Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
30.05.2021
268
Табиғатқа табыну
Табиғат,
Көңілінде бар ма сынық?!
Сен мені —
Сахараның ардасын ұқ!
Бұл жолы шөлмексіз-ақ,
Қалбырсыз-ақ,
Мен саған келіп тұрмын дорба асынып.
Өзіңде өткізген ем бұла күнді.
Сағындым бөкеніңді,
Бұланыңды.
Үнінен бажылдаған машинаның
Дем алдыр менің сорлы құлағымды!
Ойлама бірі екен деп мені екінің.
Маған жат әрекеті әулекінің.
Іліп қой жел өтіне
Киімімді
Иісі сіңген әбден темекінің.
Бағалай алмады деп көк теңізді,
Табиғат,
Әшкерелеп сөкпе бізді.
Тазала, саумал ауа,
Самалыңмен
Заводтың мұржасындай өкпемізді.
Санадан гөрі кейде сезім жетік,
Сезімсіз болар менің сөзім жетім...
Табиғат,
Емде мені,
Оралайын
Өзіңсіз күн жоғына көзім жетіп!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter