Әңгімелер ✍️
СІЗДІҢ САЙЛАУБЕГІҢІЗ
Мерей
Сіздің Сайлаубегіңіз –– атақты Ащысай кенішінде кіндігі кесілген түлек.
Ащысайыңыздың айналасына ақшаңқан сәуле шашып, нұрланғандай болған жылдарын да, бар қазынасы ұрланғандай жүдеп-жадаған кездерін де көрдік қой. Қаратаудың қорғасынын да, түсті металын да, түрлі металын да талап-тонап, сығып алған Сы-Сы-Сырыңыз емес пе еді? Ащысайыңызға анда-санда, Бабатаңызға оқта-текте жолыңыз түскенде, Созақты сезініп, Созақты сағынып, кербез Кентауды көксерсіз кейде, Сәуірбектер мен Тәкендер, Асқарлар мен Төлегендер ойға оралар. Әрқайсысы қайран Қаратаудың бір-бір биігі сияқты ғой, шіркін.
Сондай-сондай сәттеріңізде Ащысай кенішінде туған, Бабата баурайында балалық шағы өткен, қарт Қаратауыңыздың қатпар-қатпар шоқыларынан шежіре ұққан сіздің Сайлаубегіңіз де көз алдыңызға келер. Сыншы Сайлаубек те кәуілгі. Таза сыншы Сайлаубек Жұмабек.
Сынай қарайды. Бір бүйірден ғана. Сәл-пәл күлімсірейді. Көбінесе қабағы түйіліңкірей түнереді. Өзі, әрине, шүкіршілік, әдеби-мәдени ортада, Алматыда аман-есен жүріп жатыр ғой. Алайда, Ащысайыңыз бен Бабатаңыздың маңайындағы сауыс-сауыс таулар мен сеңгір-сеңгір асуларға қарап, қиялданар мезеттеріңізде Сайлаубегіңіз һәм жаныңызда бірге жүргендей сезілетіні қызық-ақ.
Бұдан біраз уақыт бұрынырақта заңғар суреткеріміз, кемел ойшылымыз Әбіш Кекілбайұлы Сауытбек пен Сайлаубек туралы мақала жазған. Сайлаубектің сонау балаң жігіт кезіндегі сынай қарайтын көзқарасы мен орнықтылығы хақында сыр аңғарта кететін-ді сол кісі. Сол Сайлаубек туралы халық жазушысы, қайраткер қаламгер Шерағаңыз –– Шерхан Мұртаза былай дейді: «Анда-санда Мәскеуде, яки Ташкент, не Бішкекте кездесе қалсам, Шыңғыс Айтматов ағамыздың алдымен сұрайтын адамдарының бірі –– Сайлаубек Жұмабек. Иә, Шыңғыс шығармалары туралы Сайлаубектің сын жазғаны рас. Сонда Шыңғыс сын көрмей жүр ме екен? Мақтау естімей жүр ме екен? Демек, мәселе басқада. Ол –– Сайлаубектің шығарманы, жалпы әдебиетті өзге сыншылардан гөрі жете танитындығы. Сол танығанын бүкпесіз, риясыз, тек өзіне ғана тән турашылдықпен айта білетіндігі».
Сыншы Сайлаубегіңізге Шерағаңыз осылай баға береді. Шынында да Сайлаубек Жұмабек осынау аса қиын, жауы да көп, дауы да көп сын саласына жастайынан-ақ араласқан. Өзінің қатарлас қаламдастарынан бастап, небір қабырғалы қаламгерлердің, мүйіздері қарағайдай айтулы, ақиық ақындар мен аса көрнекті, суреткер жазушылардың сан-алуан шығармалары туралы өзіне ғана тән өрнек-нақышымен, талапшыл-таразышылдығымен, білімпаз-біліктілігімен үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты жүздеген еңбектерді дүниеге келтірді. Барлық уақытта да «сын шын болсынды, шын сын болсынды» берік ұстанды.
Әнебір жылдары Әбіштің жазғанын айттық қой. Кекілбайұлының келтіргеніндей-ақ, бұ бала қаршадайынан-ақ сын жағына икем танытқан екен. Әу баста Қазақ университетінің филология факультетін тәмәмдап, Ұлттық Ғылым академиясында бірер жыл, Мемлекеттік Кинематография комитетінде бірқатар жылдай жұмыс істеп, әдеби еңбектерді, сценарийлерді сараптау, талдау, бағалау мәселелерінің ыстық-суығын бастан өткеріп, тәжірибеге төселген. Оқып-тоқудан, ізденуден, тарихқа терең бойлап, әлемдік жауһарлардан сусындаудан жалықпаған. Кілем емес, кітап жинауды кәсіп еткен. «Жас Алаш» («Лениншіл жас» кезінде) үш жылдай әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болған. Бұл бөлімді Оралхан Бөкей, Сағат Әшімбай сынды саңлақтар да басқарған ғой. Бұл бөліміңіз талай-талай таланттардың аса ардақты, қастер тұтар қасиетті ұясытұғын.
Сонымен, сіздің Сайлаубегіңіз 1981-1990 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің сын бөліміне, 1990-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөліміне жетекшілік еткен кезеңдерде керемет ашылды. Қаламының қарымын, шын мәнінде тура сөйлеп, туғанына жақпайтын сыншы екендігін жан-жақты танытты. «Ара» журналында да сол алған бетінен қайтқан жоқ. Кейінгі қызметтерінде де сіздің Сайлаубегіңіз дарынын да, қарымын да, қарынын да (әзіл-шыны аралас) тепе-тең ұстап келеді.
Қараңыз, Сайлаубек Жұмабек «Сын пернесі» (1989), «Ғабит Мүсірепов» (1989), «Жұлдызы нұрлы суреткер» (1993), «Жүрегі – мұң, жүрегі – жыр» (1997), «Қазығұрт перзенті» (1998), «Сын әуені» (2001), «Талант тектоникасы» (2004) сияқты кітаптарын шығарды.
Бұлардан басқа, баспасөзде де, басқа сөзде де сіздің Сайлаубегіңіз қаламгерлеріңіздің қадір-қасиетіне тиіспей-ақ, әлдебіреулердің әуендеріне ілеспей-ақ, әлдекімдердің мүдделерін көздемей-ақ, сойылдарын соқпай-ақ, сыншылық парызын адал атқарып келеді. Менмендік атаулыдан аулақ, міндетсінуге жоқ. Жүсіпбек Аймауытов сынды алыбымыз айтқандай, «мендік мен», «меншік мен», «әлеуметтік мен» деген ұғымдардың мән-мәнісін терең тектілікпен түсініп, түсіндіре түсіп келе жатыр сабазыңыз Сайлаубек.
Тағы да Шерағаңызға айтқызсақ, былай деп жазыпты: «Көп сыншылар иілгіш, икемділгіш, яки күйдіргі, жала жапқыш. Олардан әділ сөз есту қиын. Ал, өтірік мақтау — өз сорың. Қазір қазақ әдебиетінде сын жоқ. Сондықтан, динозаврлар дәуірінен қалған жалғыз тұқым сияқты Сайлаубектің зәру сыны да бұл заманда таңқаларлық ерлікпен тең». Шерхан Мұртаза осылай жазыпты («Ақындар мен әкімдер», «Елорда» баспасы, Астана, 2002 жыл). Біз «Сіздің Сайлаубегіңіз» дегенді қалың оқырманға қарата айтып отырыппыз. Сыншы парызы — асыл парыз. Аса ардақты, аса азапты парыз. Ол көркем әдебиеттің кенеркөгіне көз салып, зейінмен зерделеп, зиялылықпен зерлеп, оқырман ықыласын оятады, талғам таразысын тазартады. Ол қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпірдің де рөлін атқарады. Екінің бірі , тіпті мыңның бірі де шынайы, турашыл, нәт-ниеті ақ, пейіл-пиғылы таза, іштарлығы жоқ, құштарлығы көп, абзал да қатал сыншы, әдемілік жыршысы, көркемдік күйшісі –– әдебиет сыншысы болып қала алмайды.
Сайлаубек Жұмабек — сондай сыншы.
Алпысқа ақжүрек күйінде жетті ғой, алдағы асуларда да айни қоймас сіздің Сайлаубегіңіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter