28.05.2021
  557


Автор: Мархабат Байғұт

АТАМНЫҢ АТЫН – АУЫЛҒА, КӨКЕМНІҢ АТЫН – КӨШЕГЕ»

деген пиғыл қайтадан белең алып бара ма?



Шүкіршілік деуміз керек, тәуелсіздігімізге тәубе деуіміз қажет, ономастикадағы отаршылдықтан, тоталитаризм құрсаулаған атаулардан арылып жатырмыз. Он бес жылға жуық уақыттың ішінде ономастика мәселесін реттеуде біздің Оңтүстік Қазақстан облысы алда келеді. Қазақтың каймағы бұзылмаған өңірінде, ұлтымыздың ұйытқысы саналатын Оңтүстікте қай тарапта, қандай бағытта да өнегелі істердің көп болмағы ләзім. Біздегі жүздеген Лениндер мен Калининдер, ондаған Октябрьлер мен Партсъездер, сірескен Самсоновкалар мен Свердловтар, Кировтар мен Куйбышевтер, Ванновка, Антоновка, Корниловка, Мамаевкалар, Николаевкалар мен Обручевкалар, тағысын-тағылар әуел бастағы тарихи-географиялық атауларына ие болды. Бұларды былай қойғанда, орысша Чимкент, Чардара, Сарыагач, Джетысай деп жазылатын атауларды Шымкент, Шардара, Сарыагаш, Жетысай (орысшасын айтып отырмыз) деп өзгертудің өзі онша оңайға соққан жоқ. Шымкенттегі Ордабасы алаңы, Тәуке хан даңғылы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелері де – өте сәтті де ойлы, орнықты атаулар. Терең тебіреніп, шын қуанарлықтай өзгерістер туралы мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Өкінішке қарай, тәуелсіздік тұсында да елді мекендердің, әсіресе ауылдардың, ауылдық атыраптардың (округтердің), мектептердің, көшелердің аттарын өзгертуде көптеген кемшіліктерге жол беріліп жүр. Нормативтік-құқықтық актілердің, тұжырымдамалардың талаптарын бұзу фактілері біздің облыста да аз емес.
Осыдан оншақты жыл бұрын біз пақырыңыз "Атамның атын – ауылға, көкемнің атын – көшеге" дейтін көрешек пиғылды қойып, келешекті ойлайық" деген тақырыпта мақала жазғанбыз. Бұл мақала облысымыз бен республика көлемінде біраз пікір туындатып, сәл де болса қоғамдық ойға қозғау салып еді. Сол кездегі тұжырымдамалар мен ережелерде де ауылдарға, өзге де елді мекендерге адам аттарын қоя берумен көп әуестенбеу туралы қағидалар бартұғын. Қалай болғанда да, әйтеуір, аталардың атын ауылға, көкелердің атын көшеге тықпалай беру біраз бәсеңдеп, саябыр тапқан. Облыстық ономастика комиссиясы ауылдарға адам атын бермеу туралы шешімге келіп, шын мәнісінде 1997-2001 жылдары елді мекендерге негізінен кісі есімі қойылған жоқ. Алайда, Оңтүстіктің осы бастамасын кейбір өңірлер қолдамады, ауылдарға, басқа да елді мекендерге адам аттарын көптеп беру өзге бірқатар облыстарда белең алып кетті. Ақырында осыны бетке ұстаған біздің Парламенттегі атақты депутатымыз бір ауылға бір адамның, бір ауылдық округке және бір кісінің атын өткізуге жоғарыдан да, төменнен де бар беделін салды. Ол ойы жүзеге асып, бірте-бірте біраз жерлерде ауылдық округтерге, ауылдарға адам атын қою үдеңкіреген де кезең болды.
Рас, есімдерін ерекше есте қалдыруға тиісті аса ірі тұлғалар, Аллаға шүкір, Оңтүстік өңірінде де, бүкіл республикада да аз емес. Ондай тұлғалардың арасынан ең-ең лайықтыларын, республикалық, мемлекеттік деңгейде ірі қайраткерлерге айналғандарын айрықша құрметтеп, аттарын қою қажет те шығар. Бірақ, парасатты ойға салып қараңыздаршы, ауылдық округтер мен ауылдардың, өзге де елді мекендердің, мектептер мен көшелердің көпшілігі немесе түгелдей дерлік тек қана кісі есімдерімен аталып кетсе, не болады? Жараса ма? Үйлесе ме? Ұнаса ма? Мұның өзі өркениеттілікке де, мәдениеттілікке де, талғампаздыққа да, білімділікке де, көргенділікке де, тектілікке де жатпайды емес пе?! Барлық нәрсені толайым-тұтас кісі есімдерімен атап жіберсек, қазаққа кез-келген өркениетті, мәдениетті, білім-білікті елдің адамдары жатып кеп күлмей ме? Қазақ бұл жағынан да мазақ болмай ма?!
Кейінгі кездері кейбір қала, аудандардың ауылдарына, ауылдық атыраптарына (округтерге) қайтадан адам аттарын қаптата қою, көшелеріне көкелерінің есімдерін қайткенде де әйтеуір бұрынырақ беріп қалу жолындағы тайталас қайтадан белең ала бастағандай.
Абайлайық, ағайын!
Әрине, әркімнің көңілі патша ғой. Сол патша көңіліңізге парасатсыздау ерік беріп қойсаңыз, жалған намыс деген дерт меңдемек. Осыдан барып әркімнің де атасы ауылға, көкесі көшеге лайықты боп шыға келмек. Мәселенки, көптігіңізді, көпшігіңізді, беделіңізді, байлығыңызды, лауазым-қызметіңізді, т.т. пайдаланып, өз атаңызды немесе көкеңізді, әкеңізді ауылдың немесе көшенің, әйтпесе мектептің атына өткіздіңіз делік. Ал, сіздің атаңыздан да атақты, сіздің әкеңізден де әйдік, сіздің көкеңізден де кемел қайраткерлер, аса ірі тұлғалар бар екенін ойладыңыз ба? Өзінен әлдеқайда артық адамның аты қойылмай, отыз жетінің қуғын-сүргінінде елі мен жері үшін құрбан боп кеткен қайраткердің есімі ескерілмей, өз есімінің алға шығып кеткеніне атаңыздың, әкеңіздің немесе көкеңіздің аруағы нала болса ше?! Ана дүниеде, Хақ-тағала алдында шындық үшін шырылдап, шыжғырылып жүруі де мүмкін ғой. Дегендей әңгімелер айтылса, аталары мен көкелерінің аттарын жөнсіз жалаулатушылар түйсінер ме еді... Тіпті аса лайықты болғанның өзінде де адам аттарын қоюмен көп әуестенбеу керектігі қазіргі Тұжырымдамада да бар. Күні кеше Елбасымыз да "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында ономастикада ойлану керектігін, кісі есімдерін қоюды шектеу қажеттігін ерекше ескертті емес пе?
Көршілес облыстың бір ауданында 50-ден аса адам Социалистік Еңбек Ері және Кеңес Одағының Батыры атақтарын алған екен. Сол ауданда 50-ден аса ауыл бар екен. Егер әлгі Еңбек Ерлері мен Батырлардың аттарын барлық ауылдарға беріп шықса, не болмақшы?! Ойланып көріңізші. Бірақ олар Ақкөл, Айнабұлақ, Ақбұйрат, Ақжазық, Ақсеңгір, Талды, Тамды, тағысын-тағы тамаша атауларды адам аттарына өзгертіп жатқан жоқ. Қайта Октябрь, Киров, Калининдерді Баққоныс, Бозтөбе, Бозінген дегендей атаулармен алмастырыпты деседі. Кезінде облысымыздағы Түлкібас ауданының Куйбышев ауылына бір атаның немесе аса ірі қайраткердің атын беру туралы талас болыңқыраған. Үш-төрт жақ айтыса берген соң сол маңдағы биік төбенің атымен Ақбиік болсын деп шешкен. Бүгінде Ташкент –Алматы тас жолының бойымен өтетін жолаушының бәрі: "Ақбиік! Қандай ғажайып, жарасымды атаған! Аталарына рахмет!" – деседі екен. Ал, сол Ақбиікті бір атаның немесе қайраткердің атымен атағанда әлгіндей алғысқа ие бола алар ма еді? Осындай-осындайды неге ойланбасқа?
Облысымыздағы кейбір қалалар мен аудандардың ауылдарына, мектептеріне, көшелеріне ат қоюға келгенде аталар жарысы, батырлар жарысы, т.с.с. кейде белең алып кететіні бар. Мәселен, Мақтаарал ауданында қайбір жылы бір дегеннен жеті-сегіз ауыл аталарымыздың атына ие болып шыға келді. Облыстық ономастика комиссиясында арнайы тыңдалып, комиссия мүшелері барып, жан-жақты түсінік жұмыстарын жүргізіп қайтқан соң біразға дейін Советабад – Гүлстан, Куйбышев – Атамекен, Октябрь – Арай, Красный Октябрь – Шұғыла, Гвардейский – Мырзашөл, �елинное – Нұрлыжол, Победа – Алаш, Ленино – Ырысты болып өзгере бастады. Біраз уақыт өткенде қайтадан адам аттары көбейді. Биыл жыл басында тағы да облономкомның үш мүшесі барып қайтты. Артынша, яғни жақында ғана Жданов ауылын ― Байдала, Чкалов ауылын ― Сұлубұлақ, Ленинабад ауылын ― Сырабат, Кәрісауылды ― Күрішті, Большевик ауылын ― Зерделі деп өзгерту туралы ұсыныс келді. Қандай жарасымды!
Қазір облыс көлемінде отаршыл ономастикадан, тоталитаризм тұсынан қалған ауылдардың, өзге де елді мекендердің атаулары онша көп емес. Қырық-елудің төңірегінде. Оларға мүмкіндігінше адам аттары берілмесе дейміз. Облыстық ономастика комиссиясы тарихи-географиялық атауларды қалпына келтіруді, егер ондай аттары болмаса, мынадай атауларды қойыңыздар деп, талай-талай тізімдерді де ұсынып келеді. Мәселенки, қараңызшы: Ақниет, Ақшағыл, Аққияқ, Алқатерек, Айқаракөз, Алшалы, Аят, Әндісай, Әсемтас, Әуендала, Бауыртөбе, Бауырмал, Биқонған, Бозінген, Бозбие, Бозымбел, Бұйратал, Гауһартас, Гүлжазық, Гүлденген, Гүлденсін, Ғалымтөбе, Ғажайып, Дарабоз, Дарагүл, Дария, Дастантөбе, Дәстүртөбе, Дегелекұя, Долана, Домбыра, Досбұлақ, Егінсай, Егізбел, Егізағаш, Елікнұр, Еламан, Еңлікгүл, Еңселі, Жазира, Жасылтөр, Жақұттас, Жұпартал, Жусанды, Жомартбел, Заңғартас, Зәузатты, Зеңгіраспан, Имансай, Имангүл, Игілік, Кәусар, Кеңсаз, Киіктас, Көріктас, Күмбезтас, Қиянбел, Қоңырдөң, Құрақты, Қыранды, Назқоңыр, Нұрлыбел, Нұржауған, Ойпаңбел, Ойсана, Оймақтас, Сүмбіле, Сандықтас, Сауапкент, т.б.
Қазақ баласы жалған намысты, көрешекті емес, келешекті көздесе, көкешілдікке, рушылдыққа, аташылдыққа емес, шынайы ұлтшылдыққа, ұлтжандылыққа ұмтылуы тиіс. Базбір қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда көшелерге ру немесе ру ішіндегі ата атауларын тықпалап жібермекке тырысушылық та кездесіп қалады. Бұл да – нағыз дерт, келешек ұрпақ ренжитін, осы бастан аулақ болатын жағдай. Қайта жан-жақты жұмыс жүргізіп, ұғындыра түсіндіріп, бұрыннан солай аталатын атаулардан арылған абзал. Бұған бір мысал. Сайрам ауданында Қызылсу-Сиқым деген ауыл бартұғын. Жазушы Ерсін Қойбағарұлы зерттеп, талай жыл бойы дәйектеп жазып жүріп, бұрын сол ауылдың астында Құрлық дейтін тарихи қала-қорған болғанын дәлелдеді. Құрлық атауын ауданның тиісті орындары ұсынып, облыс қолдап, республика бекітті. Қызылсу-Сиқымның Құрлық ауылы болғанына бірқатар жыл өтті. Кейбіреулерге бұл атау әліге дейін ұнамайтындықтан, ауылға кіреберістегі жазудың "Қ" әрпін өшіріп тастай береді екен де, "ұрлық" боп қалатын көрінеді. Әрине, тиісті тәртіппен бекітілген атауды қорлағаны үшін әлгіндей әулекілерді тауып, заңға сәйкес жауапқа тарту керек. Жалпы, Бауыржан Момышұлы қадап-қадап қағидалағандай: "Тәртіпке бағынған – құл болмайды, тәртіпсіз – ел болмайды". Ономастикада да тәртіп керек, тәрбие керек.
Ауыл болсын, мектеп болсын, көше болсын, бәрібір, сайып келгенде, ата жарыстыру, көке сайыстыру – тектілікке де, көргенділікке де, өркениеттілікке де, мәдениеттілікке де жатпайды. Атамыздың аруағын ризалаймыз деп жүріп, жоғарыда тәптіштегеніміздей, керісінше назасына, наласына қалуымыз да әбден мүмкін. Облыс орталығында да өзгеруге тиісті көшелер жүздеп саналады, жаңадан салынып жатқандары да, Құдайға шүкір, тәуелсіздікке тәубе, аз емес. Көбейе бергей. Алайда, ат қоюға келгенде абай болайық. Адам аттарына тым әуес бола бермейік. Мәселенки, сізден біреу: "Мейірім мектебіне қалай барам?" – деп сұраса, қандай ғанибет. Сіз:"Мейірім мектебі дейсіз бе? Қанағат даңғылынан оңға бұрылып, Имандылық көшесіне түсесіз, сәл жүргеннен кейін солға бұрылсаңыз, Татулық көшесі шығады, сол Татулық пен Тазалық көшесі қиылысар тұста Мейірім мектебінің үш қабатты үйі гүлмен көмкеріліп, бауға бөленіп тұр", – деп жауап берсеңіз, қандай жарасымды. Әйтпесе, «Біздің ауыл Домбыра деп аталады. Тиек, Тоғызперне, Айқаракөз, Аққайың, Тәрбие, Текемет, Әлдибастау деген көшелері бар», – десеңіз, ұнасымды емес пе? Ал, атаңыз ауылға Домбыраның атын қойыпсыңдар деп, көкеңіз Әлдибастау үшін титтей де ренжімейді, қайта аруақтары риза болып, пейіште нұрлары шалқитын шығар.

Мархабат БАЙҒҰТ,
ОҚО тілдерді дамыту жөніндегі
басқармасының бастығы,
облыстық ономастика комиссиясы төрағасының орынбасары.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу