Өлеңдер ✍️

  28.05.2021
  177


Автор: Қадыр Мырза Әли

Кейде ширап

Кейде ширап,
Кейде жүндей түтіліп,
Кейде ұтып,
Кейде мықтап ұтылып,
Көп нәрседен,
Көп нәрседен қол байлар
Келем енді,
Келем енді құтылып.
Бал шәрбатқа таңдайымыз жібіттік.
Қарамаймын енді оған да үміт қып.
Сергелдеңге салған талай түнімен
Сабасына түсіп қалды жігіттік.
Сары түске алмастырып жасылды,
Оңды-солды шашып бақтық асылды.
Жұлдыздардан,
Нұр-қыздардан қызғанған
Жарымыз да тулап-тулап басылды.
Енді, міне, көктемдегі қардаймын,
Текке кеткен уақытымды қарғаймын.
Бір кездері өзім іздеп жүретін
Тойға қазір шақырса да бармаймын.
Уақытында бәрі-бәрі қалады-ай!
Жастығың да екі көзі танадай...
Отырамын енді ойымды әлдилеп
Жалғыз ұлмен жесір қалған анадай..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу