Өлеңдер ✍️

  26.05.2021
  246


Автор: Қадыр Мырза Әли

Төрге шығу әлі бізге ерте ме

Төрге шығу әлі бізге ерте ме?!
Ерте болса, турасын айт еркеңе.
Мен бәрібір диваныңа шалқаймай,
Құлай кетем жеңгей жайған көрпеңе.
Киіз үйді кернеп шалқар шабыт ән,
Қалалықты қыр ұлы боп қағытам.
Құрып кеткір галстукты лақтырып,
Омыраудың бар түймесін ағытам.
Жасы түгіл,
Жасамысы кішіріп,
Қонақтарды алады ауыл түсіріп..
Ет келгенде
Қоямын жай ақырын
Шанышқыны былайырақ ысырып..
Міне, осылай —
Келген сайын сағынып,—
Әдетімнен көрген емен жаңылып.
Киіз төсеп шөп салулы арбаға
Қалғып кетем атам тонын жамылып
Бір кездері әлдилеген жетімді
Әже түннің бесік жыры өтімді.
Тәтті ұйқымды әрең-әрең ашамын
Гүлге тұрған шықпен жуып бетімді..
Сыбызғысын безілдетіп сары масаң,
Сары белде сағымменен арбасам.
Куәлікке қырда туды делінген
Тұлпарлардың тұяғымен мөр басам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу