Өлеңдер ✍️

  29.05.2021
  326


Автор: Қадыр Мырза Әли

Тілдің туы

Тілсіз келген білімнің
Түбі нағыз қиғылық.
Кесегесін тілімнің
Көтеремін ту қылып.
Дәулет деген —
Ұғыңдар!—
Кеше болса, бүгін жоқ.
Тілің болса — күнің бар,
Тіл болмаса — түгің жоқ!
Тілім — шипам, дәрім де.
Мәңгүрт болып күн көрмен
Абыройдың бәрін де
Маған осы тіл берген.
Тілсіз ақын жеңді ме
Айтысқанда мықтымен?!
Отанды да, Елді де
Тіл арқылы ұқтым мен.
Жырға қосып алауын
Жалындаған от қыздың,
Жүректің де қалауын
Тіл арқылы жеткіздім.
Келер пәле басыңа,
Кемел сөзге мін тақсаң.
Қастың өзі досыңа
Айналады — тіл тапсаң!
Жарлымын деп қаймықпа,
Намыс болса қаныңда.
Байлық деген байлық па
Тіл байлығы жанында?!
Өз өмірің өзге өмір
Сияқты екен, қарағым,
Айналмаса сөзге бір
Ішіндегі қара мұң.
Неше түрлі гүліңмен
Әдемі ғой төңірек.
Айырылсаң тіліңнен,
Кетер едің мөңіреп!
Диқан жаңбыр тілемес
Жатқанда астық қырманда.
Басқа қамың түк емес,
Тілдің қамы тұрғанда!
Тілсіз келген білімнің
Түбі шатақ, қиғылық.
Ақын көзі жұмылмас,
Жырдың көзі жұмылмай.
Елдің туы жығылмас,
Тілдің туы жығылмай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу