Өлеңдер ✍️
Ақын ана
Жастық кезде жарасады сән ойлау.
Жарасады,
Керек бірақ абайлау.
Қарап тұрсаң,
Нардың жүгін көтеру
Жардың жүгін көтеруден оңайлау.
Жарқылдатып алтын алқа тағынар,
Жалғыз пірің жастық еді-ау табынар.
Жуатұғын енді, міне, кірің бар,
Жиының бар,
Түскі тамақ тағы бар.
Концертімен көңіл кірін кетіріп,
Көлгір тірлік алдарқатар өтірік.
Алайда сен жердің қамын ойлайсың
Аяқ-табақ арасында отырып.
Жұбатам деп жылап жатқан қызыңды,
Жұмысыңның желісі сан үзілді.
Бірде тіпті,
Басың қатып жүргенде,
Жырға салдың асқа салар тұзыңды.
Сыр арнасын басқанменен қой тастар,
Сәйгүлік боп көңіл шіркін ойқастар.
Күні бойы
Қазан-ошақ босатпай,
Түні бойы
Ұйықтатпайды ұйқастар.
Айтыспай-ақ не досыңмен, не жаумен,
Өтеді өмір өжет ойды қажаумен.
Бір күндері қаламменен мал тапсаң,
Бір күндері өлең жаздың ожаумен.
Кім тігеді сенің үшін киімді?
Кім жинайды сенін үшін үйіңді?
Кесіп-пішіп жүрген кезде
Уақыттан
Өнер үшін қалады тек қиынды!
Осылайша өтіп айлар,
Өтіп жыл,
Бұл уақытта есең талай кетіп жүр.
Бай бақытты,
Балалар да бақытты,
Жалғыз ғана жаутаңдайды жетім жыр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter