Өлеңдер ✍️
Жеңге мен қайны
Анамыз сүтпен бірге наз емізген,
Сондықтан сөзді жақсы сеземіз бе?!
Баяғы қайнысы боп
Бір ағамыз
Ойнайтын сексендегі әжемізбен!
Кеш ұқтық өмірдің біз парасатын,
Ғажап қой кеш күлкімен тарасатын.
Қарамай қырық-елу жас айырмаға
Қалжыңы өздерінің жарасатын.
Кездескен,
Ұшырасқан кездерінде
Өнердің ұшқыны ойнап көздерінде,
Айтқанда ол екеуі
Жіптіктей боп
Кететін кедір-бұдыр сөздердің де!
Тірлік пе жүре беру құр санатта?!
Жылға азық құрсан күндер,
Құрсан апта.
Әжеміз бір жасайтын
Қайнысымен
Сөйлескен,
Әзілдескен бір сағатта.
Өткізіп күзді де аман,
Қысты да аман,
Қазірде сәл қиындай түсті ғалам.
Қайнысы
Ә дегенде өте шыққан
Өзінің жастығындай ыстық оған!
Қашанда осы мінез,
Осы қалып.
(Бұлардың әзіліне досы қанық.)
Біреуі оз ағасын,
Бірі жарын —
Екеуі мәз болады есіне алып.
О, дәурен!
Жарқылдаған ақ алмасым!
Белгілі кәрілікке көне алмасың.
Жастығың өтсе өтсін,
Жастығыңды
Есіңе салатындар жоғалмасын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter