Өлеңдер ✍️

  30.05.2021
  136


Автор: Қадыр Мырза Әли

Төгілгенмен көкіректе күй тасып

Төгілгенмен көкіректе күй тасып,
Өтпеді өмір көңілменен ұйқасып.
Жүріппін мен бақшасында арманның
Түбі тесік шелекпенен су тасып.
Жатпаймын мен ел алдында ақталып,
Бірақ тірлік шымбайыма батты анық:
Су ғана емес,
Тесігінен шелектің
Еңбегімнің көбі бекер кетті ағып.
Мына жайлау,
Мына байтақ даламдай
Атам жомарт,
Әкем мырза,
Ағам бай.
Бірақ та мен қысыламын
Ең арзан
Сыйлықпенен тойға келген адамдай.
Үлкен,
Үлкен болашақтың талабы,
Зор талапқа лайық нем қалады?!
Соны ойласам,
Мұң ба?
Шер ме?—
Бірдеңе
Жүрегімді шымшып-шымшып алады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу