Өлеңдер ✍️

  26.05.2021
  172


Автор: Қадыр Мырза Әли

Көктем түгіл

Көктем түгіл,
Қысың өтіп,
Қар кетіп,
Тозады екен мұз айдынның паркеті,
Сәбилігім өте шықты зуылдап,
Жігіттігім өте шықты жарқ етіп.
Өтеп болып бүкіл қарыз,
Парызды,
Желтоқсанға айырбастап тамызды,
Енді отырмын
Былдырлаған бал бөбек,
Жарқылдаған жас болмаған тәрізді.
Уақыт-шалғы шауып жасыл қияқты,
Қайрақ — жолдар жұқартты ғой тұяқты.
Бәрін-бәрін бастан кешіп,
Бүгінде
Отырамын түк көрмеген сияқты.
Ағайындар, жақынырақ тұрыңдар.
Алыстады кавказдар мен қырымдар.
Жоғалттым мен жолдастарды,
Достарды,
Әлі де көп жоғалтатын түрім бар.
Айналып жай естелікке бұрымдар,
Өтті дәурен аруларға қырындар.
Қызылымды,
Қызығымды жоғалттым,
Әлі де көп жоғалтатын түрім бар
О кездерде Жастық деген Пірім бар.
Табанымда еруші еді бұрын қар.
Сол қызуды —
Мол қызуды жоғалттым,
Әлі талай жоғалтатын түрім бар.
Өмір шіркін қас қағым-ау,
Қас қағым.
Сабасына түсіп қалды асқақ үн.
Бәрін-бәрін жоғалтатын түрім бар,
Елге деген махаббаттан басқаның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу