Өлеңдер ✍️

  24.05.2021
  307


Автор: Жанат Әскербекқызы

Аид патшалығындағы әпсана

Асфодел өсетін мұңдана


Ол жаққа бармайды Күн ғана,


Көлеңке сырғиды үн-түнсіз


Ақыл мен жадынан мүлде ада.


 


Асфодел...


Қан-сөлсіз желегі,


Көлеңке көлбеп кеп төнеді.


Бір кезгі ахейлік қаһарман


Бұл гүлге күбірлеп не деді?!


 


Құрдымның суы ағар шымырлап,


Жарықты әкеткен кім ұрлап?!


Санада жалт еткен бір елес


Түнектің түбіне тығылмақ...


 


Не деді Көлеңке?!


Жұмбақ бұл,


Желегі боз гүлдің құрғап тұр.


Жарықсыз, жылусыз мекенде


Жұмбақты жасырған ұрлап бір...


 


Бақилық сұлбамен мұңы бір –


Тамұқтың сұп-суық гүлі бұл!


...Ахейдің жадында жаңғырып


Қаһарман арудың** үні жүр.


 


(Қас сұлу...


Қас батыр...


Қан майдан...


Батырға сес қылған қандай жан?!


Жүрекке найза кеп кіргенде


Бұл жалған кетті аунап маңдайдан...


 


Троя түбі еді... Кешқұрым.


Күп-күрең күймемен көшті күн.


Сыңғырлап «қош» деген нәзік үн,


Төгіліп түскен-ді қос бұрым...


 


Өлтіріп алғандай арманды,


Қас батыр есінен танған-ды...


Найзасын қақ бөліп...


Жер құшып,


Алғаш... һәм соңғы рет зарланды...)


 


...Күн түспес сұрықсыз бұл әлем,


Асфодел қалтырап тұр әрең.


Желегін аялар Көлеңке


Дегендей


«Алдыңда күнәлі ем».


 


Гүл менен Көлеңке – бетпе-бет...


Болмайды енді айқас... жекпе-жек.


Құрдымның суына кетті ағып,


Бейкүнә бір сезім... өкпелеп.


 


***


Өмірзая –


бір-ақ сәтке жалт етер,


Ай қалады арманын да айта алмай.


Аспандағы жұлдызға да бар қатер,


Сөніп кетер өкініші байқалмай...


 


Айтары көп алқаракөк түнгі әлем,


Жанарыма кіріп кетті еріксіз.


Аспан жақтан жұлдыз іздеп тұрған ем –


Алаң көңіл етпеңізші келіп Сіз...


 


Өмірзая...


Тағдырымыз бір біздің,


Айырмамыз:


Сен – көктесің,


Мен – жерде.


Жанып-сөнер сәтін аңдып жұлдыздың,


Аңсары ауған жердегі өмір шерменде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу