Өлеңдер ✍️
Даңғаза даңқ
Даңқтың да мінезі сәл өзгерген,
Сөйлесетін болыпты ол да езбенен.
Осалдығын білгеннен соң оның да
Айға қолын созады екен кез келген.
Парыз қайда!
Ұмыттық па парызды?!
Жұлдыз сұрап жазады жұрт арызды..
Даңқ сенен — еңбек емес —
Кей кезде
Қонақасы дәмететін тәрізді!
Ұмыттық па абыройды,
Ұятты?!
Қанаттыдан озам дейді тұяқты.
Даңқ енді,
Шоқтығыңа қарамай,
Тоқтығыңа қарайтұғын сияқты!
Бауырым-ау!
Не болады түбінде?!
Шарап-шындық барады ашып күбіңде...
Ел аралап жүретұғын сері даңқ
Омырауға жиналыпты бүгінде!
Дарын туған жөргегінен жер үйдің,
Даңққа бұл не болды деп жоримын.
Жанға құлақ түрмеуші еді
Ол енді
Айтқанынан шықпай қапты жюридің!
Ермей елдің өсегіне,
Сөзіне,
Нағыз талант түседі өмір тезіне.
Бірақ оны көрмейтінді шығарды —
Бұл даңқтың ақ түскен бе көзіне?!
Жалған атақ күнде тойын тойлайды.
Осыны кім?
Осыны кім ойлайды?!
Халық бірақ
Түбі шикі сыйлық пен
Шын даңқты шатыстыра қоймайды!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter