Өлеңдер ✍️

  20.05.2021
  189


Автор: Роза Сейілхан

Күлкі

Таба алмай жүрмін күлкімді,
Жауын ғып көңіл бұлтымды.
Ішін бермейтін біреулер,
Ашпақ боп кілтсіз құлпымды.
Ұлпасын үрлеп арымның,
Шоғыңа, тағдыр, қарылдым.
Жарасын жазар бауырдың,
Шүберек болып таңылдым.
Тапқаным қане, алғаным,
Алданған үміт, арманым.
Артып-ақ кетер ме екенмін,
Тағдырдың ауыр салмағын.
Ақ қар да жауды соңы аяз,
Бұл шақтың өзі бояуы аз.
Үйсіздің терезесіне,
Атыңды қырау оя жаз.
Қанықпын сендік өнерге,
Тоңбаспын, тоңсам көрем де.
Әйнекке түскен жазуды,
Түсірем мен де өлеңге.
Шуағын күтем таңымның,
Іздеймін жоғын барымның.
Көз жасы қыздың тимесін,
Шыдайын, сабыр, сабыр мұң.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу