31.05.2021
  240


Автор: Мархабат Байғұт

АСҚАЗАНЫ АУЫРАТЫН АДАМДАР

Қай жылы екенін айтпаймын.
«Сарыағаш» санаторийінде бір қыз келіп танысты.
Мына маған.
Өзі.
Маусым айы жаңа басталған. Алтыншы корпустың шығыс жағындағы әлі игерілмеген жон-жонастың үсті де, қос қапталы да қаптаған жылқы желкек. Таң бозарып атқанда тап-таза ауаға шықсаң ше, ақбөріктеніп қарсы алады. Желкек біткен жайнаңдап. Асқазаның ауырмай қалады.
Ертеңгілік емдәмге бара жатқаныңда айналып тағы қарайсың. Ақбөріктілерге. Сиыр сәскеде, ем-домнан оралғанда және де жон-жонастың жиегінен мойын созасың. Айкөріктілерге. Маусымның майсаң шуағына маужырап, байсал тарта түсетіндей. Жылқы желкектердің кейбіреулері. Жас байталдай байыз таппай бас шұлғып, шыдамсызданатындары да аз емес. Ара-араларында. Тұла бойларындағы тұмса бүртіктерінен уыз дертіп тұрғандай сезілерін қайтерсің-ай, қайтерсің.
Санаторийдің ем-домы мен емдәмі, шипалы суы ғажап-ақ. Осылардың бәріне қоса желкектермен де жайдарманданып, жазыла бастағандайсың.
Алтыншы корпус шеткерілеу. Жай-жағдайы жұпынылау. Жолдамасы арзандау. Қарапайымдау, қатардағы емделушілер мен демделушілер жатады.
Кіріп-шығып жүргендер жоқтың қасы. Бәрі дерлік асығып-үсігіп ем алуға жөнеген.
Желкектеріме қол бұлғап қойып, бұрыла бергенімде, нан жиде аталатын нән жиденің арғы жағынан ақ қалпақ киген қыз көрінген. Кідірмеске шамаң жоқ. Ақ қалпақты қыз алғашқыда айкөрікті желкектермен араласып адастырған. Құндыздайын құлпырған шаңқан шанақтарымен құраласып құрмаласқандай көрініп, қиналысқа қамаған. Сәлден соң ғана қалың желкектен және биік шашыратқыдан гүлқайырдайын өзгешелене, өңдене бөлініп шығып, маусымның мамық соқпағымен маған қарата аяңдаған. Басында дөңгеленген ақ қалпақ. Үстінде жеңдері жеңіл желпеңді, етегі елпең желпейлі, жұп-жұқа ақ көйлек. Кеудесіне кітап қысып алған, иә-иә-иә, кәдімгі кітапты кеудесіне қысқан қыз келе жатты.
Жымиып, жақсы бір танысын көргендей жылуарлы амандасқан.
Таңырқап, тамақ құрғаттым. Асқазанның үстіңгі жағы сыздап, түпкі тұсы мұздаған. Сілемейлі қабатының қабынғанынан шығар, сілекейім бөлінбей, тілім тұтыққан. Қыз-дағы қатты қызарған. Оның-дағы онша мазасы жоқ-ау. Соншалықты сұлу бола тұра солай сезілген. Жанарлары жасаурап, ұзын-ұзын кірпіктері жыпылықтаған. Қызғалдақтан сәл-пәл ғана күреңітіп көрінеркөркем еріндерінің көбе-жиектері кезеріңкіреген екен. «Ай, айналайын-ай, а?! Сенің де асқазаның ауырады екен-ау...» Дегім келген. Демегем. «Дертіміз бір екен ғой». Демек ем. Дей алмағам.
Біреу білер, екеу білмес. Біздің қазекең асқазан мен жүректі қатты шатастырады. Бағзыдан бері. Бұрыннан-ақ. Білмегендіктен емес. Жүдә жақсы біліп тұрып-ақ сөйтеді. «Жүрегім жаман боп тұр», — дейді. «Жүрегім айнып, лоблып, біртүрлі бейтаптанып отырмын», — дейді. «Жүрегім сазып тұр», — дейді. Осындағы жүрек дегендерінің бәрі асқазан екені айдан анық. Мұндай-мұндай мысалдар жетіп-артылады. Ұзын сөздің қысқасы, қазекең асқазанның орнына жүректі жұмсай беретіндей. Жүрек шіркінді асқазан деп түсінетіндей. Соған қарағанда ше, басқа ұлттарды қайдам-ау, қайдам, біздің қазекеңнің жүрегі мен асқазаны әлдебір нәрселер арқылы емес, тікелей жараса жалғасатын, ұнаса ұласатын сияқты. Мұны медицина саласындағыларбіле ме, білмей ме? Түсіне ме, түсінбей ме? Бұл – өз алдына бөлек мәселе.
Алтыншы корпустың алдында, сәл ғана секөндтердің ішінде, «Сарыағаш» санаторийінің, күллі курорттың көлемінде бір аптаның бойында көрінбеген көктем жаратылыстың жанында осындай-осындай ойлар зуылдай зыңылдатқан. Зуаладай басымды.
Ақ қалпақты, ақ көйлекті, кеудесіне кітап қысқан сұлу қыз өтіп кететін шығар, әйтпесе алтыншы корпустан біреуді іздеп келгенін айтып, жөн сұрайтын болар деп түйгендей түйсікте едім. Өтіп кетпеді. Жуық арада жөн сұрайтындай сыңайы жоқ. Ақбөрікті, айкөрікті желкектеріммен араласып кеткендей абыржыта адастырғанда, құндыздайын құлпырған шашыратқы шанақтарымен құраласа құрмаласып, көрініңкіремей қалғанда қиналысқа қамалғанымды айтыңқырадым ғой. Жаңа ғана. Жаздым ғой. Артынша аңғарсам, сол қылық-құлығым сұқилық пен сұмқайлықтың, тағатсыздық пен табансыздықтың арасынан табылардай тапыраштың тыртаңы тәрізденді. Үйлі-барандысың. Үйлесімді-үлгілі үй иесі санатындасың. Өзіңше. Әне, жылқы желкектерге дейін үйлі-барандылығыңды білетіндей, үйме-жүйме күйде үйірлесе сыбырласатындай. «Уа тауасау билхакки, уа тауасау биссабр» деп, білген аятымды сыбырлай күбірлеп, өз-өзімді кінәлап, өз-өзімді сабырға шақырдым.
— Ағай, мен сізге келдім, — деді ақ қалпақтың ақ қанат жарғағын бір шетінен шымшып ұстап, алтын басын аздап қана иіңкіреген таңғажайып талдырмаш. Кеудесіне кітабын қыса түсіп.
— Ма-ға-а-ан?! — деп таңырқадым сұрау белгісі мен леп белгісін қатар қолдана қайранданып.
Сұлу қыз сәуірдегі уыздай сүйкімді әрі жап-жас екен. Шақшадай басым шыр айналған. Маған келіпті. Осындай қыз. Өзі. Сенбейтін сияқтымын.
— Сіз мені танымайсыз, ағай, — деді өзімсіне күлімсіреп. Бір бұрым етіп өрген қарақоңыр шашын оң қолымен уыстай ұстап, қос анарының ортасынан былайырақ жылжытты. Сол қолындағы сұрғылт сөмкесін сәл бұлғаңдатты.— Әлде танисыз ба?
— Танымай тұрғаным, — дедім асқазанымның іші ме, әлде сырты ма, қаттырақ қызыңқырағаны бетімнен білінгендей ыңғайсызданып.
— Танысып қояйық, —деді таңғажайып талдырмаш. — Нәзия.
Мен атымды атадым.
— Ваннаға баратын шығарсыз?— деді Нәзия.
— Иә-иә, — дедім. — Анау желкектерді қимай тұр едім.
— Желкектерді ме, әлде шашыратқыларды ма? Мен сіздің «Шашыратқы неге жылайды?» деген әңгімеңізді оқығам. «Қазақстан әйелдері» журналынан. Сізге хат та жазғам. Жуап бермедіңіз, — деді таңғажайып талдырмаш бұрынғыдан бетер қайран қалдырып. — Ванна жаққа барсаңыз, анау-мынауыңызды алып шығыңыз. Бірге аяңдайық. Өзіңізге өтінішім бар.
Алтыншы корпустың төртінші қабатына қанат байлап ұшып шығып, қалықтай келіп, қасына қайта қондым.
Екеуміз қатар жүріп келеміз. Санаторийдің бас емханасы биіктеу қыратта. Арада қарағашы қалыңырақ сай бар. Сол сайға түскенше түк те тілдеспедік. Қия беттегі бетон баспалдақпен көтеріле бастағанда бүй деді:
— Менің хатымды алдыңыз ба, ағай? Бірақ сізге ондай хаттар таңсық емес қой. Жиі жазатын шығар? Қыздар?
— Хатыңды алған сияқтымын. Жауап жазуға ыңғайсыздандым-ау деймін.
— Әйеліңізден қорықтыңыз ғой, ә-ә?! — деді кеудесіндегі кітаптың мұқабасын шерткілеп. Тұтқиылдан тиісе тотайланатыны таңғаларлықтұғын.
— Мүмкін, — деймін мен де. — Әйелден қорқатын заман. Иә-иә, енді-енді есіме түсіп жатыр. Кітапханада істейсің. Белбұлақ ауданының Балбұлақ ауылында. Шымкенттің мәдениет институтын тәмәмдап, тү-у-у тау түкпіріндегі алыс ауылға кеткенсің. «Шашыратқы неге жылайды?» деген әңгімені оқып, екі-үш күн көз жасыңды көлдеткенсің. Гүлзираны өзіңе ұқсатқансың. Солай ма? Хатың әлі сақтаулы. Журналдың ішінде.
— Мен сізден жыл бойы жауап күтумен жүрдім ғой, ағай, — деді Нәзия. — Жүрегіңіз қатқыл екен. Онша емес екен. Жүрегіңіз.
— Асқазаным онша емес, — дедім мен. — Қазақта жүрек пен асқазанды шатастырады.
Нәзия сықылықтап кеп-кеп күлді. Түсінгеніне қуандым. Қуанышымды қымтадым.
— Сіздікі қай қасқыр-ит? — деді. Гастритті меңзегені.
— Өзіңдікі ше?
— Менікі талаураған гастрит, ағай.
— Менікі алаулаған гастрит, Нәзия.
— Қандай емдәмдесіз, ағай?
— Тұзсыз, қуырғансыз емдәм.
— Түріңізден байқалады. Тұзсыздық, — дейді Нәзия рахаттана сықылық қағып. Қалпағын алып басынан. Күн иіс есіп шашынан. Жең-желеңі желкілдеп. Жағасыз мойын мінсіз-ді. «Уа, тауасау биссабр» деймін ішімнен.
— Сенікі қай емдәм-дүр? — деймін сыртымнан. Күлкісіне ілесіп. Қылығына елітіп. Асқазаным атқақтап. Жүрегімнің орнына.
— Менікі сүт емдәмі, — дейді Нәзия қызыңыз дымқылдана қайқиған қоңырқошқыл кірпіктерінен сәуле сырғанатып.
— Көйлегіңнен көрініп тұр, — деймін мен жаңағы шымшығанының қарымтасын қайтармаққа тырысып. Тырмысып.
— Қойыңызшы, ағай! — деп еркелейді ол. — Көйлегім де, қалпағым да аппақ. Түк те көрінбейді.
— Сол сүт түстестігіңді айтам, — дедім ақталған болып.
— Сөйтсеңізші. Бәсе, — деді Нәзия бұртиыңқырап. — Жазатындар бәрін көріп-біліп қояды деген сөз есіме түсіп, қорқып кеткенімді қараңызшы. Асқазаным дүрсілдеп тұр.
Үйлесімді-үлгілі үй иесі ретінде келіншегімді ойладым. Көз алдыма келтірдім. Аудандық газеттегі тып-тыныш, тымырсық, үйреншікті ағысты аласапырандатып, облыс орталығышақырған. Қатты қиналғам. «Қиналма. Жұрт қатарлы, жүн-жұрқалы күйде қап қоясың. Шақырса, бағалағаны шығар. Барғаның жөн!» — деп қайраған. Келіншегім. Әлдебір қыз-қырқынды топтар тиісе бастаса, бірден сондағы бейнесі елестеп сала беретін. Бұл жолы да сөйтті.
Қиядағы тегістік тепсеңде жан-жақтан құйылған шұғылалар шарпыса шаттанды. Кеудесіне кітап қысқан қыздың жаратылысынан кім-кіміңізді де баурай тартып алатындай аппақ сәуленің сезілетінін аңдадым. Байланып қалғандай айналып, алыстай алмай аңтарылдым. Қыз сағатына қарап, шоршыды. Жылдамдата сөйлеп, жағдайын жайбағыстады. Кешірім өтініп, өтініштерін өрнектеді. Қысқашалап қайырғанда, былайтұғын. Белбұлақ ауданындағы Балбұлақ ауылының кітапханашысы Нәзия Нұрлыханқызы. Асқазаны ауырады. Студент кезінде тапқаны. Талай-талай ем-домдар қабылдаған. Сонда да сырқаттан сауықпаған. Емдәм тәртібін ерекше қатаң сақтайды. Құлантаза жазылуды қиялдайды. «Сарыағаш» санаторийіне өз бетінше келген. Жолдамасыз. Кезекті еңбек демалысын пайдаланып. Кітапханашылардың пешенесіне «пүйтепке», яки жолдама жазылмаған. Үш апта емделмекші екен. Бір аптасы өтіп үлгеріпті. Әжептеуір жеңілдепті. Асқазанының ауырғаны басылыпты. Бір аптаның бедерінде екі мәрте көріпті. Мына мені. Сыртымнан. Суретімнен және әзірше шығып үлгерген жалғыз кітабымнан, әсіресе, газет-журналдардағы мақалаларымнан беске біледі. Курортқа бір шақырымдай Көктерек ауылының бергі бетіндегі шеткі үйдің бөлмесін жалдап тұрып жатыпты. Санаторийге тек шипалы су ішпекке, ванна қабылдамаққа және асқазанын жуғызбаққа келеді. Енді екі аптадай мерзімнің ішінде мына менен, яғни «беске білетін» ағасынан мүмкіндігінше жанында жүріңкіреуді қиыла өтінеді. Әрине, жүріңкірейтін басқа біреуім болмаса. Басқаша, бөтенше ойлап қалмауға тиіс екенмін. Тек ағасы ретінде ғана,жазғандарын түк қалдырмай оқитын қаламгері ретінде ғана кітапханашы қарындасы қамқорлықкүтеді. Себеп дейсіз ғой? Алыстағы ауылдың кітапханашы қызы сәл сыртқа шықса, бітті. Біреулер соңына түсіп, сүйіп-күйіп қалғанын мағлұмдап, міндетті түрде алып қашатын көрінеді. Бұрын да бір-екі мәрте сондай оқыс оқиғаларды бастан кешіпті. Еті тірілігінің арқасында ғана әзер құтылыпты. Тұтқыннан.
— Өтінішім өзгеше ме? Шошытты ма? — деді Нәзия. — Ренжіп тұрсыз ба? Әлде, жүріңкірейсіз бе? Менімен?
— Жүріңкіреп көруге тырысайын, — дедім. — Асқазаныммен ақылдасайын алдымен.
— Курортыңызда кешқұрым басталып, түн ортасына дейін созылатын би болады екен. Оқта-текте қатыссақ, қайтарда шығарып саласыз ба? — деді Нәзия. — Асқазанға билеген пайдалы деседі.
Сынай қарады. Қайқы кірпіктерінен сәуле сырғанайды. Қандай қиын өтінішінен де бас тартуға болмайтындай болмысына қайрансың. Ақылың айран. Асқазаның ойран.
— Шығарып сала аласыз ба? — деді тағы. — Өткен аптаның өзінде Келес жақтың жігіттері екі рет алып қашпаққа әрекет жасады, ағай. Алып қашқысы келетіндерден қорғай аласыз ба? Қорқасыз ба?
Қорқайын дедім. Қыздан. Сыртымнан сыр білдірмеймін.
Сол күні түн ортасына таман қалтырай бастағам. Келес жақ та, Көктерек тұс та қап-қара еді. Қалай шығарып салмақшымын? Ауқалым мынау, асқазаным анау. Бірі қалжырайтындай. Бірі қатты қалтырайтындай. Нәзияңыздың түр-тұрпаты мен сыр-сымбатына, әсіресе, биіне қызықпаған, қадалып қарамаған жан жоқ-ты. Күллі курортыңыз бойынша алты жүзден астам адам емделіп-демделеді десеңіз, соның жартысына жуығы би кешіндегі бөлекше бикешіңізден көз алмаған.
Көктерекке қарата жіп-жіңішке соқпақпен жүреді екенбіз. Санаторий қоршауының сырты сорайған-сорайған сора мен сиырқұйрық. Жылқы желкек емге жоқ. Аспаныңыз алқаракөк. Жұлдыздар жап-жақын. Ірі-ірі. Ай батып кеткен. Жаңа ғана, соңғы вальстібилеп жүргенімізде ше, Нәзия қыз:
— Ағай, анау қалың аршаның арасында ағараңдағандарды аңғардыңыз ба? — деп, иығымдағы ыстық алақанына сәл-пәл салмақ үстеген. Шәмші Қалдаяқовтың шалқи есілген «Бақыт құшағында» әні кідірістеп, кібіртіктеп, іріңкіреп сала бергендей сезілген. Маған.
Ендігіміз мынау. Самал салқын. Соралардың арасы қарабарқын. Қызыңыз емен-жарқын. Сынай күлімсірейтін секілді. Еркелей, емін-еркін адымдайды. Кеудесіне кітап қысып алған. Оқымаған жазушылары кемде-кем. Әсіресе, әңгіме деген жанрыңыздың жауһарлары жайынан жырлағанда мына маусымыңыздың самалы далада қалады. Кітапқа деген сүйіспеншілігін сезгірлікпен орап айтады. Ойлары орасан. Жанындағы «жүріңкірей бастаған» ағасына не жағатынын жылдам байыптағанын қарасаңызшы. Үшжарым сағатқа созылған бидің басынан аяғына дейін-ақ, үш жүздей адамның назары бір өзіне жапырыла жығылғанын біліп жүріп-ақ, бірталай жазушыларыңыздың әңгімелеріне шырын шолу жасап үлгерген. Курортыңыз бен Көктерегіңіздің орта тұсында топылиын шешкен. Сол қолына қосақтап ұстаған. Оң қолымен кітап қысып жүреді ғой. Омырауына.
— Ағай, — деді жұмсақ топырақты жалаңаяқ басқан күйінде бірдеңе айтпаққа оқталғандай. — Үндемес екенсіз ғой.
Үндемедім. Орта жолдан асқанымыздың әсері шығар, асқазанымыз атқақтауынан, жүрегіміз суылдауынан арылыңқырап, сабырға ауысқандай еді. Ертерек еркінсіген екенбіз.
— Сайын Мұратбековтің ... «Үскірігі» ше...
Деген. Дей бере демі үзілердей ышқынған. Нәзия қызыңыз. Біз де бір минөтке жетпей, байлаулы жаттық. Бес-алты жігіт. Бәлкім бірқатары бозбала. Танау шіркінге әуелгіде жусан мен ерменнің, сонсоң есекмияның иістері келді. Езіліңкіреген есекмия. Сасық.
— Атаман, сөйлессей! — деді біреуі. — Уақыт тар.
Атаманы болар, аяқ жағымнан аттап, алғы жаққа өтті.
— Көке! Сен кімсің? Мына қызға қандай қатысың бар? — деді.
Нәзия да байлаулы. Бірақ мен секілді шөп-шалам иіскеп жатпағаны, түрегеп отырғаны байқалады.
— Ей, сендер ол кісіге сіз деп сөйлеңдер, білдіңдер ме?! — деді кітапханашы қыз даусын көтеріп, нып-нық сеніммен.
— Сұлу қыз! Сен тыныш отыр! Әйтпесе! — деді атаман.
— Ол кісіге тиіссеңдер өздерің сорлайсыңдар, — деді Нәзия нып-нығыз үні титімдей де дірілдемей. — Бұл кісі — қаламгер ағай.
— Не дейді? Қандай ағай? — деді. Бірнешеуі қосарланып.
— Алдап отыр-ей, алып қашатын қыздарың. Ағайы болса, үшжарым сағат бойы бір-біріне жабысып билей ме бұлар? — деді ең артта темекі тартып тұрған біреуі.
— Ағасы, кім болсаңыз да бізге бәрібір, — деді атаман. — Былай келісейік. Сіз бізді көрген жоқсыз. Біз сізді көрген жоқпыз. Мұндай сұлу қыздар Келестің келісті жігіттеріне ғана лайық екенін ескертеміз. Арғы жағын айтпаймыз, ішің білсін, әлу-ай. Түсіндіңіз бе, көке?! Келістік пе?
— Қыздан сұраңдар келісімді, — дедім мен.
— Келес ауданының Жүзімдік ауылына былтырдан бері оншақты келін түссе, соның жүз проценті алып қашып апарылған. Курорттан да екі қыз әкеткенбіз, — деді атаман.
— Алдымен ағайдың қолын шешіңдер. Содан кейін келісейік, — деді Нәзия.
Олар ойланды.
— Жарайды. Асқазаны ауыратын адамдар ғой. Қарсылық көрсете қоймас. Шешіңдерші, — деді атаман.
Түрегелдім. Төңірек түгелдей түнек. Төбедегі жұлдыздар да тым-тым жырақтап, жоғарылап кеткен. Атаман бүйірін таянып тұрыпты. Қалғандары менен сәл сезіктенсе, соққылап тастамаққа, тас-түйін дайын тұр. Нәзия ағараңдайды. Бет-жүзі айқын емес.
— Қыз! – деді атаман.
— Аты Нәзия ғой, –дедібіреуі.
— Атын кәйтем! Затын үйіңе жеткізсем болды емес пе?! – деді атаман кекесінмен. — Әй, қыз! Сіз деп сөйлеңдер дедің. Сөйледік. Ағайымның қолын шешіңдер дедің. Шештік. Келісейік дегенсің. Келісейік те, кетейік. Ағайың асқазанын азаптамай-ақ курортына қайта берсін. Жарай ма?
— Болдыңыз ба? – деді Нәзия.
— Әзірше боп тұрыппын, – деді атаман.
— Онда енді мені тыңдаңыз, аға! – деді қыз.
— Әй, мына қыз мені аға дейді-әй! Мені осы уақытқа дейін ешқандай қыз аға деген жоқ еді!
— Аға, тыңдаңыз, – деді Нәзия сонда. – Жаныңыздағы жауынгерлеріңіз де жөндеп құлақ қойсын. Қыз алып қашуға машықтанған екенсіздер. Мына мен де мұндайға әбден үйренген қызбын. Етім өлген. Талай мәрте алып қашқан. Барып қайтқам.
— Не дейді?! – деді атаман шынымен-ақ шошып.
— Үйренгенмін дей ме? – деді біреуі.
— Үйленгем дей ме, әлде? – деді екіншісі.
— Қызбын дейді ғой, бірақ ха-ха-ха! – деді үшіншісі.
Асқазаным шындап сыздайын деді. Жүрегіммен жұптаса. Далпылдап
жаманқұс ұшып өтті. Жалпылдап жапалақ ілескендей. Түн салқын тартып барады.
Пауза бітті.
— Етім өлгенің қалай? Үйренгенің нең? Қыз! Қызсың ба, әйтеуір? — деді атаман.
— Иә, қызбын, – деді Нәзия түк те саспай-ақ, асқазаны ауырып көрмеген,ешқашан ауырмайтын адамдай. – Бұрын да мені алып қашқан. Боралдай ауылына. Шаян жаққа. Көнбегем. Жаңатастың жігіттері де бір көргеннен ғашық боп, алып қашқан. Көнбегем. Қалмағам.
— Көндіреміз! – деді атаман. — Қалдырамыз!
— Аға! – деді Нәзия атаманды жібітіп. – Аға, алып қашқанға көнген емеспін, көнбеймін де. Оның үстіне...
— Келіп қапсың Келеске. Биіктерсің белеске! – деді бірі. – Атаман! Таң
атқанша тұра береміз бе? Сөз созылып, іс сұйылып барады.
— «Оның үстіне» деп қалдың, оның немене? – деді атаман.
— Алып қашқанға өлсем-дағы көнбеймін деген сертім бар. Оның үстіне анау ағайым мұндайға жол бермейді. Облыстық газетте істейді. Осындай тақырыптарды жазады. Одан да тып-тыныш тарағанымыз жөн. Түсіндіңіз бе, атаман аға?
Атаман асығып жаныма жақындаған.
— Куәлігіңіз бар ма, көке? – деген. Көрсеткем. Шұқшиысқан. Бәрі.
— Жарайды. Бұл жолы құтылдыңдар. Бірақ, бізден де зорлар бар. Бәрібір тұтыласыңдар, — деді атаман тістеніп.
Алтыншы корпустың төртінші қабатында, көршілес бөлмелерде тұратын, асқазан ауруынан зардап шеккен, зақымды запылармен мұңдаспыз ғой. Зәбір-жапамызды шет-пұшпақтап шертіңкіредік. Нәзиямен билемекке зерзаттанар төртеуінің зіні кетіп, күзетшілікке күбжің-күдіксіз көнген. Қызға ағалық ықыластарын, бізге інілік ізеттерін аямай-ақ арнаған. Төртеуі де мына менен кішіректұғын. Курортыңыз бен Көктерегіңіздің арасын бесеуміз билеп алып ек. Алтыншымыз Нәзия. Екі аптаның бойында, еш қауіп жоқ ойында, биге үзбей келетін. Түн ортасы таяна бес батыр қызға еретін. Қорғап-қоршап, әдебиетіңіз турасындағы әдіптелер әңгімелеріне елтіп, биік беткейдегі шеткі үйге қалай тез жеткенімізге таңданатынбыз.
Омырауына кітап қысқан күйі ол қалатын. Ай астында. Ашылған қақпаның алдында.
Бесеуміз мәз күйімізде курортқа оралатынбыз.
Қыз да кетті күрсінтіп. «Сарыағаш» санаторийінен қызық та кетті. Маусымыңыздың миын шайқап, жылқы желкектердің ұлпасын ұшырып, шашыратқылардың шанақтарын шалықтап, шілде жетті. Игерілмеген жон-жонастардың күнгей бүйірлері бір-ақ күнде күйіп-күреңіткен.
Бізбен бірге бүк түскен төртеуіңіз бауырларын әзер жазып, ағаларын арқадан қағып,жұбатпаққа жұмылған. Бізді жұбату арқылы өздеріне-өздері басу білдіргені байқалған. Төртеуі де мерзімдерін тауыс-тәмәмдап, қызыл «Икарусқа» қарата беттегенде ше, шетке шығара икемдеп, жеке-жеке пікірлерін білдірген. Шыдай алмағаннан шығар. Асқазандары.
Алғаш Ақтөбеге аттанатын бауырымыз бүй деген: «Шыныңызды айтыңызшы, аға! Жай ғана жанында жүріңкіреумен шектелгеніңіз рас па?»
Басымды изегендегі сықпытыма сенбеу мүмкін емес-ті. Сенді. Ішегін тартты. Қақалып-шашалды. Жөтеліп тынды. Кеңірдегі жыртылардай қиналды.
Екінші ініміз Семейдентұғын. Жарма жағынан. Ағынан жарылып: «Аяулы ару екен. Курорттың көркі болды. Иландым имандылыққа, — деді құшақтап. — Өкінбеңіз. Асқазаныңыз ауырмасын».
Үшінші жігітіміз Жезқазған жақтан-дүр. Иығыма қолын салып: «Ай, ағатай-ай! Ағатай-ай! Ағатайым-ай!» — деді ықылық атып.
Төртіншісі Талдықорғанда туып-өскен ғой. Жұматай ақынның жырларын жатқа білетін. Бірер шумақты нөсерлете төгіп, қатты күрсінді. «Кеудесіне кітап қысқан көркемдіктің күзетінде жүруге жазған Жаратқанға ризамын!» — деді оң алақанын жүрегі мен асқазанының арасына басып. Қазақтарша бүгіліп. Қытайларша иіліп.
Ертеңіне біз-дағы қаламызға қайтқанбыз.
Облыстық газеттің бейнетіне батып кете барғанбыз. Оның қандай қиямет екенін бастан кешкендер ғана білер. Былайғылардың сезінбегі беймүмкін бейнет қой ол.
Белбұлақ ауданының Балбұлақ ауылынан келген көгілдір конверт көзге ыстық көрінген. Ізетпен ғана іздеу салғандай етіп жазыпты. Кітапханашы қыз. Ағасының қолына тікелей тие ме, тимей ме деген ғой.
Жауап қайтардым. Кешікпей екінші хаты жеткен. Редакциядағы қалыптасқан қағида кереметтұғын. Қызметкердің аты-жөні аталып, «Жеке өзіне» деп көрсетілсе, жан баласы ашпай, арналған адамға тікелей тапсырылады. Жеке өзіме жететін хат жиіледі. Асқазаны ауырмайтын болыпты. Құлантаза айыққан. Ептеп-ептеп емдәм тәртібін сақтайтын көрінеді. Аздап-аздап толыңқырағанын тұспалдайды. Тек қана кей-кейде жүрегі мазалайды екен. «Жүрек пен асқазанды шатастырып жүрмін бе, қайдам?» деп, қалжыңдап та қояды-ай.
Бесінші әлде алтыншы хатында: «Сізді сағындым, ағай...» депті.
Осылайша күз өткен. Қыс жеткен. Қыз хаттарының мазмұны қоюланған. Біздікі бірсарындылау, аса ұстамдылау. Ұсталған күннің өзінде ешкім ештеңе дей алмайтындай, артық кінә тағарға түк таппайтындай. «Айналайын-ай, әуреленбей-ақ қоялықшы» деп жазуға да қимаймын. Соншалықты сұмқай да еместеймін. Белбұлақ ауданыныңБалбұлақ ауылына хат жазып отырып, өзімді-өзім жеркене жек көретін жағдайларым аз болмайтын. Ал Нәзияның ғажайып хаттарын сақтамақтың орнына, оқып біте сала паршалап жыртып, жойып жіберетінім сауысқанның сақтығы ма екен?!
Көктеміңіз күлімкөзденген. Қолында Балбұлақтың бәйшешегі бар Нәзия күлімсіреп кіріп келе жатыпты. Бір бөлмеде үш адам отыратынбыз.Қынай бел қоңыр плащы қандай жарасымды еді. Қоңыр береті дөңгеленіп, қалың шашын жасыра алмай дөдегеленеді. Екеуміз де елеңдей қарасқан екеуден ыңғайсыздандық. Ол бәйшешегін беріп, алтын басын иіп, омырау тұсыма бетін тигізді. Мен маңдайынан сүйдім. Қоңырқай етігі тік балтырларын тоқ көрсетеді. Сәл-пәл толыңқырағаны, асқазаны ауырмайтыны, құлантаза айыққаны айқын аңғарылады. Сонда-дағы таңғажайып талдырмаштығынан танбаған.
Алдымдағы ала қағаздан бас көтеруге шамам жоқ-ты. Түнімен шығып, таңертең тарайтын нөмірдің бірінші бетіне баратын материалды бір сағаттың ішінде жазып, мәшіңкеге бастырып, бас редакторға қаратып, жауапты хатшыға жеткізуге міндетті едім. Нәзия мұндай мәселені түсінер ме?! Сонша жерден келгенде. «Күтіп отыра тұрасың ба?» деп, көнетоз қызыл кресломызды меңзегем. Жанымдағы көршілер шығып кеткен. Олардыңшұғыл тапсырмаларыжоқтұғын.
— Мына мақаланы түске дейін тапсыруға тиіспін. Жаңағылар әзірше кіре қоймайды. Еркін бол, газет оқы, — деп жұбатамын.
Екі сағаттан соң қалада қыдырдық. Түскі тамақты бірге іштік. Емдәм дәмханасынан. Асқазаны ауыратын адамдар сияқтанып.
— Сіздікі қай қасқыр-ит? — деймін. «Сарыағаштағыдай».
— Өзіңіздікі ше? — дейді Нәзия. Курортта кездескендегідей.
— Менікі — күтінбесең, шабаланып шыға келетін қасқыр-ит.
— Менікі... мүлде жазылды ғой, ағай, — дейді Нәзия. — Сіз әлі де емдәмдесіз бе? Тұзсыз, қуырғансыз...
— Иә-иә. Сіз ше?
— Мен емдәмді де, ем-домды да доғарғам, ағай.
Ол түскі тамақтан шығып, пионерлер паркіне кірген соң жаутаң қаққан. Мен оның жаутаңдағанына жауап қата алмағам. Аздап-аздап әңгіме айтысқанбыз. Оған шаһарыңыздың шадыманы шаш-етектен секілді. Маған оның алыстағы ауылы ерекше қызық сықылды. Парктің түкпірінде тағы да жаутаңдаған. Мен күрсінгем. Болашағымызды болжағым жоқтұғын. Бәрі бұлыңғыртұғын. Түс қайта бере баспаханаға, газеттің кезекшілігіне баруым керек. Кезекшілікті ешкіммен де, ешқашан да ауыстыра алмайсың. Нәзия түсінгендей. Ет комбинаты жағында екі жылдан бері бармай кеткен ағасы тұрады екен. Сол кісілерге сәлем беріп, кешкі автобусқа үлгеруі керек-дүр.
— Хат жаза берейін бе? – дейді қоштасарда Нәзия.
— Жазбай көр! Көресің! – деп батылданған болдым. Өзімше.
— Маусымда... Былтырғыдай уақытта... Шымкенттің шығысындағы әлі игерілмеген жон-жонастың үстінде кездесеміз бе? – деді Нәзия. Жанарлары жанып. Қоңыр беретін шешіп. Қою-қоңыр шашын шашып жіберіп, қайта жинап.
Аузым аңқиған. Асқазаным атқақтаған. Қайран қалғам.
Ол алыстап барады.
Кезекшілікке кеткем. Күрсін кернеп кеудені.
Обалы не керек, Нәзия хатты сиретпеді. Маусымда уәдесінде тұрды. Шаһардың шығысындағы әлі игерілмеген жон-жонастың үстінде жолықтық. Ұзақ қыдырдық. Жылқы желкектер ақбөріктеніп, айкөріктеніп үлгерген екен. Ақ қалпағы бұрынғыдай. Ақ көйлегі былтырғыдай. Сұрғылт сөмкесіне Балбұлақтың жаздық алмасын сықай толтырып әкелген екен. Таласа-тармаса жеп тауыстық. Сонсоң кітап әлеміне ауыстық.
Одан кейін де бірнеше рет жолықтық.
Қорықтық. Ол емес. Мен.
Соңғы жолығыстан соң, құрғақ қыдырыстан кейін Нәзия қыз хат жазбай қойды. Әуелгіде әуреленіп, жүйкем жүндей түтіліп, жүдеп жүрдім. Бірсін-бірсін бойым байыз тапты. Ойым байсал тартты. Ұмытқанымыз жөн. Бір-бірімізді.Бәрібір, үйлесімді-үлгілі үй иесі ретінде келіншегіммен ажыраса алмайтыным ақиқат. Бала-шағамды қалдыра алмайтыным шындық. Асқазаның сыздап, жүрегің мұздаса-дағы, көнесің.
Ұзақ уақыт өткен. Хаты жеткен. «Ағай! Ақыры алып қашқандарға көндім ғой. Жаңатас жақтамын. Бірақ күйеуімді түк те жақсы көрмеймін. Сенесіз бе?! Қайта-қайта бардым ғой сізге. Түсінбедіңіз. Сезінбедіңіз. Қарамадыңыз. Қайтем. Көндім. Нәзия».
Біржарым жылдан кейін кенет телефонмен тілдесті. «Жұмысыңыздан жарты сағатқа шыға аласыз ба?» — дейді. Маусым айытұғын. Даусында түсініксіз діріл бар. «Шымкентіңізде игерілмеген жон-жонас қалмапты, қайда кездесеміз?» — дейді. «Пионерлер паркіне, баяғы түкпірге кел», — деймін. Жұмысымызға жақын ғой.
Мойнымнан құшақтап, солқылдай жылап қоя берген. Баяғы Нәзия емес. Басқа. Бөтен. Омырауына кітап қысқан, әдебиет жайында әдемі әңгімелер әдіптейтін, небір нұрлы шолулар жасайтын кітапханашы қызға ұқсамайды.
Алып қашқан күйеуі нашақор, ішімдікке құныққан біреу боп бұйырған. Қол жұмсаған. Ауылына бармайды. Қалада қалады.
«Неге-неге-неге?! Қарамай қойдыңыз?! Біржарым жыл бұрын...Асыл қазынамды өзіңізге ғана арнап сақтап ем, сізге бұйырғанымда, бұлай өкінбес едім ғой, ағай... Бір түніңізді қимадыңыз... Ең болмаса бір-ақ түніңізді...»
Ұзақ үнсіздік орнады. Өштім.
Бар тапқаным: «Бір түн бірге болғанымызда, маған бұйырғаныңда... Қазір бәріне мені кінәлайтын едің ғой», — дедім. Дәлел-дәйек айтқандай болғаныммен, өзімнен-өзім жеркенгенім неліктен екен?! Кенет баяғыдағы, «Сарыағаш» санаторийінің алтыншы корпусындағы төрт жігіт тізіліп тұра қалды. Қарсы алдымда ойқастай елестеп. Төртеуі түгел қосылып, әлдебір әнге басатындай. «Ай, ағатай, ағатай!» дейтіндей. Әлгі әннің қайырмасы.
Арада қаншама жылдар жылжығанын жасырын қалдырайын. Айтпайын.
Кенет облыстық ауруханаға түстім. Біресе жүрек дейді, біресе асқазан дейді. Осы заманда дәрігерлеріңіз-дағы бағзыдағы қазақтар секілді. Асқазан мен жүрек шіркіндерді шатастырып ала береді. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де еркіңіз, Нәзия сұлуыңыз һәм емделіп жатыпты. Оныкі де белгісіздеу боп тұрыпты. Не жүрек, не асқазан екенін анықтай алмапты. Жағдайын қысқа ғана мағлұмдады. Жалт етіп бір қарады. Жалқы мәрте жарқ еткен. Бітті! Палатасынан шықпайтынға айналған. Мені жазылдың деп шығарған. Бәрібір, дел-салмын. Мең-зеңмін. Бір апта өткенде баяғы өзім жұмыс істеген облыстық газеттен көрдім ғой. Оқыдым. Қазанама беріліпті. Нәзия Нұрлыханқызы. Кітапханашы. Жүрек талмасынан ажал құшыпты.
Кеудесіне кітап құшып жүретін қайран қыз. Айкөрікті, ақбөрікті байтал желкек, бәлкім байдалы гүлқайыр секілді сирек жаратылыс. Қазанама басына баяғы, жас кезіндегі суретін беріпті.
Бізден қанша жас кіші еді өзі? Е-е, есіме енді түсті. Айтпай-ақ қояйын. Ана дүниесі ақжарылқап болғай да.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу