Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  167


Автор: Қадыр Мырза Әли

Арманына жеткен ауыл

Таң қалмайсың заманға енді қайтіп!
Ақиқат боп аңызың келді қайтып.
Ауыл шалы бүгінде отырады
Америка жайында әңгіме айтып.
Дүние емес барқытың,
Пүлішің де.
Еңбек етсе қазақтар —
Күні үшін бе?!
Телефонды aп әжеміз
Берлиндегі
Сөйлеседі ұлымен түн ішінде.
Бозбалалар,
Боздақтар бұл қатарда
Батырларша баяғы түн қатар ма?!
Маңмаңгердің тарамай құйрық-жалын.
Машинасын жуады күн батарда.
Кенжесіндей заманы еркелеткен
Бұл арадан ескілік ерте кеткен.
Көрші ауылдың қазағы тойға келген
Қой жетектеп түседі вертолеттен.
Қарыштаудай заманы қарыштады.
Жаңалықтың ауылда бар штабы.
Естіліп-ақ жатады шет жайлауда
Космонавтың дауысы ғарыштағы.
Бұл ауылдың бойына құты сіңбей,
Бақыттың да жанбайды оты сөнбей.
Күн нұрымен ойнайды антенналар
Әр шатырдың әдемі үкісіндей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу