көрсеткіші төмен деңгейде. Оңтүстікте 874 кітапханашы еңбек етеді. Олардың 51 пайыздан сәл астамы ғана арнаулы жоғары, ал 24 пайызы арнаулы орта білімді. Кітапханашы мамандығын таңдайтын жастар азайып барады. Мұндай ойсыраған олқылықтар тек Оңтүстік Қазақстанға ғана емес, өзге де бірқатар облыстарға тән. Республика бойынша жүздеген кітапханалар күрделі жөндеуді қажет етеді, ондаған кітапханалар апатты, қауіпті үй-жайларда”.

Көпшілік кітапханаларға деген көзқарас, қысқашалау қайырғанда, осылай болып отыр. Жеке кітапханалардың жағдайын жан-жақты байыптап, зерттеп жүрген жан жоқ. Біздің байқауымызша, олар мүлде азайып барады. Бір кездері қарапайым қойшыңыздың үйінде бір сөре, аға шопанның үйінде бірнеше сөре кітап тұрар еді. “Қазір, біле-білсеңіз, жойқын-жойқын жиһаздар шығаратын орындар кітап сөресін шығармайды, – дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-президенті, ғалым, сарабдал сыншы, профессор Құлбек Ергөбек. – Қорқатын жағдайлар аз болмай тұр. Студенттердің де шағын жеке кітап¬ханасы болуы керек емес пе? Ондай-ондай нәрселер көзден бұл-бұл ұшқан. Тіпті ұстаз-оқытушылардың арасында һәм жеке кітапханасы жоқтар көп... Шошимын...”

Сіздің тілшіңіз осы мақаланы әзірлеп біткен сәтте “Қазақстан-Шымкент” телеарнасы мынадай хабар берді: “Облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде туризм және мәдениет салаларының өзекті мәселелері қаралды. Әсіресе, “күйіп тұрған” кітапханалар мен клубтар жағдайы бойынша түрлі пікірлер айтылды”. Біз тиісті кісілермен ха¬барластық. Әкімдіктің отырысында кітапханалар мен клубтар мәселесі жан-жақты талқыланыпты. Алайда, нәтиже күттірерліктей шешімдер қабылдана қоймапты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов кітапханалар проблемалары бойынша ортаға салынған мәселелерді нақтылай түсуді, ұсыныстарды саралап, шаралар белгілеуді тапсырыпты. Дегенмен, кітапхана туралы ділгір діттердің облыс әкімдігінде қаралуы¬ның өзі – бұрын болмаған оқиға.

Осыған қуандық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу