Туындылар ✍️
БАРЛЫҚ АДАМ КЕРЕМЕТТЕРДІ ЖАСАЙ АЛАДЫ - Жақсы мінез сабақтары
Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Балалар да, ересек адамдар да бұл мерекені жақсы көреді. Ауа-райы суық болса да, балалар өте көңілді болады. Солай емес пе? Жасыл шырша, ондағы әдемі ойыншықтар ...
Барлық балалар жаңа жыл мерекесін асыға күтеді. Досым, сен ертегілер мен сиқыршыларды жақсы көресің бе? Көгілдір шыршаның жанындағы көп балалар Аяз атаның, Ақшақардың мейірімді ықыластарын жақсы көреді, балалар таласып өнерлерін көрсетеді. Ақ сақалды Аяз ата кереметтей сыйлықтар береді. Ал одан басқа ертегілердің кейіпкерлері: Дәу, Жалмауыз кемпір шыға қалғанда кішкентай балалар шошып кетеді. Ал сиқыршылар бәрімізге ұнайды. Олардың өнеріне барлық балалар қызығады. Бәрінің сиқыршы болғысы келіп кетеді. Сиқыршының өнері адамдарды қуанту екен ғой. Оны, досым, сен де жасай аласың.
Сиқыршылар тек қана ертегілерде болмайды. Әрбір адам жұмысын адал, таза, байыппен жақсы көріп істесе, сондай адам аз да болса сиқыршы бола алады, шын айтамын, сен оны білгенің дұрыс.
Аз ғана уақытта кең далада керемет үй салу деген нағыз сиқыр емес пе! Ал
адамды емдеп жазу, не болмаса бау-бақша өсіру, не болмаса жүк таситын машина құрастыру, тәтті-дәмді тамақтар пісіру, достарыңа, аналарға арнап әдемі суреттер салу, өлең, тақпақтар жазу... Иә, бұл дүниеде осындай сиқырлар
аз емес. Осының бәрін сен де үйренгің келіп тұр ғой. Сен мұндай кереметтерді жасай алмайтын сияқтысың, бірақ мен қателесіп айтып тұрмын. Сен талаптанып, тырысып кішкентай нәрсе болса-дағы керемет дүние жасауыңа болады.
Ал байқап көрейік!
- Анаңа көмектес. Үйдің ішіндегі шаңдарды сүртіп шық. Еден жуатын шүберекті сулап алып бұрыштарды, столдың, орындықтың астын барлығын сүртіп шық. Біткеннен кейін шүберекті жақсылап жуып, сығып, жайып қоюды ұмытпа. Енді қарашы, қандай тап-таза. Ата-анаң таң қалды. Үйіміз қандай әдемі, қандай тап-таза. Мұны жасаған кім екен? Досым, үндеме, бұл кереметті жасаған сенсің ғой!
- Әкеңмен не ағаңмен бірге, тоғайға, не өздерінің бақтарыңа барып кепкен, жуандау ағаш бұталарын жинап алыңдар. Олардың барлығын ұзындықтары бірдей етіп кесіңдер. Осы ағаштардан өзіңе таныс құмырсқа илеуін қорғап қойсаңдар, бұл жер жүрген адамдарға алыстан көрінеді. Сонымен илеуді адамдар абайсызда басып, бүлдіріп кетпейді. Ал құмырсқалар сол үшін осы кереметті жасаған балаға қаншама алғыстарды жаудырады десеңші!
- Өзіңнің кіші бауырыңды, не болмаса қарындасыңды киіндіріп, аяқ киімін кигізіп, далаға алып шығып серуендет, қайтып келіп қолын тазалап жуып, тамағын бер. Далаға апарғанда қарап жүр. Ол аузына улы шөптерді, құм, тастарды салмасын. Кейбір балалар қарды, мұзды жалайды. Ол дұрыс емес. Біріншіден, суық тиіп ауырып қауы мүмкін, екіншіден, ол тамақ емес қой. Сен таза ауаға серуендетіп келгенде екі керемет іс жасадың. Біріншісі – бауырыңның (қарындасыңның) денсаулығы мықты болып өсуіне жағдай
жасадың, екінші – өз ата-анаңа болыстың. Солай емес пе?
- Қыс кезінде құстарға ағаштан ұя жасап, оның ішіне тамақтар салып, дән себуді ұмытпа. Бұл да нағыз кереметтің өзі. Жердің бетін қар басып, мұз басып жатқанда, ағаштар қурап, құрт-құмырсқалар жоқ кезде құстар қайдан тамақ табады? Оларға дән сеуіп, нанның қоқымын бергенің сенің жүрегіңнің жомарт екендігін, жақсы азамат болып өсіп келе жатқандығыңды көрсетеді.
- Көшеде, қыстың күні үйіне суын жеткізе алмай жатқан үлкен кісілер болса соларға болысып жіберсең, саған ол кісілер батасын береді. Ал көп бата алған бала өскенде ең бақытты адам болады. Біздің бұрынғы ата- бабаларымыз: «Жауынменен жер көгереді, батаменен ер көгереді» деп тегін айтпаса керек.
Түсіндің бе, достым? Солай)))
Тамшы сөздер:
- Қуаныш сыйлау үшін, тек ақша керек емес.
- Қуанта білуді мақсат еткен бала, көп игілікті істерді жасай алады.
- Құстар да адам мейіріміне зәру.
- Жалқау адам әлсіз, қорқақ болады.
- Жалқаулық – жігерсіздіктің ағасы. Ол екеуінің досы жоқ.
- Көзіңе көрінген істі тындыра берсең айнала әлемің, жақындарың саған алғыс жаудырады.
- Өнер мен жалқаулық ешқашан дос болмайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter