Туындылар ✍️
Туындылар ✍️
25.05.2021
273
Жақсы мінез сабақтары - ТАБИҒАТҚА СЕРУЕНГЕ БАРСАҢ …
- Достым, бүгін екеуміз орманға серуенге шығамыз. Орман әлемі. Онда қаншама түрлі-түсті ағаштар, гүлдер, шөптер өседі. Жан-жануарларды айтсайшы. Орманның адамға да берер пайдасы өте үлкен. Ол – адамдарға қажет таза ауаның қоймасы. Достым, дайынсың ба? Бұл сабағымызды
«ормандағы кішіпейілдік сабағы» деп атауымызға да болады.
Орман ішінде тәрбиелі, кішіпейіл адам өзін-өзі қалай ұстау керектігін есіңе сақта және достарыңды соған үйрет.
- Әдепті бала – арлы бала. Ол табиғатты қорғауға, сақтауға, гүлдендіруге өз үлесін қосады.
- Тәрбиелі бала ағаштардың бұтақтарын сындырмайды, орман бұталарын және гүлдерді жұлмайды. Орманның топырағы мен шөбі ылғалдылықты сақтап, ұсақ аңдар мен пайдалы жәндіктерге пана болады.
- Белгісіз не болмаса білетін улы саңырауқұлақтарды жұлма. Солардың көпшілігі орманды мекендейтіндерге ем болады екен.
- Орманды мекендейтін кішкентай аңдарды, құстарды не болмаса жәндіктерді ұстап, ойын үшін үйге алып келуге болмайды. Өйткені ондай жағдайлар оларды ауруға, қиындыққа, тіпті өлімге алып келеді. Бұлар ойыншық емес.
- Абайсызда не болмаса әдейі құмырсқа илеуін бұзбаңдар! Бұзылған илеулерін құмырсқалар қысқа дейін жөндей алмай, қырылып қалады. Ал құмырсқалар – орманның тазартқыштары. Егер адам абайсызда орманды өртеп алатын болса, ол сондағы ағаштардың құнын төлейді. Ал ең қымбаты, орман тіршілігі үшін пайдалысы құмырсқаның илеуі екен. Сол үшін орманға барғанда отқа абай болған дұрыс.
- Әрине, тәрбиелі балалар орманға, не болмаса жасыл алқаптарға келіп демалған соң, қоқыс қалдықтарын қалдырмайды. Өздері ойнаған, тамақтанған жерді жинап, тазалап кетеді.
- Орманда жүргенде бастарыңа бас киім киіп алыңдар, жеңі ұзын жейде, аяқтарыңа шұлық киіңдер, себебі орманда кене болады. Кене – өте қауіпті жәндік. Орманға барғанда қастарыңда үлкен адамның болғаны дұрыс. Достарыңнан ұзамай бірге жүріңдер. Абайламаса, орманда адамдардың адасып кетуінің қаупі бар. Онда жыртқыш аңдар да болады.
Тамшы сөздер:
- Табиғатты туған анаңдай қадірле. Себебі ол – тіршіліктің анасы.
- Суға түкірме, ол жаман ырым.
- Табиғат үлкен үй, оны тазалап, күту – бар адамның парызы.
- Табиғат – үлкен байлық, болашақтың ырысы.
- Табиғат көзге қуаныш, жүрекке сағыныш, жанға тыныштық сыйлайды.
- Табиғаттың да мінезі болады. Со мінезіне қарай онымен қарым- қатнаста болу керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter