Ертегілер ✍️
Ертегілер ✍️
24.05.2021
907
Бозінген
Бұрынғы заманда Бағланбай деген бай бар екен. Оның дүние малы көп екен. Көп малының ішінде бозінген деген бір жақсы түйесі бар екен. Бозінгенді барлық малынан жақсы көреді екен. Бірақ Бозінген ешбір бота таппаған екен. Бір күні бай ел-жұртын жинап неше биелер сойып той қылып жұртынан кеңес сұрапты:
– Менің жақсы көретін түйем Бозінген бота таппады. Сол туралы не ақыл бересіңдер? – дейді.
Онда жиналған жұрттың ешбіреуі жауап бере алмайды. Сонда босағадан сығалап тұрған бір жеті жасар жетім бала былай депті сөз бастапты.
Айналайын, ағалар,
Өткен екен дүниеден
Мың бір-екі сабалар.
Ажал жетіп күн бітсе,
Бұл дүниеде кім қалар?!
Мендей жетім балалар
Босағадан сығалар!
Ақсақалдар, қақпасаң,
Мен бір сөзді айтайын,
Құлақ салып тыңдасаң,
Ашу, жанжал қылмасаң,
Тойыңды жеп қайтамын,
Бозінгенді алдырсаң,
Үстіне кілем жаптырсаң,
Жібектен бұйда тақтырсаң,
Жітірме қазық қақтырсаң,
Бозінген бота табады,
Бір кедейге ырым қылып бақтырсаң, –
дейді. Бай баланың сөзін мақұл алып бозінгенге:
Қалы кілем жаптырып,
Жібек бұйда тақтырды,
Жітірме қазық қақтырды,
Ырым қылып бота табар деп,
Бір кедейге бақтырды.
Онда ай төбеден толып, жыл мүшелі болып, Бозінген қайып, туатын уақыты жетіп, бір күні басы алтын, бөксесі күміс бота туады. Бағып жүрген кедей кемпір-шал қуанып: «Байдан сүйінші алайық!» – деп, бара жатса, ауылындағылардың барлығы да кедей екен. Кемпір-шалдан:
– Қайда барасыңдар? – деп сұрайды.
Сонда кемпір-шал:
– Бағланбайға барып сүйінші аламыз! Түйесі басы алтын, бөксесі күміс бота туыпты, – дейді.
Онда ауылдағылар айтады:
– «Сен жалғыз барып байдан сүйінші алып , бай болып, бастарыңа мүйіз шықпайды. Неде болса барлығымыз тең көреміз. Інгенді сатып, пұлын аламыз. Ботасын жеті қабат темір үйге кіргізіп, бағып, өскен соң, оны да сатамыз, – дейді.
Кемпір мен шал көнбейді. Аяғында кемпір мен шалды өлтірмекші болады. Онан соң кемпір мен шал қорыққанынан лажысы жоқ көнеді. Бозінгенді ботасынан айырып базарға апарып алпыс діллаға сатады. Керуеншілер түйелеріне қосып тіркеп, алып кетеді. Сонда Бозінген керуеншілердің қолында ботасын сағынып, боздап, жылап, зарлап айтқаны:
Жаратқан жалғыз құдая ,
[Күйіп жаным, сабылдым.]
Үстіме кілем жамылдым.
[Ырым қылып бала үшін,
Кекілімді үкілеп,
Жібектен бұйда тағындым.
Бір бота үшін толғанып,
Бір өзіңе жалындым.
Ақырында аңырап,]
Ақырында құдая,
Базар түсіп сабылдым.
Жас ботамнан айрылып,
Мен құдайға не қылдым?!
Мына жалған дүниеде
Көрер күнім болар ма?
Мен ботамды сағындым!
Неше күндей жол бастым,
Көзімнен жасым ағызып,
Емшектің сүтін тамызып,
Өлгенде көрген ботамды
Емізбедім жағызып!
[Боташымнан айырылып,
Ішім оттай күйеді.
Жүйкем босап сағынып,
Тұла бойым иеді.]
Бағыланбайдың алдында,
Тұра алмадым құдая,
Келіндерге сауғызып.
Кеш болған соң кірекештер келіп бір жерге қонады. Бозінген арман, дерті ішіне толып, ауадағы ұшқан құстарға қарап, ботасын сұрап зарланғаны:
[Қалықтаған аспанда]
Ителгі менен сұңқарсың.
Ертеменен жем алсын,
Сәскеде барып ұшарсың!
Аспандап ұшып келдің бе?
Ел ішінде қайғырған,
Енесінен айрылған,
Қу кедейлер жәй қылған
Жетім бота көрдің бе?
«Қандай бота?» – дедің бе,
Мен құдайға не жаздым.
Аспанда ұшып айналған,
Түлкі көрсе, сайланған,
Иесі алып байланған,
Қара ала баршын бүркітім,
Аспандап ұшып келдің бе?
Ел ішінде боздаған,
Ішкі дертін қозғаған,
Кедейлер сатып тоймаған,
Еркіменен қоймаған
Жетім бота көрдің бе?
«Қандай бота?» – дедің бе.
[Шарықтаған күшеген,]
Аспанды кезген жорысын,
Тамам құстың зорысың.
Бес тырнақтың зарпынан,
Тамам құстың қорысың.
Жөндеп ұшып келдің бе?
Ел ішінде боздаған,
Ішкі дертін қозғаған
Жетім бота көрдің бе?
Қандай бота дедің бе?
Аспандап ұшқан ақсарсың,
Бір күндерде мыңды іліп,
Алақан қысып тастарсың.
Сен де сорлы құс төрем,
Балаң үшін қақсарсың,
Аспандап ұшып келдің бе?
Ел ішінде қайғырған,
Енесінен айрылған
Жетім бота көрдің бе?
Күндіз ұшпай, түнде ұшқан,
Көбелекпенен бірге ұшқан
Көзі қызыл үкісің.
Түндерде ұшып келдің бе?
Енесінен айырылған,
[Аққудай мойны қайырылған.
Күндіз-түні зарлап боздаған,
Көзінен жасы парлаған]
Жетім бота көрдің бе?
Қандай бота дедің бе?
[Омырауы жасқа малынып,
Көрінген құсқа жалынып.
Ботасына зар күйін,
Қайнаған күште бар күйін
Жеткіз деп жылап тапсырды
Кемпір мен шалдың үйіне.
Ұшқан құс таяды,
Мойындары иіле.
Тау мен тас та күңіренді
Бозінгеннің күйіне.]
Сөйтіп зарлап көрінген құстан сұрай беріпті. Ешбіреуінен жауап ала алмапты. Содан кейін бозінген қайғыланып, ботам өлген екен, Алладан хүкім келген екен, аманат басын берген екен деп айтқаны:
– Мен – ботамнан айрылған,
[Қарайлап мойыны қайырылған.
Сағынып, зарлап егілген,
Көзінен жасы төгілген,]
Күнә қылмас айуан,
Не жазығым бар еді,
Жаратқан Жаппар Құдайым?!
[Екі көзді сел алып,
Жылай-жылай шел алып,
Тәңірден тілеп зарласам,
Тілегімді берер ме,
Ботақаным келер ме?!
Зарланғаным тәңірдің,
Құлағына жетер ме?
Не жазығым бар еді,
Жаратқан тәңір иеме.]
Керуеннің қолынан
Бозінген қайтып келе ме?
Тілегімді бере ме?
Не жазығым бар еді?
Жаратқан жаппар иеме?!
Ботақаным келер ме? – деп, боздап кете береді.
Керуеншілер бір жерге малдарын тынықтырып, тойындырмаққа тоқтап, бес-алты күн еру болып жатады.
Сол кезде Бағланбайдың екі ұлы бар еді. Ойсын, Ойсыл деген. Қалаға мал айдап апарып сатып, жолда қайтып келе жатып, боздаған Бозінгеннің дауысын естіп, таниды. Сонда бұлар: «Бұл қайдан жүр? Әлде керуенге еріп кетті ме? Әлде боталап, бошалап жүрме іздеп табайық» – деп, екеуі жорғаларына мініп алып іздеп кетті. Қоржын нәрселерін жолдастарына тапсырып, жолмен жүре беріңдер дейді. Бұлар іздеп жүріп отырып, жолда неше қалың малдарды аралап таба алмай, ертеңінде келіп керуендерден табады. «Түйені ұстап алып, жүре берейік», – деп ойлайды да: «Қой, мұнымыз ұят болар! Жайын сұрайық», – деп керуендерге келіп сұрайды.
– Ассалаумағалайкүм,
Қонып жатқан керуендер!
Алтын, күміс артынып,
Жалғаншы адам құнекер,
Ай түбіне бардыңыз,
Айға сұрау салдыңыз.
Бағланбайдың Бозінгенін
Қайдан сатып алдыңыз?
Алтын, күміс артты екен,
Ай қызарып батты екен,
Бағланбайдың інгенін
Қандай адам сатты екен?
Ай, жарықтық, Бозінген,
Қандай бота тапты екен?
Шешесінен айрылып,
[Адасқан қудай қайырылып,
Ботақаны ыңырсып,]
Қайтып тірі жатты екен?
Бағланбай деген бай еді,
Төрт түлікке сай еді.
Байдың жақсы көретін
Бозінгені бар еді,
Бір ботаға зар еді.
Оймалы, шайы кілемді,
Оңдап, солдап жапсырған,
Жібектен бұйда тақтырған,
Жітірме қазық қақтырған,
Бозінген бота табар деп,
Ырым қылып бақтырған.
Бағланбайдың інгенін
Қандай адам саттырған?
Аттың басын бұрам ба,
Кешке дейін тұрам ба?
Мінген атым қарагер,
Ертерек бізге жауап бер!
Сөзімді қабыл алыңыз,
Бұл сөзіме наныңыз.
Артынан хабар алайын,
Жеті күн тоқтап беріңіз!
Атқа мініп шабайын,
Сатқынды іздеп табайын,
Пұлыңды алып берейік,
Інгенді алып қалайық, – дейді.
– Онда керуен басы айтады «Біз талай үлкен қалаларға бардық. Қайтуға жақындағанда бір қалада біреу әкеп сатты. Алпыс ділда беріп сатып алдық. Ондай ботасы болатын болса, обалына қалмайық, он күн тоқтап тұрамыз. Пұлын әкеп беріп, алып қалыңыз. Он күннен кешіксеңіз, кетіп қаламыз. Онда қалғаныңыз, – дейді.
Екі мырза жүріп отырып, бес күнде кемпір-шалдың үйіне келеді. Мырзалардың келе жатқанын көріп, кемпір-шал жасырынып қалады.
Мырзалардың ауылға келіп айтқаны:
– Мінген атым қарагер,
Келген жерім талай жер.
Бозінгенді сұраймыз,
Кемпір-шал, шығып жауап бер!
Әуеден ұшқан сары екен,
Анаға бала зар ма екен.
Кемпір-шал, шығып жауап бер!
Бағыланбайдың боз інген,
Аман-есен бар ма екен!
Кемпір-шал шықпайды. Екі кішкене қыз бала шығып, мырзаларға берген жауабы:
– Адыра шыққан бадал ма?
Мал-жаныңыз аман ба?
Сіздер сұрап тұрғанда,
Айтып тұрған заман ба?
Айналайын мырзалар,
Тәңірі қылса хал қанша.
Байға Қыдыр дарып тұр,
Бозінгені қайып тұр.
Ай төбеден толыпты,
Жыл мүшелі болыпты,
Боталар уағы жетіпті,
Бозінгені құрысын,
Боталап қашып кетіпті!
Екі қыз қалды амалды,
Кемпір-шалдан хабар жоқ,
Әлі күнге таба алмай,
Кемпір-шалды барма екен,
Тірі көрер заман ай?!
Екі мырза ойлайды: «Ешкім сатқан емес екен, өзі боталап қашып кеткен екен, керуендер бізді алдаған екен. Енді біз барғанша керуендер көшіп кетеді. Біз бара алмайтын болдық!» – деп қапаланып тұрады. Сол уақытта Бозінгеннің ботасы емізік еметін уақыты болып, боздайды. Ботаның дауысын есітіп, екі қызға мырзалардың айтқаны:
– Жалмаңдаған сары қар,
Жалынға күйген қара қар.
Енесінен айырып,
Жас ботаны қылдың зар!
Екі жерде зарлатып,
Кемпір мен шалдың пейілі тар.
Ыңырсыған үйінде
Жас ботаның үні бар.
Тау менен тас күңіренді,
Боз інгеннің күйіне,
Жаратқан Жаппар құдая,
Енесінен айрылған,
Жетім бота тірі ме?!
Мұны естіп, кемпір-шал өздері шығып, мырзаларға жалынып: «Күнәмді кешкін!» – дейді. Мырзалар кемпір-шалдың күнәсін кешеді.
Алпыс ділдәні алып, күн-түн қатып, сыдыртып барса, керуендер түстен кейін көшуге қамданып жатыр екен. Ділдәсін беріп, түйені алып, келе жатқанда: «Ботам өлі ме? Тірі ме?» – деп, Бозінгеннің зарлағаны:
– Құдайым берді тілегім,
Қуанып келеді жүрегім!
Мен ботамнан айрылып,
Еңіреп, боздап келемін.
Аман-есен бар ма екен?!
Ботамды көріп, құдая,
Жарылар ма екен жүрегім?
Жолға түсіп желемін.
Керуеннің қолынан
Аман қайтып келемін.
Өлерде көрген ботамды
Қайткенде тірі көремін?!
Керуені құрысын,
Ауыр жүкті көп артып,
Жауыр қылды арқамды-ай,
Қуанғаннан құдай-ай,
Келемін зарлап шыдамай.
Тірі көрер күн бар ма,
Боташымды, қалқамды-ай?!
Түзелді құдай жүрісім,
Ойымнан кетті керісім,
Шындап құдай жаратсаң,
Көрсетпе ботам терісін!
Қоқтыға біткен шайыр-ды,
Қойшылар қойын қайырды.
Өлерде көрген ботамнан,
[Аямас қулар айырды.
Боташымнан айырылып,
Артыма жылап қайырылып,
Жат қолында қаңғырдым,
Еңіреген зар күйіме
Жер менен көк жаңғырды.
Сүймеген тәңір залымды,
Есітті мұңлы зарымды.]
Қу кедейлер айырды!
Кедейлер білген байырды,
Мен ботамнан айрылып,
Бір құдай білді зарымды.
деп түйе бұрқырап-боздап күндік жерге келеді. Ботаның қарасын көргенде, тұла бойы еріп, түйенің бақылдап боздап арман қылып айтқаны:
[Аман көріп ботамды,
Емізер күнім бар ма екен?]
Жар жағалай жүгіріп,
Тал бүршігін сыдырып,
Жегізер күнім бар ма екен?
Аман көріп ботамды,
Емізер күнім бар ма екен?
Айналайын жан ботам,
Немене болып қалды екен!
Кекіре біткен көк ойға,
Көлбетер күнім болар ма?
Сарымсақты сары ойға,
Ойнатар күнім болар ма?
Айналайын жан ботам,
Немене болып қалды екен.
Сайға шыққан сарымсақ
Жегізер күнім барма екен?!
Бауырымдағы қара емшек
Емізер күнім болар ма?
Айналайын жан ботам,
Немене болып қалды екен.
Көнге біткен көк шалғын
Жегізер күнім барма екен?!
Көнектей толған қара емшек
Емізер күнім бар ма екен?
Айналайын жан ботам
Немене болып қалды екен?!
Жібектен бұйда мұрнымда
Шұбылтар күнім болар ма?
Бағланбайдың Бозінгені
Алтын бота тапты деп,
Қуантар күнім бар ма екен?
Жібектен бұйда мұрнымда
Түйілтер күнім бар ма екен?
Бағланбайдың інгені
Күміс бота тапты деп,
Сүйінтер күнім бар ма екен?
[Серке беріп көкпарға]
Көкбарыға нар беріп,
Елі-жұртын аулына,
Жылытар күнің бар ма екен?!
Ей құдая жан ботам,
Немене болып қалды екен?!
Мен ботамды ерітіп,
Тел қозыдай телшітіп,
Бағланбайдың аулына
Барар күнім бар ма екен!
Айналайын боташым,
Немене болып қалды екен,
Түйе аунаған шаңдаққа
Аунатар күнім бар ма екен!
Түйе ішінде секіріп,
Ойнатар күнім бар ма екен!
Ұйықтап жатқан жерінде,
Қабырғадан тістелеп,
Қақ төсінен иіскелеп,
Оятар күнім бар ма екен!? –
деп боздаған Бозінген ботасына келіп қосылып, мауқын басады. Бай түйесі менен ботасын алып қуанады. Елі-жұртын жинап той қылып мұратына жетеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter