Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.05.2021
157
Түлеген түз
Бір кездегі аспанның алып тоны —
Бұйра-бұйра ақ бұлттар қалыпты оңып.
Мен кеткенде жол еді бұраң-бұраң,
Сым темірдей түзетіп алыпты оны.
Бала кезде күй менен жыр тыңдаған
Бейтаныс боп көрінді жұртым маған.
Биігі бар, сайы бар, саласы бар —
Бір жері жоқ тулақтай жыртылмаған.
Қара толқын тәрізді қырат-қырлар,
Қалқып жүзіп барады бір аттылар.
Көкжиектің өзін де қоса жыртып,
Жібергеннен сау ма өзі тракторлар!
Табиғатқа көрсетіп өктемшілдік,
Тастақ жердің өзіне еккен шыбық.
Тырмаларын сүйретіп техника,
Төбелердің басына кеткен шығып.
Өзің жайлы кітапты бір қыс ойлап,
Асып түсті ақыннан тұрмыс-айна.
Көз қуанып жаңғырған жаңа өмірге,
Көңілімде көне ауыл тұрды сайрап.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter