Өлеңдер ✍️
Көктебель және Волошин зираты
I
Қазына емес, сұлулықпен бай халық
Кете алмайды, осы араға байланып.
Дара тау боп қол бұлғайды Қара тау,
Сағынышы сары алтынға айналып.
Көкжиекке жетем десең сен егер,
Көк мұнарға сіңеді аппақ кемелер.
Келіншектің ақ төсіндей алқалы
Кеудесіне жүзім таққан төбелер.
Анау бұғаз, жағажайда сол шағын
Қара терге түсіреді монша-құм.
Ертегі-ару аңыз-epгe еркелеп,
Осы араға шашып алған моншағын.
Қыбын тапсаң Көктебельге барудың,
Құяңыңа,
Қиялыңа дару күн.
Үлбіреген ақша бұлты көктегі
Үкісіндей әлгі ертегі-арудың.
Болмағанмен жолбарыс жон, ала шың,
Бұл Қара тау ой өрісі дала үшін.
Керемет бір көзімен суретшінің
Көктебельді ашқан ақын Волошин.
Бұл жер үшін мақтануға қақың бар.
Өнерлестер ойымды осы мақұлдар:
Көктебельдің Веспуччиі — Волошин,
Сұлулықтың Колумбысы— ақындар!
II
Өткенменен өмірден
Бір жан асыл
Бірте-бірте жазылмақ жыр жарасы.
Бекітілген жүзікке қызыл тастай
Бір биікке бір зират тұр жарасып.
Түу биікте қол бұлғап шақыратын,
Мойындатып уақытқа ақыры атын.
Құлпытас боп,
Қадірлі қабір болып,
Құла төбе басында жатыр ақын.
Жүзген сеңдей
Аспанда бұлт аққанда
Жарасады өлеңге гүл таққан да.
Ешкім саған ештеңе істей алмас
Даңқ пенен Табиғат тіл тапқанда.
Табиғатқа батқан ғой қаза мықтап,
Дөңбекшиді көк теңіз бозамықта.
Жатыр ақын басында тау-төбенің,
Өз биігін, өзге емес, өзі анықтап.
Өлең сөзге қашанда бас иетін
Оқырман-ай, бар-ау бір қасиетің.
Ырзамын мен өзіңе
Орындаған
Ақыныңның өтініш-өсиетін.
Жатыр енді ол кеудесін желмен қағып,
Тіріде алмай бағасын, өлгенде алып.
Қабіріне ақынның —
Қия жонға —
Қара тер боп шығады келген халық.
Зират емес —
Ол да бір мұра дер ем.
Ой-биікке шалдығып шығады әрең.
Анау таудың басына жерле деген
Ақын сөзін түбінде ұғады өрен.
Қай кезде де құрметті төрдей мекен,
Қызығыңды қалайша көрмей кетем?!
Тірісінде асуың алған ақын
Өлген соң да биігін бермейді екен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter