Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.05.2021
189
Мықтылар
Қамыс болар күн келеді құраққа.
Қар түседі кешегі көк қыратқа.
ГАИліктің таяғындай леп белгі
Айналады бүктетілген сұраққа.
Адам байғұс шөжейін деп шөже ме?!
Амалы жоқ жеткеннен соң межеге.
Анау жылғы қыз махаббат күлім көз
Айналады мәужіреген әжеге.
Кейбір жастар һәм бөбектер бейкүнә,
Күле қарар әжім-әжім сиқыңа.
Бірте-бірте, бірте-бірте мына ұйқы
Айналады анау үлкен ұйқыға.
Қарап қалмас әдеп сақтап іркіліп,
Кеуде қағар кәріліктің күркілі.
Шөге-шөге, шөге-шөге дәу тұлғаң
Айналады төмпешікке бір күні.
Сияқты сол шөгіп жатқан жүкті нар
Төмпешікке
Шыққан шөпке шық тұнар...
Бірақ, бірақ Адамға бұл дауа жоқ —
Ескерткіш боп тұрып кетер мықтылар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter