Өлеңдер ✍️

  23.05.2021
  170


Автор: Аймақ Әбілда

Жыршы боп тегім де оңбады!

Дей көрме әке: «Жыршы боп тегім де оңбады!»
Ақындық маған шынында, тегін қонбады.
Амандассам оң қолын бермеген таныс
Жырымды оқып ойланар Темірландағы.

Қуаныштан кей-кейде тасып, толғанымды,
Тірлігімде бір қызға ғашық болғанымды.
Айтар ма екен ағайын шенеуніктерден
«Батыр атаға» сан рет қашып барғанымды.

Мен де өлермін бір күні суынып қаным,
Кірермін жерге – мәңгі үйім жуылып тәнім.
Шаһризада мен жайлы ертегі айтар,
Шаһзаданың алдында қуырып жанын.

Қырық қадам да кеткен соң тірілер менен,
Қызығынан жалғанның түңілер денем.
Үйренер ақын көрге де амалы қалмай,
Бұл дүниеде ешкімнің тіліне ермеген.

Бұйырса сонда ұрпақтың дұғасын еміп,
Жатармын көрде жаза алмай құлашым керіп.
Ғазалдарыма ғашықтар әуенін қосып,
Бәйітін оқып молама жыласын келіп.

Арысым ағар сабырлы кейіппен ғана,
Тұншығар өсек мен жайлы көйіткен бала.
Мүңкір-Нәңкірдің тоқпағы естіліп жатар,
Басылмаған ыстығы бейіттен жаңа.

Не кінә бар жүректе, тіріге сендім,
Кей кезде кештім амалсыз күнін есердің.
Жаңылмас па екем алдында Мүңкір-Нәңкірдің
Қайталап айтып сөздерін Ұлы көсемнің.

Кәлимаға күрмеліп тілім де келмей,
Хордың қызы, жұмақ па — бірін де көрмей,
Қабылдамай тозақ та дүбәра жанды,
Сандалар пенде табылмас түбінде мендей.

Молда емес те ем жұмылған жанары кілең,
Еркін жайлаған қайғысыз даланы гүл ем.
Қу жаным менің кезгенмен Алланың алдын,
Бұл дүниеде рухым қалады білем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу