Өлеңдер ✍️

  28.05.2021
  151


Автор: Қадыр Мырза Әли

Көлге құйған өзендей қарық қылар

Көлге құйған өзендей қарық қылар
Өлең жазсаң болмай ма халыққа ұнар.
Неткен жансың апырым-ай, мақтан сүйгіш,
Неткен жансың апырым-ай, даңқ құмар!
Өзім дейсің өмірде,
Өзім дейсің.
Қалай өзге жан барын сезінбейсің?!
Мақтау саған ұйқының дәрісіндей,
Соны естімей,
Сен тіпті көз ілмейсің.
Иланбасаң,
Еліңнен барып сұра.
Өзімшілді сүймейді халық, сірә.
Ал сен болсаң жүресің сөз дәметіп,
Ал сен болсаң жүресің даңқсырап,
Үйренбеген тізгінге бесті ме едің?!
Әдеп жолын қанша рет кескіледің.
Пәтер сұрап алғандар жетіп жатыр,
Даңқ сұрап алғанды естімедім!
Өнерімен біздерге қымбат басың,
Жырыңды жұрт жаттайды ұнатқасын...
Бірақ, бірақ,
Күн болсаң,
Даңқ — Ай ғой,
Ай дегенің тумай ма күн батқасын?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу