Өлеңдер ✍️

  20.05.2021
  177


Автор: Роза Сейілхан

***

Мен келемін,
Әйтеуір жүріп келем.
Күдікпенен, өлмейтін үмітпенен.
Қол ұстасқан қыздың да жігітпенен
Бір ғаламат назы бар біліп келем.
Өлгем бе екем,
Әлде бұл өлі денем
Өлі адамға не дейсіз соныменен?
Махаббатқа ұқсастау бір сезіммен
Көзім жұмсам болғаны сені көрем.
Күлуге де болады бұл ісіме,
Түсіп кетіп шықпай жүр мұң ішіме.
Сен рас, түкті білмейсің, білмеген соң,
Оның саған өлісі, тірісі не.
Күз тонауда бар талдың жапырағын,
Бұл мезгілде шырқайды ақын әнін.
Сен мен үшін елессің, өзіңсіз-ақ,
Таңды атырып, күнімді батырамын.
Аянышты бәрі де дүниенің,
Бірде күйіп, ал бірде сүйінемін.
Бақытымды сол тауып беретіндей,
Бауырымның сақасын иіремін.
Үзіп, жұлып жанымның жапырағын,
Кірпік ілмей таңымды атырамын.
Тіл тигізсем ей, өмір, кешір мені,
Ақын деген мен болам ақымағың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу