Өлеңдер ✍️

  25.05.2021
  319


Автор: Қадыр Мырза Әли

Жалғыз ағаш

Долы желмен жағаласып дауылда,
Дүр сілкініп алатын бір жауында —
Орман емес,
Тоғай емес,—
Бір ағаш,
Бір ғана ағаш болатұғын ауылда.
Туған жердің тұзды сортаң шымында
Тамыр жайған жұмбақ еді шынында.
Сол ауылдың саяқ шыққан жылқысы
Саясында тұрушы еді шыбындап.
Көшкен кезде келсе де алып көшкісі,
Кесе алмаған көк саяны еш кісі.
Бірақ жасыл бұтағына ағаштың
Өш болатын бүкіл ауыл ешкісі.
Жылда қурап,
Жылда қайта көктейтін
Сол ағаштың көрмегені жоқ дейтін
Сиыр біткен
Қайтқан кезде өрістен
Бұрылып кеп
Бір сүйкенбей кетпейтін.
Дұрыс ұғар достар менің сөзімді,
Есіме алсам қилы-қилы кезімді,
Түрлі жан кеп түрлі мінез көрсеткен:
Сол ағашқа ұқсатамын өзімді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу