Өлеңдер ✍️

  28.05.2021
  145


Автор: Қадыр Мырза Әли

Құстар қанша баққа көрік болатын

Құстар қанша баққа көрік болатын!
Бұлбұл анау,
Қадірлейді ол атын.
Шырыны үшін,
Шекері үшін,
Нәрі үшін
Бал арасы гүл іздейді қонатын.
Шіркейіңе керек малдың қотыры.
Маса жұрттың жүр мазасын кетіріп.
Көк шыбынға жас ет керек жаюлы
Жақсылап бір кету үшін «отырып».
Салқындайтын шілде менен тамызда,
Шалшық керек,
Балшық керек доңызға.
Жапа керек жатқан буы бұрқырап,
Қалай еді,
Әлгі әне бір қоңызға!
Ой кепсері сырды қалай сүзбейді?!
Сүзеді ол,
Бірақ жібін үзбейді.
Ал сыншылар қилы-қилы,
Өнерде
Әрқайсысы әр түрлі жыр іздейді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу