28.05.2021
  304


Автор: Мархабат Байғұт

СЫНДАҒЫ КҮЙШІ

Тәкен Әлімқұлұлы әдетте өзін прозадағы күйші ретінде сезінетін және солай меңзеп отыратын. Мұның сыры қат-қабат. Осы орайдан ойлансақ, Төлеген Тоқбергенов сындағы күйші мәнзелдес. Алғаш Төлеген Тоқбергеновті 1975 жылы жас жазушылардың республикалық кеңесіне барғанда жақсырақ, жақынырақ танып білдік қой. Оған дейін оқта-текте, бірде Алматыда, бірде Шымкентте көріп қалатын едік. Сол жетпіс бесінші жылдың желтоқсанында болу керек, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақ, Жайсаңбек Молдағалиев, Төлеген Тоқбергенов ағаларымыздың ортасына түсіп, шығармаларымыз талқыланып, ойхой, бір қызық болған.
Төлеген ағамыздың жазғандарын түк қоймай, түгел оқитынбыз. Сындағы күйші деуіміз сондықтан. Ол сын жаза отырып, бір немесе бірнеше шығарманы, әлдебір немесе әлденеше жазушының шығармашылығын талдай отырып, кәдуілгі күй шерткендей әсер қалдырады. Сенбесеңіз, оқып көріңіз.
Төкең сыны – сырбаз, мәдениетті сын. Ол: «Өнер мұраты – өнеге» екенін қашан да, қай еңбегіне де алтын арқау ететұғын. Өзіне де, өзгеге де солай талап қоятын.
«Өйткен едік, бүйткен едік, сапарлас болып едік, үйімізге де талай рет келген еді», – демей-ақ қоялық. Тек бір ғана эпизод естен кетпес. Ешқашан да.
Ол былай болған.
Прозадағы күйші зергеріміз Тәкен Әлімқұловтың жетпіс жылдығы аталып өтіп жатты. Өзі сол жетпіс жылдығынан біржарым жылдай уақыт бұрын бақилық болып, өзінің өсиеті бойынша Бабата (Ысқақ баб) жатқан зиратқа жерленгентұғын.
Тәкеннің жетпіс жылдығы Шолаққорғандағы №14 мектеп-интернатта ресми түрде аталып өтті. Алматыдан, Шымкенттен бірді-екілі қонақтар барған. Баяндама жасалды. 1988 жылдың қоңырқай күзі ғой, партия, кеңес қызметкерлері бар, жергілікті атқамінерлер бар, оқушылар мен ұстаздар бар, ұзақтау-ұзақтау сөз сөйледі. Алайда, айтқандарының бәрі дерлік жасанды ма, жаттанды ма, ешқайсысы да пәлендей тебіреніп, толғанып жатпағандай сезілгені рас. Мектеп ауласында тәп-тәуір сап түзеп тұрған сол кездегі пионерлер мен комсомол-жастар да селт етпестей селсоқ күйде секілді көрінген. Жүргізуші жиынның тәмәмдалғанын хабарлап, ендігі атқарылатын шаралар мен шаруаларды мағлұмдап, алғысын айтып бола бергенде, кенеттен бір, күтпеген нұр үн естілді. Бір шетке таман, әлдебір нәрседен тыртық түсіңкіреген жалтыр маңдайын уқалап қойып, қатты түнеріп тұрған Төкең, Төлеген Тоқбергенов бір аттап, алға ұмсынды. Ұзын-ұзын, сорайған саусақты, арық қолдарын алға қарай созыңқырап, ортаға қарай озыңқырап, тамағын кенеп, қарлығыңқы, бірақ мейірім-нұрлы, қайырым-қырлы үнін қырағаттап: «Ай!» – деді. Сонан соң: «Ай, айналайындар, тоқтаңдаршы!» – деді. «Тіпті біреуің тебірене алмадыңдар ғой», – деді сонда сыншы Төлеген. Бірде-біреуің Тәкенді түсіне алмаған екенсіңдер ғой», – деді қазақ сынындағы жыршы-жырау, күмбір-күйші Тоқбергенов Төлеген. «Тәкен Әлімқұлов – қазақ прозасындағы күй-құдірет қой», – деп еді сонда Төкең. Әр сөзін, әрбір пікірін айтқан сайын алға адымдап қояды. «Шежірелі сахарадан», «Кертолғаудан», «Сырлы наздан», «Ел мен жерден» қысқа-қысқа, бірер сөздік, сирек сәттік мысалдар келтіріп, Тәкенді Тәттімбетпен, Ықыласпен, Сейтекпен, Төлеген Момбековпен, Сүгірмен, Абаймен, Ақанмен салыстырды дейсіз-ай сонда. Екі жарым сағатқа созылған ресми жиналысымыз адыра қалғандай. Тәкентанушы Төлеген Тоқбергеновтің он бес минөттік сөзінен соң сұлықтау жатқан Созақ жері бозінгендей иіп сала берді. Тәкен Әлімқұлов атындағы мектеп үйінің өзі бозінген секілдене селкілдеп, теңсетіле тебіренгендей болды. Мектеп оқушылары сірескен қалыптарынан, селқос та сұлық саптарынан жаңылғандай. Тәкеннің текті күйін көз алдарында шертіп өткен Төлеген сыншының қашаннан-ақ қарлығыңқы, алайда, нұрлы үніне елтіп, елбірей елжіреп, қоршап алысты. Баяндамашыларымыз, сөз сөйлеушілеріміз әлденеден ұялыс тапқандай, ыңғайсыздана шегіншектеп, жазып алған, бәлкім, біреулер жазып берген қағаздарын шиыршықтай бүктеп, ертерек жасыруға ұмтылатындай. «Ай, айналайындар, – деді Төлеген сыншы сонда, – Тәкенге жай өлшем жүрмес; Тәкенмен танысуға талап керек; Тәкенмен табысуға талант керек; Тәкенді білмесең, өзіңді ұлтыңның ұлы мен қызымын деп санауға хақың жоқ. Бәрібір, бола алмайсың, осыны мықтап түймекке керек, ай, айналайындар...»
Созақта сондай бір жағдай болған.
Сындағы күйші осылай айтқан сонда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу