Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  350


Автор: Қадыр Мырза Әли

Символ

Желі-желі,
Көген-көген тел ұстар
Кез алдымда сонау көне қоныстар.
Сәукеле боп,
Бастарына қыздардың
Қона қалған үкілі бір конустар.
Отан тыныш болса керек бұл кезде.
Оттан ыстық басылады гүл кезге...
Батырлардың басындағы дулыға
Өлгеннен соң
Айналады-ау күмбезге!
Қандай болса көктемдегі қыр гүлі,
Сондай сұлу сахараның тұрғыны.
Әр тақия отау болып бөлініп,
Киіз үйге айналады бір күні.
Бірақ тағдыр ұмытпайды пәлеңді.
Соғыс.
Жорық.
Талан-тараж...
Ал енді
Әжелердің ақ жаулығы —
Ақ жалау
Тыныштыққа шақыратын әлемді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу