Өлеңдер ✍️
Даңқ
Даңқ! Даңқ!
Таң қаламын мен саған.
Жастар мынау,
Қарттар анау қаусаған.
Бір жалт еткен ұшқыныңнан тұтанып,
Бәрінің де жанары оттай самсаған.
Сен сондасың қайда болса асыл кен,
Сәтін берсе: досың артық, қасың кем.
Той-тамаша төрін саған ұсынып,
Тұра қалып қол береді жасы үлкен.
Дейсің бізге: «Ағалайкум ассалам!»
Күмпілдейді мақтау толы мес-сабаң.
Ең алдымен өзіңе сөз беріліп,
Ең алдымен тартылады бас саған.
Сері жұртты тебірентер сыр-сезім,
Сыр-сезімді ұран қылар жыршы өзің.
Сый-құрметсіз айтылмайды есімің,
Суретсіз ғой басылмайды бір сөзің.
Қайсар жастың тас жаратын талабы
Қарай-қарай саған көзі талады.
Сәуегей ел сен отырған орынға
Сәбилерін бір аунатып алады.
Қарай қалсаң оңың менен солыңа:
Қып-қызыл боп гүл шашулы жолыңа.
Даңқ!
Сені даңқ қылған дарын да
Бала болып су құйып жүр қолыңа!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter